«Біржан сал» фильмі қызық басталады ғой. «Әй, біразға барып қалдым-ау мен осы» деп өз буына семіріп жүрген қазіргілер байыбына бара бермейтін ілкідегі қазақ өмірінің баянды-баянсыз, аяулы-аяусыз беттері көз алдыңнан іркес-тіркес сап құра жөнеледі. Бірі бері, бірі кері қараған оқиғалардың жықпылынан қылаң ұрған детальдардың әрқайсысын тамырынан тартып сөйлетер болса, бір-бір серияға жүк екені білінеді.
Туынды басталған бойда Біржан өмірінің қай тұсы суреттелері бір минутқа да жетер-жетпес кадрда хабар береді. Жаңа жауған ақ қарды сырып жібергенде астынан көк қылтиып шығады. «Қызық. Күннің көзі жылт етсе жер алданып қалады... Күн жылыса, жер көктейді. Содан кейін қар жауады» дейді сал. Сосын сал Байкенжеден сұрайды: «Бұл мезгіл қалай аталатынын білесің бе?», деп. Байкенже білмейді. Біржан: «Бұл мизамкөк аталады. Мен де сондаймын», дейді даусы дірілдеп. Күздің бітісі мен қыстың алдында күн ептеп жылығанда, бір аптадай жер дүние гүлдеп, іле күн суып кетеді. Алдап-соғады. Содан соң қыс келіп, даланы өлім құшағына алады. Кинода Біржан өмірінің тура осы мезеті ғана көрсетілген.
Бұл емеуріннің өзі көз жеткісіз емес пе? Мизамкөк былай тұрсын, орта жастан асқан ауылдағылар болмаса, қар астынан қылтиған көктің не екенін түсінетіндер аз шығар қазір. Ал мизамкөктің шуағы Арқа даласында болмаса, еліміздің кез келген өлкесінде бола бермейтінін біледі этнографтар. Өзге өңірлерде өтеді ғой, сәл өзгешелеу, басқаша аталуы мүмкін дегендей. Қазақ өміріне қанық адамның қай-қайсы болсын қағып ала қоятын амал аттары ғой. Мұның бәрі жай құбылыс десек те, фильм барысында бұдан өткен емеуріндер алдыңды орайды да отырады. Қазақ салтында бұрыннан болғанымен, кейінірек ұмытылған ғажаптар оның бәрі.
Мәселен, ел аралап жүрген Біржан бастаған салдар бір төбеден асып түсіп бара жатқанда, қаралы көшке тап болады. Арысынан айырылған қаралы әулет үлкендері өлген ерінің сүйегін қабірге әкетіп бара жатса керек. Әрине, салдардың салы суға кеткендей тұнжырап тұрып қалады. Ақыры өлімге көздері жеткен соң, көшке қарап бір елдің беткеұстарын жерлеуге бара жатқанын білген соң араларындағы салдың бірі: «Қояр көбейсін», деп қалады ғой. Осы қалпында түсінсеңіз, көңіл айтудың орнына өлер көбейсін дегендей қарғыс сөз секілді. Сонда қаралы көштің ана бетіндегі орта жастағы бірі кісі «не дейсің, ей?» деп тапап берердей төніп келгенде, алдындағы ақсақал тоқтатады. «Тәйт әрі, бәдіктің көңіл айтуы осылай емес пе?» деп тыйып тастайды әлгіні. Кезінде «қояр көбейсіні» қалай, бәдігі кім?» деп бір ойлап, қоя салғанбыз. Жауабын өткен жолы жазушы Рамазан Тоқтаровтың «Абайдың жұмбағы» романынан тауып қуандық. Онда мынадай жолдар бар.
«Тірісінде дуана, ағайын-туысқа сыйымсыз Садақбайды қойысуға бейіт басына мұншама халықтың жиналатыны ешкімнің ойына келмеген-ді. Арнайы шақырылмаған, алыс-жақын төңірекке хабар да берілмеген, соған қарамастан, ертелі-кеш «ой-бауырымдап» ат қойып, сойыс малдары мен қазан-ошақтарын өздерімен бірге көтеріп әкелісіп жатыр.
Ауырып жүргенде баз біреуге тілі не қолы тиіп кетіп жүрсе де, ел оның жақсылығын өлгенде мойындапты. Жақсылығын ба, жарыместігін бе? «Кіс» еткеннен басқа артында қалдырған бірауыз сөзі, не ғибрат ісі жоқ, несімен өзі жоқта қадыры артты?
Жиналған осы көптің ішінде Садақбайдың осы елдегі екінші нұсқасы – Мұқаммараз болды.
– Қойыс көбейсін! – деді ол әзіл-қалжыңынан айнымай тұрған жұртты сілтідей тындырып.
Оны олай ғып айтпаса ол Мұқаммараз бола ма? Өзінің ұрлық жасап, алыс орамдарға барып мал алып қайтқанын ешкім көрген жоқ. Сонда да «баукеспе, ұры» атағы бар. Өнерінде қапы жоқ, ерегіскен адамының атын таудың бір қуысына апарып бекітіп қойып, зар қақсатып жалындырғанша тауып бермейді. Өзі тауып бермей, оның қойған жерінен бекіткен малын шығарып алу мүмкін емес. Шауқардай басы тәштиген аласа бойына мойынсыз әкеп орната салған дәу қара қазан секілді, қалқиған қос құлағы сол қазан басынан тікесінен тік шығып тұрады. Өзінің Мұқаммараз деген аты да, білетіндердің айтуында, сайтанның есімі. Әкесінің кім екенін ешкім білмейді, соған қарағанда шешесінен бір кәкір болғаны анық.
– Ей, қаңғырған қу шұнақ, қойыс көбейсінің не? Өлгеніңді азсынып, табыт қағып тұрмысың? – деген ауылдасының сөзіне:
– Енді мұндай адам тумайды. Тағы туса, тағы қоймайсыңдар ма? – дейді екі көзі екі жаққа қарап тұрып.
– Осы бүкіл елден, алты алаштан Садақбайдан артықты таппадың ба?
– Таппадым, жоқ. Не қыласың? Бәрің кірсің, – деді Мұқаммараз балаша жер тепсініп.
– Сенің өзің ше?
– Мен де кірмін. Сендер менен өткенсіңдер... Бәрің кірсің... Батпақтың ішінен шығып кеп тұрсыңдар».
Біз романдағы әңгімені осы жерден тиянақтаймыз. Сонда «қояр көбейсіннің» мәнісі халық арасынан осындай таза, періште жан қайыра көптеп шықсынға келеді, мұнысы дұрыс-ақ. Екінші жағы, сондай асыл шыға қалса, оны да осылай уақытынан бұрын жерлеп тынбақсың дегенге келіңкірейтін сияқты.
Ұлы Мағауия қайтқанда Абай шығарды деген бір шумақ өлеңмен астасады.
«Бұл Мағыш маған да жоқ, саған да жоқ,
Мағыштай бала тумас көңілге тоқ.
Аз күнде дүниеден мен де кетем,
Маған да зар боларсың, жиылған топ» дегендей, бәдіктің бірауыз көңіл айтуы хакімге сілтеме жасайтындай сезіледі. Ал бәдік туралы әңгіме басқа.