• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Қоғам Бүгін, 08:10

Ажалдан арашалап алды

10 рет
көрсетілді

Кешеден бері моңғолиялық баспасөз құралдары ұшақта ауыр жүрек талмасына ұшыраған әйелді ажалдан құтқарып қалған дәрігер туралы жарыса жазып жатыр.

Әйелді ажал аузынан аман алып қалған адам – Моңғолияға еңбек сіңірген дәрігер, Мемлекеттік Ұлы құрал депутаты һәм Қоршаған орта, азық-түлік және ауыл шаруашылығы жөніндегі тұрақты комитет төрағасы Бейсен Бұланұлы екен.

Осы қазақ қайраткерімен ұшақта сапарлас болған тағы бір әріптесі, яғни Мемлекеттік Ұлы құрал депутаты Б.Мөнхбаясгалан «www.newsroom.mn» порталының әлеуметтік желідегі парақшасында жариялаған жазбасында: «Өткен сенбі күні Ыстанбұл қаласынан ұшып шығып, Ұлан-батырға беттеп келе жатқан «Turkish Airlines» әуе лайнерінің ішінде төтенше оқиға орын алды. Әуе кемесі Тәжікстан аспанында қалқып келе жатқан-тын. Жолаушылар бейғам. Бәз бірі ұйқыда. Кенет экипаж командирі, жолаушылардың бірінің денсаулығы күрт төмендегенін, есі кіресілі-шығасылы күйге түскенін, ұшақ ішінде дәрігер болса көмекке келуін өтініп, түрік және ағылшын тілінде жария түсірді. Сол сәтте әріптесім Бейсен дереу атып тұрып, іске кірісті. Бұл азамат экипаж мүшелерімен тап-таза түрік тілінде сөйлесіп, ұшақты Душанбеге қондырудың қажеті жоқ екенін, бұйырса ауруды ажал құштырмаймын деп нық сеніммен айтты және оны ажал аузынан алып қалды» деп жазыпты.

Жоғарыдағы жаңалықты естігеннен кейін кеше таңмен таласа Бейсен Бұланұлына хабарластық:

– Үкімет жұмысымен бір топ Ұлы құрал депутаттары Оңтүстік Африкаға барып, қайтарда Ыстанбұл арқылы ұшып келе жатыр едік, – дейді дәрігер бауырымыз. – Ұшақ командирі борт ішінде жолау­шы есінен танып қалды, деген соң жетіп бардым. Менің ұзақ жылғы дәрігерлік тәжірибем, өзіммен бірге медициналық құрал-жабдық, дәрі-дәрмек ала жүретін едім. Барып, өлшеп көрсем әйелдің қан қысымы 220-ға (жоғарғы шек) жетіпті. Жүрек соғысы минутына 6-7 рет үзіліп соғып тұр. Бет-әлпеті көгеріп кеткен. Қысқасы, жағдайы күрделі. Дереу оттегімен қанымдап, қасымда алып жүрген қысым түсіретін, жүрек соғысын реттейтін дәріні беріп, қосымша дәрігерлік шаралар жасадым. Ұшақ ұшуын жалғастыра берді. Екі сағат дегенде науқас есін жиып, Ұлан-батыр әуежайына аман-есен табаны тиді...

Қысқасы, 40 жылдық тәжірибесі бар дәрігер осылай ұшақ ішінде ауырған адамды ажалдан арашалап қалды.

Соңғы жаңалықтар