Асфальттағы ақауларды енді арнайы құрылғыларсыз-ақ анықтауға болады. Германияның Фраунгофер зерттеу институтының ғалымдары асфальттың астына төселетін ерекше «ақылды мата» жасап шығарды.
Бұл жаңалық жолдың жағдайын үздіксіз бақылауға мүмкіндік береді. Бұрын жол сапасын тексеру үшін үлкен аумақты қазып, арнайы техниканы қолдану қажет еді. Ал жаңа жүйе асфальттың өзінен ақпарат алуға негізделген. «Ақылды мата» зығыр талшығынан тоқылып, оның арасына өткізгіш сенсор сымдары енгізілген. Асфальт төселген кезде мата жолдың төменгі қабатына салынады. Егер жол бұзылса, матадағы сымдардың кедергісі өзгереді. Бұл өзгерісті сыртқы бақылау құрылғысы тіркеп, жолдың нақты қай бөлігінде зақым барын көрсетеді. Қазір технология Германия жолдарында сынақтан өтіп жатыр.