• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Ұстаз Бүгін, 09:40

Ерен еңбек иесі

40 рет
көрсетілді

Тау өзені мөп-мөлдір, тұп-тұнық. Тастан-тасқа секіріп, арнасынан тасып, буырқанып жатады. Шаршап шалдығуды білмейді. Тау өзеніндей, мұғалім еңбегі де тынымсыз. Білім толқынында дамылсыз, ерінбей еңбек етеді.

Мақаламыздың кейіп­­кері Ал­ма­ты қала­сын­дағы №90 маман­дандырылған мектептің дирек­торы, «Ы.Алтынсарин» атын­дағы және «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, 1-санатты басшы, шебер оқытушы Бұлбұл Расбекқызы балаға білімнің нәрін құйып, нұрын шашатын, күш-жігер беріп, өзін де, өзгені де қанаттандыра алатын ұстаз еңбегін «Тау өзені» әдістемелік құралында осылайша дәріп­тей­ді. Білікті маманның өскелең ұрпаққа саналы тәрбие, сапалы білім берудегі 30 жылдан астам тәжірибесі осы еңбекте айқын көрініс берген.

1992 жылы Жамбыл педаго­ги­калық институтын бітіріп, еңбек жолын неміс және ағылшын тілдері оқытушысынан бастаған Бұлбұл Расбекқызы мамандарға аса қажеттілік туындаған жылдары Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетін «Қа­зақ тілі мен әдебиеті пәнінің оқы­тушысы» мамандығы бойын­ша тәмамдайды. Қосымша білім беру орталығы, білім бөлі­мінде істеген жылдарда, сон­дай-ақ №98 мектептегі оқыту­шы­лық қызметінде жинаған тәжі­ри­бесімен шыңдалды. Ке­йін­­нен №120 мектепте дирек­тор­дың оқу және тәрбие жөніндегі орынбасары болып істей жүріп, қазақ тілі мен әдебиетін оқытуда тың ізденістерімен көзге түсті. Осы жылдарда кәсіби өсуге бас­ты мән берген білікті маман «Білім берудегі менеджмент», «Мектепті тиімді басқару», «Бо­ла­шақтың болашағы мектебі», «Жеке қаржы және бюджет­теу, инклюзивті білім беру үдері­сін қалыптастыру», «Шексіз маз­мұн: жаңа мектепті жобалау» бағы­тында білімін жетілдіреді.

Бұлбұл Расбекқызының мектеп жұмысын дамытудағы еңбе­гі қаладағы №15 гимназияның басшылығы тұсында жоғары нәтижесін берді. Гимназияның басқару тәжірибесі ғана емес, сапалы білім берудегі үл­гісі қала мектептеріне кең та­рал­­ды. Елі­міз­дің көптеген түлегі шетел уни­вер­ситеттерінің грантына ие болды. Гимназияны басқарған 14 жылдан астам уақытта мектептегі менеджментті дамытып, білім ошағын үздіктер қатарына қосты. Білгенін өзгелерге үйретуден жалықпаған білікті басшы бүгінгі күні де жас мамандарға тәлімгер болып, кеңесін беруден жалыққан емес. №15 гимназия ұжымы былтыр Алматы қаласы әкімінің 68 млн теңге грантын жеңіп алды. Бұл қаражат мектептің инфрақұрылымын жетілдіруге жұмсалып, білім ордасын жаңа бір белестерге жетеледі.

«Директор – педагогикалық, ғылыми-әдістемелік, ұйымдас­тыру басқару міндеттерін шешуге қажетті жалпы теория­лық пәндер негізін терең меңгер­ген білікті маман болуға тиіс. Өз кәсі­бінде жауапкершілік, табан­дылық, қайырымдылық негіз­дерін басшылыққа алады. Кез келген мектеп директоры білікті басшы болуға ұмтылуы заңдылық. Өйткені мектеп жетістігі басшының іскерлігіне байланысты. Директор білікті ұйымдастырушы ғана емес, бүгінгі күн талаптарына бейім кәсіп иесі, менеджер үдесінен шығуға тиіс. Мұғалімнің міндеті оқушыға сапалы білім беру ғана емес, оның тұлға болып қалыптасуына ықпал ету. Осы орайда әрбір мектептің, білікті ұстаз, заманауи директорлардың тәжірибесі жас мамандарға өнеге, үлгі болса деймін. Осы әдістемелік құралды жазудағы мақсатым да жас директор әріптестеріме қолдау көрсету еді», дейді ол.

Биылғы оқу жылында №90 мек­тептің басшылығына тағайындалған Бұлбұл Расбек­қызы білім сапасын арттыру бағытында бәсекелестік орта қалыптастыруға басымдық беріп отырғанын айтады. Қазір аталған білім ошағын білікті кадрлармен қамтамасыз етіп, қолайлы жағдай жасау басты назарда тұр. О.Жәутіков атындағы РММ, НЗМ мектептерінің оқу бағдарын зерттеп, озық тәжірибесіне назар аударып отырған мектепте мұғалімнің жүктемесін азайту көзделіп отыр. Қазіргі таңда бала тәрбиесіне өте көп көңіл бөлу қажет болып отырған жағдайда «Адал азамат – біртұтас тәрбие» бағдарламасы бойынша мектепте көптеген мазмұнды іс-шара іске асып жатыр. Балаға сапалы білім берумен қатар, қауіпсіздігі басты назарда тұр. Осы орайда тәрбие барысымен қатар пән мұғалімдеріне түсетін салмақты азайту мақсатында да тиімді әдістер қолға алына бастады» деп атап өтті директор. Әңгіме барысында саладағы түйткілді жайт­тармен бөліскен Бұлбұл Рас­бекқызы тәрбие мен білім беруде өткен ғасырдың 90-жыл­дары жіберген олқылықтың салда­­ры­­на қынжылысын біл­дірді. Көп­­те­ген білікті кадр­ жұмыстан кетіп, салаға мұғалімдікке қатысы жоқ мамандар келді. Кейінгі жылдары осы олқылықтарды жою мақсатында мемлекет тарапынан ауқымды бағдарламалар іске аса бастады. «Педагог мәртебесі туралы» заң қабылданды. Мұға­лімдердің айлығы көтерілді, қо­ғамдық жұмыстардан босатылды. Со­нымен қатар педагогика­лық мамандықтарға шекті балл көтерілді. Осындай игілікті істер барысына тоқталып өткен Бұлбұл Расбекқызы «Жақсы оқып, жүрек қалауымен мұғалімдікті таңдаған түлектердің мектепке келуімен білім сапасы артады. Қазіргі кезде мектебімізде әсіресе, орыс сыныптарында химия, биология, орыс тілі, информатика­дан, бастауыш сынып мұғалімдері жетіспейді. Ендігі кезекте мектепте қордаланған мәселелер бірте-бірте шешілетін болады», дейді Б.Расбекқызы.

 

АЛМАТЫ