Жүсіпбектің жұмбағы
Жүсіпбек Аймауытұлының «Күнікейдің жазығы» повесін мектеп жасынан кейін қайыра бір парақтап отырып, таңғалғанбыз.
Автордың тілі, баяндауы нағыз қазақ ортасынан қайнап шыққан таза ұлттық кескіндерге жан бітіргендей әсер етеді. Әсіресе Жүсіпбек шығармаларын қайталап оқып тұрғанның кемдігі жоқ сияқты. Сол «Күнікейдің жазығындағы» бір диалогке кезінде өлгенше күліп, әдебиетке жақын бір ініме жібергенім де есімде. Әлгі тұсын іздеймін деп бертінде шығарманы қайыра бір сүзіп шықтым. Ал мына суреттеуді оқырманмен бөліспеске болмады:
«Бірталай қолы бос бозбалалар (қолы бос емесі де жоқ қой) Құлтуманың жаман үйіне лық толып, қалай болса солай ығы-жығы отырысып, шеттегі құданы қолға ала бастады. Әңгімелерінің түрі мынау сияқты еді.
– Пай-пай, пай! Өзі де саңғырап тұр екен.
– Аумаған күніне бақпастың адыры.
– Анау жотамен қоянды қуар ма еді?
– Үңгірін қайтесің?
– Ат-матыңмен сыйып кетпейсің бе?
– Өзін таза күбі қылса қайтер еді?
– Қыстыгүні суымыз тасымал болушы еді, деген біздің қолымыз екен...
– Неше шелек су сыяр екен?
– Шамалап айтайын ба? Шамалағанда, өзінің ызботы мол жатыр-ау: қырық шелегің жүк болмас.
– Мен де ойлап отыр едім, – шамаң шама-ақ екен.
– Уай өзі қобыз болса, қандай сөйлеп тұрар еді!
– Оған дегенбайдың өзі.
– Қағып көрсе қайтер еді өзін?
– Дәу де болса күңгірлеп тұрған шығар-ау, ұрымтал отырсың ғой, қақшы өзін! – дегенде, қужақ жігіт абайсыз отырған шеткі құданы тұмсыққа шертіп қалды.
Құда селк етіп, тұмсығына шап берді. Жұрт ду күлді.
Манадан бері сөз қылып отырғандары шеткі құданың мұрны еді. Мұрын болғанда тым рабайсыз, мұрын деуге келмейтін, қоңқиған, үңірейген бір тұмсық еді. Еріккен жігіттердің адырға, күбіге, қобызға теңейтін де жөні бар еді» деп аяқталады үзіндіміз.
Бұл – Күнікейдің қалың малын төлеп бітірген күйеуі келген күні дастарқан басындағы жастар жағының әңгімесі. Ерігіп отырған қулардың әңгіме қылғаны – бір адамның қопалдау біткен мұрыны ғана. Қайталап оқып көріңізші, жалғыз-ақ мұрынды жер бедерінің қаншама құбылысына ұқсатады. Әуелі адырға теңеді, оған жотаны қосты, жота болғанда атпен қоян қуарлықтай ұзыны. Танауының тесігін таудың үңгіріне келтірді, үңгір болғанда да аттылы адам сыярдай үлкені. Оны қойып тұрмыстық кейіпке ойысты. Онда да мұрын тесігін күбіге келтіріп, жетістірді. Және қырық шелек су сыятын күбінің зорына икемдеді. Ақыр аяғында танауының таңырайған тесігін қобыздың қос шанағына ұқсатып, қалай-қалай құбылтады автор.
Сылқым Сальвадор
Сюрреализмнің серісі саналатын Сальвадор Дали деген сұрапылыңыз сонда мұндай суреттерді Жүсекеңнен кейін салған болады. 1904 жылы туған оның картиналарына қарасаңыз, қиял шексіздігі тізгінін бір жимайды. Тақым қақсаң тыншымайтын бәйгі аттың жүрісі мен сәт сайын елеңдеп тұратын қос құлағындай тынымсыз ойларға жетелейтін Дали едірейген мұрты мен мұрынынан тал өсіріп, скрипка шығарып қояды немесе тура Жүсекеңнің жазғанындай бет-әлпетін мың құбылтып, әр құбылысқа жалғап салған суреттері ондап саналатын шығар. Айтқандай, өз әлпетін кер бұқаның кескінінен шығарып, мұрынын қанат біткен қызға (мүмкін періште) келтіріп, ақ көйлек киген әлгі қыздың қап-қара қос қанатын екі қасына айналдырып, қос жанарын қыз қолына шынжырлап ұстаған жасанды қарашық ретінде қойып, екі беті мен маңдайын аспанға ұластырып жіберген суреті бар Сальвадордың. Мұндай мың құбылған суреттер Жүсіпбек шығармаларында да жеткілікті ғой, біз жүзден бірін сөзіміздің мысалы етіп отырмыз. Менің ауылымның иті сенікінен бөрібасарлау дегендей, Жүсекең Сальвадордан да ұлы дегіміз келмейді, мәселе – бұл кісілердің жазғандары мен салған бейнелері дер кезінде жалғаспай, заман кесапатынан дәстүр үзіліп қалғандығында. Қазақ өнері мен санасының кенже қалуы, сөз өнерінен картинаға, картинадан киноға көшіп, өркениет өрісінен кешеуілдеуінің бір себебі ғана.
Ақанның алымы
Ақан Нұрмановтың «Құланның ажалы» романы – қазақ сөз өнерін өзгеше өріске бастаған келісті шығарма дер едік. Онда замананың зымиян қараулығынан бой тасалауға мәжбүр болған батыр түн ішінде бейітке түнемек боп кіргенде, алдынан Майлық атты ұры шыға келеді. Сондағы ұрының бет-жүзін жазушы былай сипаттайды: «Майлықтың бетін жасында шешек жеп, мұрнын да таңырайтып кеткен болатын. Табақтай жап-жалпақ бетінде сау-тамтық жоқ, саздауыт жердің мал басқан шоқалағындай шұңқыр-шұңқыр. Сол бетке ортан белінен арба басып кеткен тәрізді үш бұрышты танауды саздан илеп жапсыра салғандай. Балпанақтай иегіндегі шанжау-шанжау өскен сақал-мұрттың әр талы өзі өскен шұңқырының ыңғайымен әр жаққа шаншылап тұр. Қазір басын кегжитіп күлімсіреген әлпетінде сықсиған көзі онан сайын жұмылып, танауының тесігі онан сайын саңырайып, қатар қазылған зорман ініне ұқсатып әкеткен», деп көрсетеді.
Үш классиктің үш мұрынды бейнелеуі, кейіптеп-кескіндеуі үш түрлі. Қайсысы ұнаса соны ала ғой емес, ойдан ой оздырып, қиялға жалғаған қолдардың шеберлігін айтқымыз келді. Қалғанын талғам таразысы шешеді.