• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Саясат Бүгін, 07:50

Дайындық барысы пысықталды

10 рет
көрсетілді

Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Ресей Федерациясының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Алексей Бородавкинмен кездесті.

Тараптар қарашаның бірінші онкүндігінде Орал қаласында Қазақстан мен Ресейдің XXI Өңіраралық ынтымақтастық форумы қарсаңында өткізілетін Ынтымақтастық жөніндегі үкімет­аралық комиссияның 26-оты­рысына дайындықты талқы­лады. Алдағы форумның тақы­рыбы – «Жұмысшы мамандығы – экономикалық өсудің драйвері».

Отырыстың және форумның шеңберінде өзара іс-қимылдағы басым бағыттар – сауда-экономи­калық ынтымақтастық, өнеркәсіп, энергетика, көлік және логистика, сондай-ақ басқа да салаларды қамтитын екіжақты келісімдер пакетіне қол қойылады деп жоспарланып отыр. Кездесуге қатысушылар өзара тауар айналымын арттыру мәселесіне ерекше назар аударды. Ресей еліміздің ірі сауда және инвестициялық әріптесінің бірі болып қала береді.

2024 жылғы қорытынды бо­йынша екі ел арасындағы тауар айналымы 27,8 млрд доллардан асып, өткен жылмен салыс­тырғанда 3%-ға өсті. Биылғы жылғы жеті айдағы көрсеткіш – 14,4 млрд доллар. Бұл 2024 жыл­ғы сәйкес кезеңнен 7,2%-ға төмен. Осыған байланысты тараптар өз­ара сауданы тұрақтандыру және одан әрі арттыру шараларын талқылады.

Екі ел шекарасындағы көлік логистикасы, оның ішінде кептеліс мәселесі де қаралды. Екі тарап та туындаған қиындықты бірлесіп әрі жедел реттеуге да­йын екендерін жеткізді. Сонымен қатар шекарадағы мәселелер Көлік вице-министрі Мақсат Қалиақпаров пен Ресей Көлік министрінің бірінші орынбасары Валентин Ивановтың қатысуы­мен өткен көшпелі кеңесте де сөз болды. Тараптар автомобиль өткізу бекеттерін жаңғырту жөніндегі бірлескен жоспарларды күшейтуді, сондай-ақ жобаларды іске асыру мерзімін 2030–2032 жылдардан 2026–2027 жылдарға ауыстырып, жеделдету мәселесін талқылады. Бұдан бөлек, автожол жобалары мен Ресейге шығатын халықаралық көлік дәліздерін дамытуға, соның ішінде еліміздің транзиттік әлеуетін арттыру және сыртқы экономикалық байланыстарды кеңейту тұрғысынан стратегиялық маңызы бар «Солтүстік – Оңтүстік» бағытына ерекше назар аударылды.

Кеңес барысында халықара­лық автомобиль тасымалдары, жүк айналымы және жүргізу­шісіз көлік құралдары мәселе­лері де қаралды. Жекелеген өткізу бекеттеріндегі қазіргі жағдай тал­қыланып, Ресей тарапы­нан бұл мәселе құзыретті органдардың ерекше бақылауында екенін хабарлады. Тиісті ведомстволар арасындағы өзара іс-қимыл жұмыс тәртібінде әрі сындарлы түрде жалғасып жатқаны айтылды.