Жыл сайынғы Ayelder Dausy 2025 әйелдер денсаулығына қатысты сауалнамасының нәтижелері көрсеткендей, Қазақстандағы әйелдердің шамамен 50%-ы климаксты емдеуді қажет деп санайды. Көпшілігі әлі күнге дейін гормоналды терапиядан қауіптенеді және менопауза симптомдарымен қауіпсіз күресудің жолдары туралы сенімді ақпараттың тапшылығын сезінеді.
Зерттеу қорытындылары менопауза және андропаузаға арналған ІІ Еуразиялық конгресс аясында 2 500-ден астам гинекологқа ұсынылды.
IRM Clinic Almaty акушер-гинекологы, ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның мүшесі Галина Гребенникова сауалнама нәтижелеріне тоқтала отырып, бір жағынан әйелдердің саналы көзқарасы артып келе жатқанын, екінші жағынан заманауи терапия әдістеріне қатысты мифтер мен сенімсіздіктің әлі де сақталып отырғанын атап өтті.
«Сауалнамаға қатысқан әйелдердің 72,7%-ы дәрігермен менопаузалық гормоналды терапияны (МГТ) қолдану мүмкіндігін ешқашан талқыламаған. Ал олардың жартысына жуығы – 45,5%-ы климаксты емдеудің қажеті жоқ деп санаса, 27,3%-ы гормоналды терапия қауіпті әрі ауыр жанама әсерлері бар деген пікірде. Бұл әйелдердің әлі де сенімді ақпарат тапшылығы жағдайында өмір сүріп жатқанын айқын көрсетеді», – деді Галина Гребенникова конгресс барысында сөйлеген сөзінде.
Сонымен қатар, халықаралық тәжірибе көрсетіп отырғандай, дәл осы МГТ климактериялық белгілерді жеңілдету және постменопауза кезеңінде, алдында денсаулықты сақтаудың ең тиімді әдісі болып саналады. Негізгі қағидаттар – симптомдарды жеңілдету, сүйек пен жүрек-қантамыр жүйесінің саулығын қолдау үшін жеке терапияны дұрыс таңдау, сонымен бірге ықтимал қауіптерді ескеру.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы атап өткендей, менопауза – әйел өміріндегі маңызды кезең әрі кешенді қолдауды қажет етеді. ДДСҰ ақпараттандыруды кеңейтіп, менопауза симптомдарын диагностикалау, емдеу және консультация беруді міндетті медициналық қызметтер жүйесіне енгізуді ұсынады.
Ayelder Dausy 2025 зерттеуінің өзге де қорытындылары мынаны көрсетті:
Әйелдердің 54,5%-ы менопауза кезеңіндегі денсаулығын «өте жақсы» деп бағаласа, әр бесінші респондент оны «нашар» деп атаған. МГТ-ға (менопаузалық гормоналды терапияға) көзқарас сақтықпен қалып отыр: әйелдердің жартысынан көбі (54,5%) бейтарап ұстанымда, ал оң пікір білдіргендер небәрі – 27,3%. Әйелдердің 40%-ы тәуекелдер мен жанама әсерлер туралы сенімді ақпаратты көбірек білгісі келетінін айтқан.Символикалық тұрғыдан алғанда, зерттеу нәтижелерінің 26 қыркүйекте – Халықаралық контрацепция күні ұсынылуының да мәні бар. Бұл күні бүкіл әлемде медициналық қауымдастықтың назары әйелдердің репродуктивтік және гормондық денсаулығы мәселелеріне аударылады.
«Біз үшін тиімді шешімдерді әзірлеумен қатар, елімізде әйелдер денсаулығына қамқорлық мәдениетін қалыптастыру да маңызды. «Гедеон Рихтер Қазақстан» осы саладағы мойындалған көшбасшылардың бірі ретінде әйелдермен маңызды мәселелер туралы ашық сөйлесуге, олардың саналы шешім қабылдауына көмектесуге және медициналық қауымдастықты ағартушылық бастамалар арқылы қолдауға өз рөлін көреді. Kazakhstan Women’s Health @kwh.kz жобасы мен Ayelder Dausy сауалнамасы – осы миссияның маңызды бөлігі», – деді «Гедеон Рихтер Қазақстан» компаниясының өкілі Динара Бірмағанбетова.
Ayelder Dausy зерттеуі бірнеше жылдан бері Kazakhstan Women’s Health бастамасы аясында «Гедеон Рихтер Қазақстанның» қолдауымен жүргізіліп келеді. Оның мақсаты – шынайы кедергілерді анықтап, әйелдердің денсаулығына қатысты саналы шешім қабылдауына көмектесу.