Жақында еліміздің барлық өңірінде жастардың шығармашылығы мен технологиялық әлеуетін ұштастыратын «Decentrathon 4.0» деп аталатын IT саласындағы ең ірі офлайн-хакатон өтті. Ауқымды жобаға төрт мыңнан астам инженер қатысып, олар жасанды интеллект бағытындағы нақты тапсырмаларды шешіп, идеяларын тәжірибе жүзінде сынақтан өткізді. Осынау игілікті іс-шара «Astana Hub» пен «Blockchain», «AITechnologyCenter», Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің қолдауымен ұйымдастырылды.
«Desentrathon» хакатоны елімізде осымен төртінші рет өткізіліп отыр. Алғашқы жылы 12 қала қамтылса, биыл 20 қаланың қатысушылары бақ сынады. Жеңімпаздарға қомақты сыйақы қарастырылған. Мәселен, «Solana Foundation» – 20 мың доллар, «Indrive» – 20 мың доллар, ал «Банк ЦентрКредит» 10 мың доллар көлемінде жүлде тікті.
Осы жобаға қатысушы Азамат Жеңісовтің айтуынша, жасанды интеллект саласында қазақ тілін дамытуға бағытталған жобаларды қолға алу өте маңызды.
«Қазір жасанды интеллект бойынша магистратурада оқып жатырмын. «Astana Hub» аясындағы «Tomorrow school» мектебінің түлегімін. Ол жақта 24 сағаттық ашық инфрақұрылым, тегін курстар бар. Бұл қолдау жастарды IT саласына тартуға айрықша ықпал етіп отыр. Өзім де жасанды интеллект саласында мықты маман болуды мақсат еттім. Егер осы хакатонда жеңімпаз атансам, стартап құру ойымда бар. Әсіресе қазақ тілін дамытуға бағытталған жобаларды қолға алғым келеді. Мысалы, қазақша сөйлеуді танитын, сөйлеу арқылы тіл үйрететін қосымшалар әлі де кемшіндеу. Нақтырақ айтсам, «Duolingo» қосымшасын қазақша сөйлеткім келеді», дейді А.Жеңісов.
Биылғы жиынға IT мамандығында оқып жүрген студенттерден бөлек, мектеп оқушылары мен тәжірибелі инженерлерге дейін қатысты. Осы хакатон барысында пайда болған тың идеялар мен шешімдер кейін серіктес компаниялардың жұмыстарына енгізілуі мүмкін. Сондықтан бұл іс-шара – еліміздегі технологиялық қоғамның даму деңгейін көрсетіп қана қоймай, жаңа стартаптар мен инновациялық өнімдердің пайда болуына жол ашады. Осы алаңда қатысушылар бір-бірімен бәсекеге түсіп, тәжірибелі менторлардан кеңес алып, жобаларын салалық сарапшыларға ұсынады. Үздік деп танылған командалар еліміздегі ең басты технологиялық алаң – «DigitalBridge – 2025» халықаралық конференциясында өз жобаларын әлеуетті инвесторлар мен серіктестерге таныстыру құқығына ие болады.
Айта кетейік, хакатонға қатысушылар бағдарламалау саласында ғана емес, бизнес-идея, маркетинг, қаржылық сауаттылық, жобаны басқару сияқты бағыттарда да білімін шыңдайды. Мұндай кешенді тәжірибе болашақ ІТ-кәсіпкерлер мен стартапшыларға берілген таптырмас мүмкіндік екені сөзсіз.