• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Әдебиет Бүгін, 07:58

Жүрек не дейді, жұрт не дейді?

20 рет
көрсетілді

Жазбағымыз ет пен сүйек жыры. Абай «ет жүрексіз, ерніңнің айтпа сөзін» деп дүниенің хикметін жалғыз ауыз лепеске арқандап қойғандай көрінеді де тұрады. Осы шумақты оқып, жан-тәнімен сезіну өз алдына, онымен өмір сүрген жанның өмірін біз қазір көрмек түгілі елестете аламыз ба? Қандай да бір мәселе, әлдебір тақырыпты байыптай келгенде, Абайға тіреле беретініміз де осыдан шығар мүмкін.

«Шындық қайда, мен қайда, сендер қайда?» деп осы өмірден баз кешіп өткен бір ақын болса, Мұқағали шығар. Ақын күн­де­лігінде «мен – ХХІ ғасыр ұрпақ­тарының құрдасымын» депті. Хакімнің әлгі сөзін өмірімен кеше жүріп, бо­йынан өткеріп ол да жазыпты. «Айтып өткен ақында арман бар ма, Жүрегінің түбі­не кір жасырмай» депті-ау. Кезін­де айт­пай қалған арам­дығыңыз, сақта­ған қулығыңыз, тағысын тағы­лар жүрек түбіне кір болып шөге береді екен ғой. «Жүрегімді байқасам, инедейін таза емес» демей ме хакім Абайдың өзі? Сондай қоқыр-соқырдың бәрі тола келе сізді кімге айналдырып жіберерін ойлаудың өзі қор­қынышты. Онсыз да әлгі шөгінді бүйректен сирақ шыққандай сөзіміз бен ісімізден көрініп жат­қан жоқ па?

Бұрын ақындардың қай өлеңді қай уақытта жазғаны қызықтыра қоймаушы еді, асыл нәрін сіңірсем жеткілікті деп ойлаушы едім. Алайда, қазір маған Мұқаңның әлгі туындысы өмірінің қай тұсында жазылғаны аса маңызды сияқты. Меніңше, өзінің қырық бес жасымен есептегенде, қырыққа қарай бет алғанда немесе осы жасынан аса бере түсіргендей сезіледі. Өмірдің ащысы мен тұщысын басынан өткеріп, тұла бойын дерт алмаса мұндай сөз де тумас еді ғой. Жалғыз-ақ мұнда ақын сөзін адам деп алмастырса, бастапқы мән өзгере қоймайды. Данышпан Конфуцийдің өзі «жүрегіңді үнемі өзіңмен бірге ала жүр» деген сыңайда сөз қалдырыпты. Абайдан асырып айтып тұрған жоқ, әрине. Жоғарыда бір жолын үзіп алған хакімнің «Сұм дүние тонап жатыр, ісің бар ма?» деп басталатын осынау үш-ақ шумақ өлеңіне тарының қауызына сыйғандай бүкіл дүние еніп кеткендей көрінеді де тұрады. «Ет жүрексіз, ерніңнің айтпа сөзін, тіл үйренген нәпсінің қу мінезін. Тілде сүйек, ерінде жиек бар ма, шымылдық боп көрсетпес шынның жүзін...».

Күллі дүниенің от пен суын, бал мен уын татып, басыңнан өткеріп барып бұлай деп сөйлеу былай тұрсын, осы шумақтардың мәніне жетіп, мағынасын тани алдық па деген ой келеді. Ал Мұқағали жақындаған көрінеді. Сондықтан ол ортасына сыймады. Ортасын қораш көрді немесе тазалығынан өзі қораш көрінді. Бұл ғасырдан емеспін деп болашақпен, келер ұрпақпен тілдесті. Басын тау мен тасқа соқты. Ақыр аяғында доссыз қалды. «Бір тәуір дос, тым-ақ керек, ойы мен тілі бөлінбес» деп мұны Абай да айтты. Мұқаң да дүниеден тарыққан жоқ, доссыз сандалды. Айналып келгенде, бәрінің бір-ақ себебі бар сияқты. Абай атасы «ет жүрексіз, ерніңнің айтпа сөзін» дегеніндей, ақын жүрегінің түбіне кір жасырмай өтті. Сонан кейін сыймады, сонан соң айналасына көңілі толмады, турасын айтқанда, қалыпты өмір сүргісі келмеді. Ақырында «тілде сүйек, ерінде жиек» жоғына көзі әбден жеткен соң, «Өмір сүрейік алмасып» деп даласындағы жапырақ жүрек жас қайыңға айналуды армандады. Иә, солай!

«Жапырақ жүрек жас қайың!

Жанымды айырбастайын.

Сен адам бола бастасаң

Мен қайың бола бастайын.

Келісесің бе, жас қайың?»

(Көрінер, мүмкін, кімге ерсі)

Өміріңді маған бір берші».

Ақынның «Аманат» атты жина­ғында осы өлең өзі үш бөлімнен тұратын кітаптың екінші бөлімінің ең соңына орналасыпты. Жоғарыда қай жасында жазғанын білу де аса маңызды екенін осыған байланысты тұспалдағанбыз. Мұнша рух немесе парасат биігіне ақын қай жасынан көтерілгені қызықтырады, әрине. Өсіп тұрған тал-ағаштың кез келгені зиянды ауаны сіңіріп, бойынан тек таза ауа бөліп шығаратын асыл қасиетке ие көрінеді ғой. Айна­ласын нұрландырып, ізгілік таратушы қайыңға айналуды көксеу, меніңше, түңілген жанның шекті жағдайы әрі тазалықтың биігіне көтерілу деп түсінген жөн сияқты. Оған дейін «сәби болғым келеді» деген ақынның осы өлеңді жазған тұста қаншалықты биікке көтерілгені байқалады.

