• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Форум Бүгін, 08:12

Білім саласындағы эндаумент қорының маңызы

10 рет
көрсетілді

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық универ­ситетінде V халықаралық эндаументтер форумы өтті. Бұл маңызды іс-ша­раға Қазақстан, АҚШ, Ресей, Қытай, Түркия және Польша елдерінің эндау­мент қорлары, университеттер, инвес­тициялық компаниялар мен бизнес қауымдастықтарының өкілдері жиналды.

Шараға ЕҰУ-дың стратегиялық даму және интернационалдандыру жөніндегі проректоры Думан Айтмағамбетов модераторлық етті.

Форумның негізгі бағыты – мақсатты қорларды дамыту стратегиясын, олардың танымал­дылығын арттыру және қолдауды талқылау, сондай-ақ эндаумент қорларының қазіргі әлемдегі маңызы мен рөлін анықтау.

Жиында әлемдік сарапшылар білім жүйесінің тұрақты дамуын қамтамасыз ету үшін эндаумент қорларының тиімді қызметін нығайту мен ілгерілету тәжірибелерімен бөлісті.

Іс-шарада алғашқы болып сөз алған Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті­нің ректоры Ерлан Сыдықов фо­рум­ға қатысушыларды елімізде мақ­сатты капитал қорлары мен эндаумент қорлары туралы заңның қабылдануымен құттықтады. Ал Ғылым және жоғары білім вице-министрі Гүлзат Көбенова елімізде қазіргі уақытта 22 эн­даумент қоры бар екенін, олар­дың 15-і білім саласында жұмыс істейтінін, капиталдық қоры орташа есеппен бір миллиард теңгеден төмен екенін жеткізді. Сондай-ақ 2029 жылға қарай эндаумент қорларының жалпы капитализациясын 50 миллиард теңгеге дейін жеткізу жоспарланғанын айтты.

Миннесота университетінің даму жөніндегі директоры Сью­зан Холтер стратегиялық қорды дамытуға арналған донорлық пирамида үлгісін таныстырып, донорлармен сенімді қарым-қатынас орнату жолын ұсын­ды. Потанин қайырымдылық қорының бас директоры Оксана Орачева Ресейдегі эндаумент­тер­ді дамыту тәжірибесімен бөлі­сіп, мемлекеттік қолдау мен танымал­дылықты арттыруға ерекше назар аударды.

Форум барысында Мичиган университетінің өкілі Джон Д.Бранч тұрақты университет өсу стратегиясын, Мәскеу мемле­кеттік халықаралық қатынас­тар институты (МГИМО) да­му қорының директоры Мари­на Петрова түлектер мен биз­нес қауымдастығын эн­дау­мент­ке тарту жолдарын, Назар­баев ­уни­верситетінің әлеумет­тік даму корпоративтік қорының басқар­ма төрағасы Саят Нүсі­пов эндау­мент қорларының әлем­дегі маңызы ­мен орнын баянда­ды. Сонымен қатар Познаньдағы Адам Мицкевич ­уни­верситеті­нің өкілдері, «Cheng­wei Capital Evergreen Fund» және «Berik and Bayan Kaniyev Scholarship» бағдарламасының директор­лары тәжірибелері мен ұсыныс­та­рын ортаға салды.

 

Азамат ҚҰСАЙЫН