5 қазан күні әлемнің 100-ден астам елінде ұстаздарға құрмет көрсетіліп, олардың кәсіби мерекесі аталып өтеді. Бұл ұстаздың барша адамзат үшін биік беделге ие екенін айқындайды.
Ағартушы Ыбырай Алтынсариннің «Маған жақсы мұғалім бәрінен де қымбат, өйткені мұғалім – мектептің жүрегі» деген сөзі мұғалімнің ел болашағының іргетасын қалаушы ретінде маңызды рөлін дәлелдей түседі. Біздің міндет – білімді, адал, жаһандық бәсекеге қабілетті, озық ойлы ұрпақ тәрбиелеу арқылы ел болашағының сенімді әрі сапалы негізін қалау.«Келер күннің ұстасы» атанған ұстаздар ғана мектеп табалдырығын енді аттаған жас буынның дүниетанымын кеңейтіп, тұлғалық қасиеттерін шыңдайды, оның білім алуына, дамуына бағыт беріп, болашаққа сеніммен қадам басуына жол көрсетеді.
Мұғалімді жай ғана мамандық иесі емес, қоғамның озық тұлғасы ретінде беделін биіктеткен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Ұстазды қоғамның басты кейіпкері ету – мемлекеттік саясаттың басым бағыты» деді. Бүгінде білім беру жүйесі, оның ішінде мектептің жаны – мұғалімдер қоғамдастығы мемлекеттің қолдауы мен қорғауын айрықша сезініп отыр. «Кез келген қоғамның кемелдігі, өркениеттілігі ұстазға деген қатынасымен өлшенеді. Ұстазын ұлықтаған елдің ұрпағы саналы, болашағы жарқын болары хақ. Себебі әр мұғалімнің еңбегі – ерен, еліміздің дамуына қосқан үлесі – орасан», деген еді Президент ұстаздармен кездесуінде. Мемлекет басшысы ұстаздар күні қарсаңында бір топ мұғалімді Ақорданың төрінде мемлекеттік наградалармен марапаттап, құрмет көрсетті. Бұл – күллі қоғамға үлгі боларлық өнеге.
Шыны керек, соңғы бес жылда, яғни 2019 жылдан бастап білім саласы даму мен кемелденудің жаңа белесіне қадам басты. Мемлекет басшысының бастамасымен ең бірінші кезекте мұғалімнің құқығын қорғап, қадірін арттыратын, рөлін айқындайтын «Педагог мәртебесі туралы» заң қабылданды. Педагогтер құқықтық тұрғыда қорғалғаннан кейін, әлеуметтік қолдауға басымдық беріліп, әріптестеріміздің жалақысы кезең-кезеңімен екі есеге дейін арттырылды. Одан бөлек, ұстаздарды ынталандырудың жаңа тәсілдері енгізілді. Мұғалім-стажер, мұғалім, мұғалім-модератор, мұғалім-сарапшы, мұғалім-зерттеуші, мұғалім-шебер секілді бірнеше педагогикалық біліктілік деңгейі бекітіліп, оған қосымша ақы қарастырылды. Дәптер тексергені, жаңартылған білім беру мазмұнымен сабақ бергені, ауылдық жерде, экологиялық аймақта қызмет атқарғаны, магистр, PhD ғылыми дәрежесі үшін заңмен бекітілген қосымша ақысы тағы бар.
Осы жерде баса айтып өткім келетіні – Қазақстан халықаралық білім додаларында ел туын желбіреткен шәкірт тәрбиелегені үшін ұстаздарына қомақты сыйақы ұсынатын бірден-бір ел. Ұстаздардың төккен тері мен күш-жігері құрметпен, марапатпен де өтеліп отыр. 2021 жылдан бастап «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» мемлекеттік наградасы қалпына келтіріліп, бүгінге дейін бұл атаққа 95 мұғалім ие болды. Былтыр Президенттің қарапайым ұстаздар арасынан екі мектеп мұғалімін «Қазақстанның Еңбек Ері» атағымен марапаттауы да – мұғалімнің мемлекет үшін қадірлі тұлға екенін айқындай түседі.
Осындай қолдаудың арқасында мұғалімдік бүгінгі күнде жастар тарапынан жоғары сұраныс пен бәсекеге ие беделді мамандықтардың біріне айналды. Мұғалім боламын деген студенттердің шәкіртақысы өсті. Биылдың өзінде мектепті «Алтын белгімен» тәмамдаған озық ойлы жастарымыздың 23 пайызы мұғалімдік жолды таңдапты. Соған сәйкес, талап та күшейді. Бұрын ҰБТ тапсырғанда мұғалімдік мамандықтарға шекті балл 50 болса, қазір 75-ке ұлғайтылды. Демек мұғалім болатын балаларды мектептен бастап іріктеудің жақсы жүйесі қалыптасты. Яғни жақсы оқыған балалар енді мұғалім болуға өздері ұмтыла бастады. Бұл – «Педагог мәртебесі» заңының аясында қабылданған үлкен реформа. Жастардың ағартушылық саласына қызығушылық танытуы және ұлт алдындағы жауапкершілікті үлкен салмақпен ұғынып келуі мемлекет саясатының өз жемісін бере бастағанының жақсы нышаны.
