Қазіргі таңда еліміз экономикасына кедергі болып отырған басты мәселенің бірі – кәсіби менеджерлердің жетіспеушілігі. Салдарынан басқарушылық шешімдердің сапасы төмендеп, кәсіпорындар тиімділігінің азаю ықтималдығы басым. Сарапшылардың пікіріне сүйенсек, бұл еліміздің жалпы экономикалық ахуалына кері әсерін тигізеді, деп жазады Egemen.kz.
Master of business administration қазақ тіліндегі бағдарламасының негізін қалаушылардың бірі, экономист Мақсат Халықтың айтуынша, бүгінгі таңда елімізде кәсіби менеджерлер жоқтың қасы. Айтуынша, менеджер – олар тиімділікті арттыруға ықпал етеді. Өз ісінен нақты нәтиже өндіре алатын, кез келген істе нақты мақсатқа жете алатын кәсіби маман.
«Бүгінгі таңда үкімет, мейлі бизнесте болсын, қандай да бір жобалық жұмыстарды алып қарасақ та, көптеген мамандар қателіктерге жол беріп жатады. Жасап жатқан жұмыстарының көп жағдайда нәтижесіз болып жатқанын байқаймыз. Сондықтан да әрбір мәселенің алдын алу, салдарын табу мақсатында қазақ тіліндегі МВА бағдарламасын жасап шықтық. Осы бағытта білім алған мамандар соңғы үш жылда үлкен нәтижеге қол жеткізіп отыр. Қазір кәсіпкерлер, менеджерлер, топ-менеджерлері болсын бұл бағдарламаны үйренуі тиіс. Алдағы уақытта салалық менеджментті дамытатын боламыз. Ол құрылыс нарығы, коммуникация, мәдениет, өнер саласы, креативті индустрияны қамтиды. Мысалы, елімізде көптеген мәдениет ошақтары, театр, музейлер жұмыс істеп жатыр. Осы мекемелердің жұмыс тиімділігін арттыру үшін осы салалық менеджменттің рөлі жоғары болмақ. Қазіргі таңда ел экономикасын дамыту үшін қаржы технологияларын меңгеру және бизнес трансформация аса қажет» дейді экономист.
Қазақ тіліндегі МВА бағдарламасының мақсаты заманауи топ-менеджерлер дайындау, кәсіпкерлерге басқару тетіктерін үйрету. Кәсіпкер, меценат Дулат Тастекей ел экономикасының дамуына кәсіби менеджерлердің аса қажет екенін атап өтті. Халықаралық инженерлік-техникалық университет базасында менеджментті қазақ тілінде меңгеруге қолайлы мүмкіндіктің туып отырғанын құптай келіп, білімнің шекарасыз екене тоқталды. Бизнестегі білімін жетілдіру тәжірибесімен бөлісіп, халықаралық бағдарламалардың маңызы туралы айтып берді.
Мақсат Халық осы орайда соңғы отыз жыл ішінде елімізде МВА орыс, ағылшын тілінде оқытылып келгендігін алға тартты. Атап өткендей, қазақ тіліндегі менеджмент бағдарламасы ұлттық рухы бар, заманауи дамуға бейім, бизнес жүргізе алатын мамандарды оқытуға бағытталған.
«Бизнес контенттің қазақылануы ғылымның да қазақылануына жол салады. Бүгінде түрлі апаттардың орын алуы, әлемдегі ахуал, геосаяси тұрақсыздық жағдайында дағдарысқа қарсы тұра алатын менеджерлер қажет. Сондықтан өзгерістерді басқару, риск-менеджментті білу бизнес үшін пайдасы ұшан-теңіз. Егер қажетті білімді меңгермесе, салдары үлкен шығынға алып келетіні анық. Бүгінде МВА бағдарламасына оқытатын университеттердің қатары жиырмаға жуық болса, оның үшеуінде ғана қазақ тілінде білім береді. Бәсеке туған жерге сапа да болады» деп атап өтті.
Қазақ тілінде оқытылатын іскерлік әкімшілік магистр бағдарламасы аясында алдағы уақытта салалық менеджерлерді дайындау бойынша балама бағдарлама жасалатын болады. Мақсат халықтың айтуынша, бүгінде Орта Азияда үлкен экономикалық өсім пайда болып жатыр. Әлем назары Орта Азияға ауып, алпауыт компаниялар, банктер инвестиция құя бастады. Аумақтағы халық саны 100 млн жуықтады. Яғни, нарық өте жылдам, қарқынмен дамып барады. Бұл жерде Қазақстанның да алар орны ерекше. Осы орайда алдағы уақытта Орта Азияға білікті менеджерлерге сұраныс арта түсетіні анық. Осы орайда бизнестегі менеджментке сұраныс арта түскендігін қаперге алды.
Мұнда білім алушыларға қос дипломды бағдарлама ұсынылып отыр. Оның аясында Швейцариямен бірлескен білім беру бағдарламасы іске асады. Бұл халықаралық тәжірибені ұлттық ортаға бейімдеуге ықпал етеді.
АЛМАТЫ