• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Оқиға Бүгін, 00:50

Кәмелетке толмаған қызды зорлады деген күдікке ілінген қызметкер ауруханада қайтыс болды

10 рет
көрсетілді

Батыс Қазақстан облысындағы Шыңғырлау аудандық әкімдігінің қызметкері, кәмелетке толмаған қызға қатысты зорлық жасады деген күдікке ілінген ер адам Орал қаласындағы ауруханада көз жұмды. Бұл туралы өңірлік полиция департаменті хабарлады, деп жазады Egemen.kz. 

Полицияның мәліметінше, 11 наурыз күні қамауда болған күдікті денсаулығының күрт нашарлауына байланысты Орал қаласындағы облыстық көпсалалы аурухананың жансақтау бөліміне жатқызылған.

«Дәрігерлер оған бауырдың токсикалық зақымдануы, бауыр некрозы, инсулинге тәуелсіз қант диабеті және кетоацидоз диагнозын қойған. 16 наурыз күні сағат 18:10-да есін жимастан ер адам қайтыс болды», деп хабарлады полиция.

Оқиға бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Тергеу мүддесіне байланысты өзге мәліметтер жарияланбайды.

Айта кетейік, алғашқы мәлімет бойынша, полицияға жәбірленуші қыздың әкесі жүгінген. Оның айтуынша, 2 қаңтар күні ер адам оның кәмелетке толмаған қызын алдап үйіне шақырып, зорлаған.

Сол кезде БҚО полиция департаменті баспасөз қызметі бұл ақпаратты растап, аталған дерек бойынша ҚР ҚК 120-бабы «Кәмелетке толмағанды зорлау» бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлаған.

Кейін құқық қорғау органдары тергеу барысында хат алмасулар мен басқа да материалдарды зерттеп, кәмелетке толмағанға қатысты зорлық фактісі анықталмағанын мәлімдеді. Ал 16 жастағы қыз бен оның анасы күдіктіге ешқандай шағымдары жоқ екенін айтып, қарым-қатынас өзара келісіммен болғанын жеткізген.

Алматыда 13 жастағы қызды зорлады деген күдікті қамауға алынды

Алайда қыздың әкесі бұл ақпараттың шындыққа сәйкес келмейтінін мәлімдеді. Полицияда қылмыстық іс бойынша тергеу жалғасып жатқаны хабарланды. 27 ақпанда БҚО прокуратурасы күдіктінің ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалғанын мәлімдеген. Айта кетейік, күдікті Шыңғырлау ауданы әкімдігінің бөлімдерінің бірінде жұмыс істеген. Арыз түскеннен кейін ол қызметінен босатылған.

Соңғы жаңалықтар