• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Білім 10 Қыркүйек, 2025

Жас зияткерлер жеңісі

0 рет
көрсетілді

Болгарияның Шумен қаласында IX Еуропалық жасөспірімдер информатика олимпиадасы (EJOI-2025) өтті. Байқауға 24 елден 100-ден астам жас бағдарламашы қатысып, барлығы 52 медаль сарапқа салынды. Ұлттық құрама жоғары нәтиже көрсетіп, озат оқушыларымыз бір күміс, үш қола медальды олжалап қайтты. Ал Грекияда өткен халықаралық экономика олимпиадасында (EO-2025) астаналық оқушы алтыннан алқа тағып, абсолютті чемпион атанды.

Жасанды интеллектінің қарқыны күшейіп, цифрлық технологиялар күнделікті өмірімізге дендеп еніп жатқан уақытта бағдарламалау тілін ерте жастан меңгеру – заман талабы. Осы орайда мектептегі информатика пәнінің рөлі айрықша. Өйткені дәл осы пән оқушының алгоритмдік ойлау қабілетін қалыптастырып, цифрлық сауаттылығын арттырады. Бұған жуырда өткен халықаралық білім сайыстарындағы жетістіктеріміз нақты дәлел болмақ.

Болгарияның Шумен қаласында өткен Еуропалық информатика олимпиадасында ел намысын қорғаған төрт оқушының барлығы жеңіс тұғырынан көрінді. Атап айтқанда, Атырау облыстық «Білім-Инновация» лицейінің 9-сынып оқушысы Құрмет Әбілмансұр күміс медальға ие болса, Көкшетау қаласындағы «Білім-Инновация» лицейінің 9-сынып оқушысы Шаймерден Нұрәлі, Өскемен қаласындағы «Білім-Инновация» лицейінің 9-сынып оқушысы Саят Юсупов, сондай-ақ Көкшетау қаласындағы «Білім-Инновация» лицейінің 9-сынып оқушысы Мағжан Дінмұхаммед қола медальға қол жеткізді.

EJOI-2025 қорытындылары озат оқушыларымыздың жоғары дайындық деңгейін және отандық бағдарламалау мектебінің халықаралық аренадағы бәсекеге қабілеттілігін тағы бір мәрте дәлелдеді.

Команданың ғылыми жетекшілері – Қазақ-Британ техникалық университетінің ассистент-профессоры Әлімжан Аманов пен Республикалық және халықаралық олимпиадалардың жеңімпазы, спорттық бағдарламалау чемпионы Батыр Сардарбеков.Ал Астанадағы Назарбаев зияткерлік мектебінің 11-сынып оқушысы Батырхан Мұхтархан Грекияда өткен халықаралық экономика олимпиадасында (EO-2025) абсолютті чемпион атанды.

Бәсі биік бұл сайысқа әлемнің түкпір-түкпірінен іріктеліп өткен, «сен тұр, мен атайын деген» 100 мыңнан астам кіл мықтылар қатысты. Финалда 28 елден келген 128 үздік қатысушы бақ сынады. Олар экономика мен қаржы саласындағы ең күрделі теориялық және практикалық тапсырмаларды талдаудан бастап шешімдерді модельдеуге дейін орындады.Жалпы есепте біздің Батырхан бірінші орынды иеленіп, АҚШ, Канада, Қытай, Нидерланды, Польша, Чехия, Грекия және басқа да елдерден келген қарсыластарын шаң қаптырды.

Айта кетейік, Батырханның қоржынында бірқатар жетістіктер бар. Ол – Экономика және қаржы бойынша республикалық олимпиаданың қола жүлдегері, IEO-2024 (Гонконг) қола, IEO-2025 (Әзербайжан) алтын медаль иегері. Сондай-ақ EFI олимпиадасында жеңіске жетіп, EO-2025 жарысында абсолютті чемпион атанды.

«Мен үшін ең бастысы – жаңа нәрсені үйрену, күрделі тапсырмаларды шешу және өзімді дамыту. Өзін-өзі темірдей тәртіпке бағындыра алмаған талапкер жеңіс тұғырына талпынбай-ақ қоюына болады. Мен бұл олимпиадаға бірнеше жыл тынбай дайындалдым. Міне, бүгін сол еңбектің жемісін көріп отырмыз. Әрине, бұл жеңіспен тоқтап қалмай, алдағы уақытта ғылымға өз үлесімді қоссам деймін», дейді ол.

Батырхан Мұхтархан – жаңа буын зияткерлерінің өкілі. Оның жетістіктері тек жеке жеңіс қана емес, сонымен қатар еліміздің әлемдік білім аренасындағы беделін арттырды.