• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
ЖОЛДАУ Бүгін, 08:45

Транзиттік бағыттарды әртараптандыру – уақыт талабы

20 рет
көрсетілді

Қазіргі геосаяси жағдайда елдегі транзиттік бағыттарды әртараптандыру шарасы аса маңызды болып отыр. Мемлекет басшысы Жолдауда осы мәселеге айрықша көңіл бөліп, еліміздің транзиттік әлеуетін арттыруға әлі де зор мүмкіндік бар деп мәлімдеді. Айтуынша, былтыр ел аумағы арқылы жүк тасымалдау көлемі 1 млрд тоннадан асқан. Әрине, мұндай жоғары жүктеме жағдайында жаңа бағыттарды ашудың да қажеттілігі арта түседі.

«Сондай-ақ біз үшін Транскас­пий көлік бағытын дамытудың маңызы арта бастады. Бұл бағыт­тардың бәрі біртұтас жүйе сияқты жұмыс істеп, елімізге едәуір табыс әкелуі керек. Сондай-ақ инфра­құрылымды жақсартуға жаңа инвес­ти­ция тарту қажет, сапалы жұ­мыс орындарын ашуға ықпал етуге тиіс. Осы орайда цифр­лық тә­сіл­дерді ауқымды түрде қол­­дан­ған абзал. Онсыз ешқан­дай тиім­ділік болмайды», деді Президент.

Кейінгі жылдары Үкімет көлік инфрақұрылымын дамытуға баса мән берді. Ақтау мен Құрық портының жаң­ғыр­тылуы, Қорғас құрғақ порты­ның ашылуы сынды жоба транзиттік тасымал тиімділігін еселеп арттырды. Бүгінде теміржол логистика­сын цифр­ландыру мен мульти­модальды тасымалды дамытудың арқа­сын­да Қытай мен Еуропа арасын­дағы жүктің Қазақстан аумағы арқылы кедергісіз қозға­лысы мүмкін болды. Бұл бағыт­та Қорғас, Достық, Сарыағаш бекеттерінің өткізу мүмкіндігін арттыру негізгі басымдыққа ие.

Президенттің айтуынша, түпкі мақсат – темір және автокөлік жолдарының, сондай-ақ авиация мен логистика орталықтарының біртұтас желісін құру.

«Бұл Қазақстанның Еуразиялық транзит хабы ретіндегі ұстанымын нығайтады. Қазір Азия мен Еуропа арасындағы құрлық арқылы тасымалданатын жүктің 85 пайызға жуығы Қазақстан арқылы өтеді. Сондықтан цифрландыруға инвестиция құйып жатырмыз. Астана қаласында Alem.AI жасанды интеллект орталығы құрылды. Жуырда суперкомпьютер іске қосылды. Ғылыми ынтымақтастыққа әрдайым ашықпыз. Серіктестерді қатарға қосылуға шақырамыз», деді Мемлекет басшысы.

Расында электрондық құжат айналымы, көлік мониторингі, GPS және блок­чейн технологиясы транзит­тік үдерістердің айқындығы мен жыл­дамдығын қамтамасыз етті. Қытайдан Еуропаға Қазақстан арқылы өтетін жүк пойыздарының жол уақыты теңіз жолына қарағанда 2,5 есе қысқарды (12-14 күн).

«Қазақстан Еуропа мен Азияның ірі экономикалық орталықтары арасындағы дәнекер қызметін атқаратын бірегей географиялық жағдайға ие. Бұл елді трансконтиненттік логистикалық тізбектердің маңызды элементіне айналдырады. Кейінгі жылдары Қазақстан өзінің көлік инфрақұрылымын, оның қатарында темір жолдарды, автомобиль жолдарын, порттар мен логистикалық орталықтарды дамытуда айтарлықтай ілгерілеушілік көрсетті. Бұл логистиканың жақсарып, транзиттік тасымалдың артуына тікелей әсер етеді. Сөйтіп, осынау логистикалық серпіліс Қазақстанды транзиттік тасымалдың жаһандық орталығының біріне айналдыруы ғажап емес», дейді RDL тобының бас директоры Роман Дедков.

Дегенмен бірқатар кедергі де бар. Шекарадағы өткізу мүмкіндігінің шектеу­лілігі, тарифтік үйлестірудің әлсіздігі, Ресейге қарсы санкциялар мен геосаяси тұрақсыздық транзиттік бағыттардың қайта қаралуына себеп болып отыр. Десек те, еліміз үшін ТХКБ бағыты санкциялық тәуекелдерден ада әрі Каспий аймағы арқылы Еуропамен байланыс орнатудың тиімді жолы болып отыр. Солай бола тұра, бұл бағыттың толық қуатын ашу үшін инфрақұрылымдық үйлестіру мен саяси қолдау қажет.

«Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Талғат Алдыбергеновтің айтуынша, әлем­­дік деңгейдегі инновацияның көш­бас­­шыларымен бірлесіп, теміржол көлі­­гінің сапасын жақсарту мен қауіп­­сіз­­­дігін қамтамасыз ету жұмыстары қолға алын­ған. Нәтижесінде, Транскаспий ха­лық­ара­лық көлік дәлізін­дегі транзит­­тік дек­ларацияны рәсім­деу уақыты 8 са­ғат­­тан 30 ми­нут­қа дейін қысқарып­ты. Ал Көлік ми­нистрі Нұрлан Сауран­­баев 2029 жылға қарай Қазақстан арқы­лы өте­тін транзит­тің көлемін 100 млн  тоннаға дейін ұлғайту жоспарланып отырғанын айтты. Ол үшін қазір көлік саласында ірі инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асырылып жатыр. 1 300 шақырымнан астам жаңа теміржол желісінің, 12 мың шақырым автомобиль жолы мен 3 жаңа әуежайдың құрылысы жүргізіліп, заманауи логистикалық орталықтарды дамыту іске асырылып жатыр.

Бүгінде «Транскаспий халықаралық көлік бағдары» маршрутының өткізу мүмкіндігін арттыру шарасында бірқыдыру жұмыс атқарылып жатыр. Мәселен, дәліздің өткізу мүмкіндігін арттыру үшін былтыр ақпанда Сиань қаласының Құрғақ портында «Қазақстан – Қытай» терминалы пайдалануға берілсе, «Баку – Тбилиси – Карс» теміржол желісін жаңғырту аяқталды. Бұл контейнерлерді өткізу тиімділігіне әжептәуір әсер етті. Ақтау теңіз портында теңіз түбін тереңдету жұмыстарын жүргізу мен айлақтарды қайта жаңарту жоспарланып жатыр.

«Теңіз айлағының тиімділігі мен өт­кізу мүмкіндігіне ауа райы жағдайлары кедергі келтіреді. Ол үшін арнайы STS-крандарды, сондай-ақ «Ақтау порты – Баку порты» теңіз желісіне неғұрлым кең контейнерлік кемелерді сатып алу мен орналастыру жоспарланды. Олар қатты дауыл, жел жағдайында пайда­лануға бейімделген», дейді «Транскаспий халықаралық көлік бағдары» ха­лықаралық қауымдастығы бас хатшысы міндетін атқарушы Нұргүл Жақыпова.

Еуразияның кіндік тұсында орна­лас­қан елімізде 11 халықаралық транзиттік дәліз бар. Былтыр 12 мың шақырым автожол жөндеуден өтсе, соның 7 мыңында жұмыс аяқталды. Бұл бағыттағы ірі жобалар – «Қарағанды – Алматы», «Талдықорған – Өскемен», «Ақтөбе – Қандыағаш», «Бұқтырма көпірі, Шамалғандағы жол айрығы мен Түркістан өңіріндегі тунель. Биыл жөндеу жұмысы 13 мың шақырым жолды қамтиды.

Көлік министрлігі Автожол комитеті төрағасының орынбасары Жамбыл Бақтиярдың айтуынша, отандық және шетелдік жүк тасымалдаушы компания­лар жол сапасын, сервистік инфра­құрылымды (автотұрақтар, демалыс орындары, жанармай құю бекеттері), қауіп­сіздік шаралары мен навигация мүм­кіндіктерін ерекше бағалап отыр. Бұл факторлар халықаралық көлік дәліз­деріндегі еліміздің тартымдылығын арт­тырып, елді Еуразиялық транзит ор­талығы ретінде дамытуға үлес қосады.

«Транзиттік қозғалысты оңтайлан­ды­ру мен бағыттарды қысқарту мақ­са­тында жаңа жолдар салу жұмысы жал­ғасады. Соның қатарында Мемлекет бас­шысының тапсырмасы аясында жү­зеге асырылып жатқан «Орталық – Ба­тыс» жобасы ерекше маңызға ие. Бұл жоба «Астана – Жантеке – Арқа­лық – Торғай – Ырғыз» бағыттарын қам­тиды және оның техникалық-эко­номикалық негіздемесі әзірленіп жатыр. Бұл бағыт елдің орталығын батыс өңір­лермен байланыстырып, жүк тасы­малын едәуір қысқартады, сондай-ақ кө­лік ағынын қазіргі дәліздерден бөліп, олардың жүктемесін азайтады. Мұндай инфрақұрылымдық жаңар­ту­лар транзиттік ағынды арттырып қана қоймай, ел ішіндегі әлеуметтік-эко­но­микалық дамуға да серпін береді», деді Жамбыл Бақтияр.