Белгілі журналист Оңдасын Елубайдың «Көзден кетсе де...» деп аталатын кітабы жарық көрді. Ұзақ жыл «Egemen Qazaqstan» газетінің Шығыс Қазақстан облысындағы меншікті тілшісі болған қаламгер бұл еңбегіне замандастары туралы ой толғамдарын топтастырған.
Кітаптың бірінші бөлімі «Алаштың абыройын асқақтатқандар» деп аталады. Қазақ балуандары арасынан тұңғыш Олимпиада чемпионы атанған даңқты балуан Жақсылық Үшкемпіровтің адами болмысы, азаматтық көркем мінезі туралы баяндайды. Қазақ спортына өлшеусіз үлес қосқан балуанды жаңа қырынан байыптайды.
2000 жылдары елімізде ауыр атлетика спорты құлдырауға ұшырады. Жаһандық додаларда діттеген нәтижеге жете алмадық. Осы тұста, федерация тізгінін Қайрат Тұрлыханов ұстап, шетелден білікті бапкерлерді тартып, жүйелі жұмыс жүргізді. Үш дүркін Олимпиада чемпионы атанған түрік ауыр атлеттері Найым Сүлейменоғлы мен Халил Мутлу сынды саңлақтарды түлеткен Енвер Түркелери бапкерді елге шақырды. Білгір басшының бұл байламы бекер болған жоқ, ауыр атлетиканың абыройын асырды. Біздің толағайларымыз да әлемнің үздіктері атанып, жаһан назарына ілікті. Қаламгер ауыр атлетиканы өрге сүйреген Қайрат Болатұлының қайраткерлігін тереңдей суреттейді.
Кітапта еркін күрестен әлемдік деңгейдегі жоғары дәрежелі төреші, Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Түсіпхан Сайхановтың салиқалы ғұмырындағы сәулелі сәттерін сағынышпен баяндайды. Самбо күресінен қазақ жастары арасында тұңғыш КСРО спорт шебері Марат Имашев небәрі 29 жасында көз жұмды. Тарбағатай топырағында туған тарланның отызға жетер-жетпес ғұмырында еңсерген асуын автор жан-жақты баяндайды.
«Алдыңғы толқын ағалар» деп аталған екінші бөлімде публицист, баспагер Ырым Кененбаевтың қазақ баспасөзіне қосқан жақсылығы туралы айтады. Білікті педагог, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Қанипа Бітібаеваның болмысы, оқу-ағарту саласына қосқан өлшеусіз үлесіне де осы кітапта жоғары баға беріледі.
Жазушы, сатирик, көсемсөзші Көпен Әмірбек жоғары оқу орнында оқып жүріп еркін күрестен спорт шебері атағын алғанын көпшілік біле бермейді. Автор курстасы Көпеннің қазақ руханиятына сіңірген еңбегін спорттағы жетістігімен де қатар өрбіте суреттейді. Сондай-ақ автор кітабында қазақ публицистикасының көрнекті өкілі, талантты жазушы Марат Қабанбаевтың көпшілікке беймәлім қырына, тағдыр-талайына тоқталады. «Көзден кетсе де, көңілде орнығып қалатын аяулы азаматтардың алдындағы құрметім болсын деген ниетпен осы кітапты жарыққа шығардым», дейді О.Елубай.