Ел ішінде Қазақстан Өзбекстанға жанармай сатып жатыр деген ақпарат тараған еді. Таяуда энергетика министрлігі мәлімдеме жасап, бұл деректі негізсіз деп тапты, деп жазады Egemen.kz.
«Қазір Қазақстаннан Өзбекстанға немесе өзге елдерге жанармай экспорты жүзеге асырылмайды. Елде мұнай өнімдерін сыртқы шығаруға тыйым салынған. Үкімет заңсыз сауда мен контрабандамен күрес жоспарын іске асырып жатыр», деп мәлімдеді министрлік.
Мекеме мәліметінше, ақпарат құралдарының бірі биыл көктемдегі бір жолғы уақытша шара туралы жазған.
Үкімет маусым айынан бастап бензин экспортын толық тоқтатты.
Министрлік мұндай шара ішкі нарықты тұрақтандыруға, жанармай қорын айтарлықтай ұлғайтуға мүмкіндік бергенін атап өтеді.
«Жаздың басына қарай АИ-92 бензині қоры шамамен 70%-ға, дизель отыны қоры 78%-ға артты. Қазіргі таңда мұнай өнімдері нарығындағы жағдай тұрақты. Ішкі нарық толық көлемде қамтамасыз етіліп жатыр», деп хабарлайды министрлік.