Биыл сегізінші рет ұйымдастырылған республикалық «AL-FARABI» интеллектуалды ойыны ең ауқымды жобалардың біріне айналды. Түркістанда өткен білім сайысы қатысушылар саны жағынан рекорд орнатып, ел жастарының зияткерлік ойындарға деген қызығушылығының жоғары екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.
Биылғы дода бұған дейінгі маусымдардан ерекше өтті. Олай дейтініміз, алғаш рет еліміздің әр өңірінен 500 команда қатысып, жалпы саны 2 500 жас бір алаңда бас қосты. Шараны ұйымдастырушы Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасы «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің басшысы Ернар Бектаев осындай бастамалар арқылы білімді, белсенді, жан-жақты жастардың қатарын көбейту көзделіп отырғанын атап өтті. «AL-FARABI» интеллектуалды ойыны алдағы уақытта жалғасын тауып, ауқымын кеңейте беретініне сенім білдірді.
Интеллектуалды ойынның алғашқы іріктеу кезеңі Кентау қаласының орталық алаңында өтті. Ашық аспан астында ұйымдастырылған ауқымды додаға қатысушылар білім, логика, тарих, әдебиет, география, мәдениет және өзге де бағыттар бойынша сынға түсті. Әр команда уақытпен санаса отырып, қойылған сұрақтарға нақты әрі жылдам жауап беруге тырысты. Іріктеу кезеңінің өзінде бәсекенің деңгейі жоғары болды. Командалар арасындағы ұпай айырмашылығы өте аз болғандықтан, соңғы сұрақтарға дейін тартыс сақталды. Қатысушылардың білім деңгейі, жылдам ойлау қабілеті және өзара үйлесімі олардың келесі кезеңге өтуіне тікелей әсер етті. Үздік нәтиже көрсеткен 45 команда келесі кезеңге жолдама алды.
Түркістан қаласында жалғасқан зияткерлік ойынның келесі кезеңдерінде бәсеке күшейіп, сұрақтардың күрделілік деңгейі арта түсті. Ал ақтық кезеңде қатысушылардың дайындық деңгейі, жылдам ойлау қабілеті және команда мүшелерінің бір-бірімен үйлесімді әрекет етуі анық байқалды. Финал қорытындысы бойынша І орынды Сайрам ауданынан келген «IQ Elite» командасы жеңіп алды. ІІ орынды Алматы қаласының «A team» командасы иеленсе, ІІІ орын Келес ауданынан келген «Keles Oilap» командасына бұйырды.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге жалпы көлемі 3 миллион теңге жүлде қоры табысталды. Сонымен қатар қатысушы командаларға ынталандыру сыйлықтары берілді.
ТҮРКІСТАН