• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Сұхбат Бүгін, 08:35

Ұлттық жоба: Құрылысқа заманауи көзқарас

20 рет
көрсетілді

Мемлекет басшысының тапсырмасымен жүзеге асып жатқан «Келешек мектептері» жобасы – қала мен ауыл мектептері арасындағы алшақтықты жоюға бағытталған стратегиялық бастама. «Samruk-Kazyna Construction» АҚ басқарма төрағасының бірінші орынбасары Ғабит Малғаздаров жобаның ауқымы мен ерекшелігі туралы толығырақ айтып берді.

– Ұлттық жоба шеңберінде «Samruk-Kazyna Construction» акционерлік қоғамының негізгі атқаратын рөлі қандай?

– Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен қолға алынған бұл жоба аясында еліміздің барлық өңірінде 217 жаңа үлгідегі мектеп салынады. Оның ішінде 208 нысанның құрылысын бірыңғай оператор ретінде «Samruk-Kazyna Construction» АҚ жүзеге асырып отыр. Бұл компания тек тапсырыс беруші ғана емес, толық циклге, яғни жобалаудан бастап, құрылысты жүргізу мен зама­науи құрал-жабдықтармен толық жарақтандыруға дейінгі бүкіл үдеріске жауап береді.

2024 жылы бірыңғай дирекциямен жүзеге асырылған 104 мектеп қолданысқа тапсырылды. Бүгінде бұл көрсеткіш 172 мектепті құрап отыр. Енді 36 білім ошағы жыл соңына дейін халық игілігіне беріледі.

Мұндай механизм әлеу­меттің құрылыс саласында ал­ғаш рет қолданылып отыр және бұл тиімділігін көрсетті. Бір ор­талықтан басқарудың арқа­сын­да жобалау жұмыстары оңтай­ландырылып, шығындар қайта қа­ралып, қажетсіз тармақтар алы­нып тасталды. Соның нәтиже­сінде қазіргі таңда 156 миллиард теңгеден астам қаражат үнем­деліп, мемлекет қазынасына қай­тарылды. Бұл – халықтың игі­лігіне қайта жұмсалатын үлкен ресурс. Яғни «Samruk-Kazyna Construction» бірыңғай дирекциясы бұл жобаға тек құ­ры­лыс тұрғысынан ғана емес, эко­номикалық тиімділік тұрғысынан да үлкен серпін берді.

– Мектептерді уақытында тапсырып, сапаны бақылауға қандай тетік енгізілген?

– Бұл жоба еліміздің құрылыс саласында жаңа кезеңді ашты деу­ге болады. Ең алдымен, елімізде алғаш рет EPC-келісімшарттар жүйесі енгізілді. Оның ерекшелігі, бұрынғыдай жобалау бөлек, құрылыс бөлек жүргізілмейді. Бір компания барлық үдерісті, яғни жобалаудан бастап, толық жабдықталған дайын мектепті «кілтімен» тапсыруға дейін өз мойнына алады.

Жобаның тағы бір ірі жаңа­лығы – «e-Qurylys» цифрлық плат­формасы. Елімізде алғаш рет іргетастан бастап ғима­рат толық пайдалануға берілген­ге дейінгі барлық кезең электрон­дық жүйеде тіркеліп, ашық ба­қы­­­ланады. Орын­даған жұмыс­тардың акті­лері алғаш рет цифр­лық форматта бекітіліп жатыр. Әр мердігер компания фото мен есеп­терді жүйеге жүктеп отырады, ал құзырлы орган­дар, ав­тор­лық және техни­ка­лық қадаға­лау өкілдері құры­лыстың барысын онлайн көре алады. Бұл – ашықтықты қамтамасыз етіп қана қоймай, қаражаттың әр тиынын мақсатты жұмсауға мүмкіндік беретін тың шешім.

Сапаны бақылау да кешенді жүргізіліп жатыр. Әрбір нысанда тәулік бойы жұмыс істей­тін бейнебақылау камералары орна­тыл­ған. Сонымен қатар әр құрылыс учаскесіне үш тәуелсіз техникалық сарапшы бекітіліп, олар күн сайын жұмыстарды тек­се­ріп, апта сайын электрон­дық жүйеге есеп жүктейді. Мер­дігер­лерге қосымша талаптар қойыл­ды, олар құрылысқа бес жыл, жабдық­тарға үш жыл кепіл­дік береді. Егер қандай да бір ақау табылса, оны өз қаржысы есебінен жоюға міндетті.

Осы жоба аясында отандық құрылыс материалдары мен жабдықтар кеңінен қолданылып жатыр. Үкімет қаулысына сәйкес олардың үлесі 75-90%-ға жетеді. Мәселен, Қызылордадағы шыны зауытының өнімдері, Түркіс­тан­дағы травертин, Алматыдағы жел­­деткіш жабдықтары, сон­­дай-ақ барлық мектепке орна­тылған жиһаз – толықтай отандық өнім. Бұл қадам мектептерді зама­науи стандартпен салуға ғана емес, отандық өндірісті қолдауға да мүмкіндік берді.

– Бұл жоба ауыл мен қала мек­­тептері арасындағы алшақ­тықты азайтуға қалай ықпал етеді?

– «Келешек мектептері» жобасының ең басты миссия­сының бірі – қала мен ауыл ара­сын­дағы білім теңсіздігін жою. Ұлттық жоба аясында көзделген 217 мектептің 40%-ы ауылда бой көтеріп жатыр. Бастысы, жаңа мектептер елдің барлық өңірінде бірдей стандартпен салынуда. Яғни мегаполистегі бала да, шалғай ауылдағы оқушы да дәл сондай заманауи әрі қауіпсіз мектепке барады.

«Келешек мектептерінің» техникалық қамтамасыз ету дең­гейі қарапайым мектептерден 4 есе жоғары. Мемлекеттік мектептердің құрылысына бөлі­нетін қаражаттың шамамен 6%-ы ғана жабдықтарға жұмсалса, бұл жоба бойынша көрсеткіш 20%-ға жетті. Ғимараттардың жалпы аумағы да 20%-ға ұл­ғай­ған. Бұл сыныптар мен дәліз­дердің кеңеюіне, логопед пен педагог-психологке жеке бөл­мелер қарастыруға, сон­дай-ақ ерекше білім беруді қажет ететін балалар үшін қо­лай­лы орта жасауға мүмкіндік берді. Со­нымен бірге мектептің сыйым­дылығына қарай спорт залда­рының саны да көбейтілді. Атап айтсақ, шағын, 300 орындық мектепте – бір үлкен және бір шағын зал болса, 2000 орындық ірі мектепте – екі үлкен және екі шағын зал бар. Әрбір мектепте STEM-зертханалар, роботтехника кабинеттері, хореография залдары, оқушылар мен мұғалімдерге арналған коворкинг-аймақтар бар. Ең басты ерекшелік – мектепке дейінгі дайындық, бастауыш және жоғары сынып оқушылары бөлек-бөлек блоктарда оқиды. Олардың әрқайсысына мектепке кіретін есіктер, асхана және спорт залдары жеке қарастырылған. Күн ұзаққа ауыр сөмке көтермес үшін барлық оқушыға жеке шкафтар берілген.

 

Әңгімелескен –

Бекзат ҚҰЛШАР,

«Egemen Qazaqstan»