Биыл ұстаздар күні ерекше аталып өтті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тек мектеп мұғалімдерін ғана емес, сондай-ақ техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар мен жетім балаларға арналған білім беру ұйымдарының педагогтерін, ерекше қажеттіліктері бар балалармен жұмыс істейтін мұғалімдер мен зейнет жасындағы ардагерлерімізді мемлекеттік жоғары наградалармен марапаттады. Білім жүйесінің барлық деңгейіндегі қызметкерлерге көрсетілген бұл құрмет баланың балабақшадағы алғашқы қадамынан бастап, болашақ маман ретінде кәсіби даярлаудан өткенге дейінгі кезеңінде әрбір ұстаз еңбегінің қаншалықты маңызды екенін дәлелдейді.
Ендігі міндет – әрбір баланың мызғымас құқығы – сапалы білім алуына, қауіпсіз білім ортасын қалыптастырып, дамытуға бірлесіп күш салу. Мемлекет тарапынан өскелең ұрпақтың сапалы білім алуы үшін жағдай жасау, білім инфрақұрылымын дамыту жоспарлы әрі кешенді жүзеге асырылып отыр.
2019 жылдан бастап 1 миллионнан астам оқушыға арналған 1200 жаңа мектеп бой тіктеді. Ауыл мен қала мектептері арасындағы сапа алшақтығын азайту, апаттық және үш ауысымды мектептерді жою мақсатында «Келешек мектептері» ұлттық бағдарлама қабылданды. Оның аясында 217 мектептің құрылысы іске асырылуда. Жаңа оқу жылында заманауи стандарттарға сай салынған 150 «Келешек мектептері» ауыл мен қала балаларына есігін айқара ашты.
Мемлекет басшысы мұғалімдердің құқықтық мәртебесін одан әрі нығайтуды тапсырып, бірнеше міндеттерді де айқындап берді. Осы мақсатпен Парламент Мәжілісімен бірге заңнамалық өзгерістерді жүзеге асыруды бастап кеттік. Балаларымызға сапалы біліммен қатар, саналы тәрбие беру де педагогикалық қауымдастыққа жүктелген аса маңызды міндет. Оған мемлекет пен мектеппен қатар, балаларымыздың ата-аналарының да атсалысуы өзекті.
Инновациялық толқындар, оның ішінде жасанды интеллект технологиялары, бүгінде адамзаттың өмір салтына терең еніп, қоғам дамуының ырғағын түбегейлі өзгертіп отыр. Осы аптада өткен Жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі бірінші кеңесте Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев адам капиталын дамытуға, білім берудегі жасанды интеллектінің маңыздылығына ерекше мән берді.
Осы ретте Мемлекет басшысы білім беруді дамытудың бүгінгі бетбұрысын нақты айқындап берді. Оған сәйкес мектепте сапалы, қолданбалы білім берілуге тиіс. Мектептің мақсаты – тек баланы оқыту ғана емес, қазіргі заманда өз жолын тауып, бәсекелестікте өмір сүре алатын тұлғаны тәрбиелеу.
Ең бастысы, мектептегі мұғалімнің біліктілігін ұдайы көтеру және олардың шығармашылық жұмысына жағдай жасау басты басымдығымыз болады. Себебі білімнің сапасы ұстаздардың әлеуетіне тікелей байланысты. Ұстаздарымыз баланың жан-жақты білім алуымен алаңсыз айналысуы үшін оларға оқу үдерісіне қатысы жоқ қосымша шаралар мен артық жұмыстар жүктелмеуі шарт. Мұғалімдердің еңбегі тиімді әрі сапалы болуы үшін біз педагогикалық қауымдастықпен бірлесіп отырып, осы мәселені мұқият зерделейміз.
Сондай-ақ Президентіміз жасанды интеллектіні қолдану арқылы педагогтердің күнделікті жұмысын автоматтандыру қажеттілігін де атап көрсетті. Еңбекке баулу және экологиялық, құқықтық мәдениеттің қалыптасуы балабақша мен мектеп қабырғасынан басталуға тиіс. Сондықтан «Заң мен тәртіп» қағидатының сапалы орындалуына ерекше мән беріледі. Президент атап өткендей, «Жасанды интеллект технологияларын енгізу ерекше білім алу қажеттіліктері бар балаларды жан-жақты қолдау үшін өте өзекті». Осы бағытта инклюзивті білім беру ортасын қалыптастыру және дамытуға басымдық беріледі. Білім жүйесі аясында оқушылардың адамгершілігі мен моральдық келбетін қалыптастыруды, «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасын мазмұнды жүзеге асыруды әрі қарай жалғастыратын боламыз.
Қорыта айтқанда, елімізде ерекше ыстық ықыласпен аталып өтетін мұғалімдердің кәсіби мерекесі – ұстаздар күні құтты болсын! Біздің алдымызда бір ғана міндет бар, ол – бәсекеге қабілетті, терең білімді, озық ойлы, тәрбиелі ұрпақ өсіру. Осы жолдағы еңбегіміз жемісті болсын!
Жұлдыз Сүлейменова,
Оқу-ағарту министрі