Былтыр Нобель сыйлығын иеленген Оңтүс­тік Корея жазушысы Хан Ганның «Еттен жеріген әйел» шығармасындағы Ён Хе бойындағы жыртқыштық не жауыздық пиғыл­дан арылудың төте жолы еттен бас тартып, өскін-ағашқа айналу деп біледі. Автор бұл «Еттен жеріген әйел» романына дейін «Өсімдік әйел» атты әңгіме жазыпты. Ет жемейтін әйел туралы жазу туралы ой осы шағын әңгімеден барып туындағаны айтылады. Мұнда «шығарманың бас кейіпкері Ён Хе жыртқыштық болмысынан бас тартудың жолын ағашқа айналудан көреді. Өмірде ешкімге қиянат жасамаған әйелдің бейсанасында бала күнінде өзін қауып алған итті әкесі мотоцикл­дің артына байлап, қансырап өлгенше сүйретке­нін, сол иттің етін өзі жегені сақталып қал­ған. Бейсана ештеңені ұмытпайды. Адамның ­хайуани әрекеті, қиналып, аузынан қаны ағып өлген иттің етін жеген оқиға – адамның періштелік болмысы алдында жан­түршігерлік әрекет. Рационалды пайым, жады артқа  шегінген кезде бұл естеліктер адамды өзінен бездіріп жібереді. Хайуанға тән бұл әрекеттің елесінен арылу үшін еттен мүлдем бас тартып жануарлық болмысын аштан қатырмақ» депті шығарма туралы жазған әдебиетші Гүлнар Ізтаева.

Көптеген әдебиетшілер мен зерттеуші­лердің байыптағанынан ұққанымыз – Хан Ган романына кейіпкерінің өскін ағашқа айналуы туралы ойын тірек етіп алған. Еттен бас тартқанда ол сондай жазықсыз әрі ізгілік таратушы өскін ретінде бой түзеуді көксейді. Күнделікті тіршілік соңынан асыққан біз қалаған кезде жайлы жаққа ұшып кете алатын құс сияқты еркін болуды армандағанымызбен, не сұмдықтың бәрін елмен көретін және соған қарамастан бойынан нұр шашып тұратын ағаш болып тұруды армандай алдық па? Несі бар, жүре алатын ағаш делік. Олай ойлаған күнде соған жету жолында мақсат қойып, еттен бас тартқан Ён Хе сынды тәуекелге бара аламыз ба? Ал, Мұқағали қайың боп өмір сүруді 70-жылдардың ішінде армандапты. Бір қызығы, 1970 жылы Корей түбектерінде Хан Ган дүниеге енді келіп жатты. Жердің бір шетінде көбелек қанат қақса, келесі бетіндегі басқа құрлықта цунами орын алып жататыны туралы тәмсіл дейміз бе, әйтеуір осы жылдары қазақ әдебиетінде ұлы төңкерісшіл ойдың төбесі көрініп қойғанын айтқымыз келеді. «Қуатты ойдан бас құраған» бұл көркем сурет ХХІ ғасыр­­дың басында ғана ұлы туынды ретінде әлемді мо­йындатты. Мүм­кін соның түпбастауында ­­тұр­­ған шығар, мүм­кін мүлде қатысы жоқ шы­ғар, ХХ ғасыр­дың 70-жылдарында-ақ осын­шама биік­ке көтерілген Мұқаң, ұлы Мұқағали Мақа­таев не деп еді, бізге маңыздысы сол ­емес пе?      

«Қайың боп мен де бағайын,

Орманнан орным табайын.

Беймәлім маған өмірге,

Қайың көзімен қарайын.

Жапырақ-жүрек жас қайың!

Жанымызды айырбастайық?

Адам боп жүрсең қасқайып,

Қайың боп тұрам қасқайып,

Тәуекел, айырбастайық» деді ақын.

Ол заманның ақылына мүлде сый­майтын, нағыз жүректің сөзі еді бұл. Қазіргі қалыпқа тіптен қиғаш емес пе? Ақылы сау саналатын кейбір адамдар үшін осылайша ойлау күлкілі, тіпті ауытқушылық ретінде танылуы бек мүмкін. Мұ­қаң «беймәлім маған өмірге, қайың көзімен қарайын» дегені Хан Ганның әлгі шығармасындағы Ён Хе басынан кешіргендерді елес­тет­кенде ашыла түсетіндей. Айна­ласының қарсылығына ұшыраған ол бірде тіпті басқа сана ағысына түсіп, дүниеде не болып жатқаны қызықтырмай қалады. Бұл аш адамның бойындағы өзгеріс деп қа­былдай аламыз ба? Ішіп-жеу­ден саналы түрде бас тартып, басқа дең­гейге өткен немесе кө­теріл­ген жанның халі шығар мүм­­кін. Өйткені Таласбек Әсем­құлов­тың «Аштық және соғыс» атты мақа­­ласында аш адам бастан кеші­­ре­тін сезімдер мен әрекеттер басқаша түсіндіріледі. Ішіп-жем­нен мақсатты бас тартып, өзін тұлпардай жаратқан жанның ахуалы бөлек болса керек-ті. Өзіңді танып-білуге жол сонда ашыла баста­май ма? Қиындықтан құс боп ұшып қашқаннан гөрі, қайыңдай қасқая қарсы алған жөн бе, таңдау өзіңізде.