• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Тағзым Бүгін, 08:55

Ел рухын асқақтатқан Міржақып тойы

20 рет
көрсетілді

Қостанай облысында Алаш ардақтысы Міржақып Дулатұлының 140 жылдығына арналған дүбірлі той өтті. Қостанайда, қайраткердің кіндік қаны тамған Қызбел, Бидайық, Торғай төрінде екі күнге созылған танымдық-тағылымдық мәні зор мерекелік іс-шаралар ел рухын асқақтатып, ұлт мерейін көтеріп тастағаны анық.

Еңселі ескерткіш бой көтерді

Той Қостанайда басталды. Қаланың қақ төрінде, облыс әкімдігінің ғимараты тұрған орталық алаңда Алаштың аяу­лы перзентінің еңселі ескерт-­­

кіші тұғырына қонды. Ескерт­­кіш­тің ашылу салтанатына Мем­лекет басшысының тапсыр­ма­сымен Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов қатысты. Ол көп­­шілікке Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын оқып берді.

Президент құттықтауында «Төл тарихымызда азаттық үшін аянбай күрескен, ұлттың рухын көтеруге өлшеусіз үлес қосқан тұғырлы тұлғалар аз емес. Соның бірі әрі бірегейі – Міржақып Дулат­ұлы. Ол қазақтың асқақ арманы мен мұң-мұқтажын терең түсініп, ел мүд­десіне қалтқысыз қызмет етті. Жұрт­тың сана-сезімін жаңғырту жолында еңбек етіп, жасампаз рухтың жар­шы­сы болды. Адамзатқа ортақ құнды­лықтарды кеңінен дәріптеп, жастарды өнер-білімге үндеді. Міржақып Ду­латұлы әдебиетімізді жаңа деңгейге көтеру­ге зор еңбек сіңірді. Халқымыздың бір­туар перзентінің қайраткерлік қасиеті мен азаматтық ұстанымдары өскелең ұр­паққа әрдайым үлгі-өнеге болары сөзсіз» делінген.

Салтанатты іс-шараға Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов, Паламент депутаттары, зиялы қауым өкіл­дері мен жергілікті жұртшылық қатысты. Қазақстанның Халық жазушысы Төлен Әбдік, М.Дулатұлының жиені Ерлан Саты­балдиев сөз сөйледі. Жиын соңында көп­шілік Алаш қайраткерінің ескерт­кішіне гүл шоқтарын қойып, рухына тағзым етті.

Мәртебелі меймандар одан кейін Қызбел өңіріне ат басын бұрып, Бидайық­тағы Міржақып кесенесіне барды. Алаш аяу­лысының рухына құран бағыш­тап, Мір­жақыптың қайта жаңартыл­ған музей-үйінің ашылу салтанатына қатысты.

Мұражайдың реэкспозициясын белгілі кескіндемеші Бақытжан Досымов бір жылға жуық уақыт ішінде жасап шыққан.

«Музей-үйдің экспозициясын хро­ни­ка­лық-құжаттық тәртіппен жүйе­леп жа­сап шықтым. «Міржақыптың оралуы» де­ген жазу музей табалдырығын аттаған адамның көзіне бірден түседі. Бұл енді экспозицияның мазмұнын ашып тұрған жазу. Одан әрі аруақты баба қабі­рінің қалай табылғанын, сүйегінің елге оралуын баяндайтын құжаттар қойыл­ған. Алаш арысының сүйегін орап әкел­ген кілем, тұтынған дүние-мүлкі, басына қойылған жұлдызды ескерткіш орналастырылған. Жалпы, экспозицияда сұр түс басым, көрген кісі сол алмағайып заманның салқынын сезінетіндей, адамға ой салатындай етіп жасадым», дейді кескіндемеші.

 

Халықаралық марафон-бәйге

Мереке аясында «Amanat» партия­сының қолдауымен «Ұлы дала жорығы» марафон-бәйгесі жалауын көтерді. Дала төсін ауыздығымен алысқан небір дүлдүл дүбірге толтырған аламан бәйгеде 18 команда бақ сынайды. Марафон-бәйге Міржақып Дулатұлының 140 жылдығы мен Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына арналды. Осыған орай, Қазақстан халқы Ассамблеясы биыл бірінші рет «Бірлік» командасын бәйгеге қосып отыр. Қазақ тұлпарларымен жарысып, бауыр жазып, бақ сынап көрмекке Қырғызстаннан екі команда, Қабардин-Балқардан бір команда келіп отыр.

Осымен алтыншы рет өтіп жатқан айтулы марафонның басталу салтанатына Парламент Мәжілісінің төрағасы Ерлан Қошанов, облыс әкімі Құмар Ақсақалов арнайы келіп қатысты.

«Ұлы дала жорығы» – бірнеше жыл­дан бері тек елімізде ғана өткізі­ліп келе жатқан ауқымды ат жарысы. Ол қазақ халқының жылқымен біте-қай­насып жатқан төл мәдениетін, өзіндік қажыр-қайратын танытуға толық мүм­кіндік береді. Бұл – ұлттық спорт түр­лерін жаңғырту бағытында жүргі­зіліп жатқан мемлекеттік саясаттың жарқын дәлелі. Осы мәселені Пре­зидентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев үне­мі жіті назарда ұстайды. Былтыр елордада өткен Дүниежүзілік көшпелілер ойындары бұл жұмысқа қуатты серпін берді. Сонымен қатар арнайы заңдар қабылданып, ұлттық спорт түрлерін да­мытуға бағытталған жаңа оқу орта­лықтары ашылуда. Осының бәрі жақын арада өз нәтижесін береріне және ұлттық спорт түрлері жастар арасында да, жалпы қоғам арасында да ұлт­тық рухты тәрбиелеудің пәрменді құра­лына айналарына толық сенімдімін. Бәйге десе қаны қызбайтын қазақ жоқ. «Ұлы дала жорығы» рухымызды ас­қақтататын іс-шараға айналды. Мір­жақып Дулатұлының 140 жылдығына орай осындай ауқымды іс-шараның өтуі ұлт спортын ұлықтаудың, тарихқа тағзым, тұлғаға құрмет көрсетудің іс жү­зіндегі көрінісі. Шабандоздарға сәттілік тілейміз. Мерейтойымыз құтты болсын», деді Мәжіліс төрағасы.

Шабандоздарды облыс әкімі Құмар Ақсақалов та құттықтап, соңғы жылдары өңірде Қостанай қазанаттарын көбейтуге мән беріліп жатқанын тілге тиек етті.

«Бұл бәйге – халықаралық деңгейде ат туризмін дамытуға бағытталған маңыз­ды қадам. Өңірде Мемлекет басшы­сы­ның тапсырмасымен ат спортын да­мытуға ерекше ден қойылып келеді. Соның ішінде Қостанай тұқымын сақтап қалу үшін арнайы заң қабылданғанын айта кеткен жөн. Бүгінгі аламанда да Қостанай тұқымы додаға қосылады. Торғайда бастау алғалы отырған бәйге ел мерейін көтеретін оқиға. Шабандоздар, жолдарыңыз жеңіл болсын! Қасиетті Тор­ғай рухы биік, мәртебесі үстем, ме­рейтой құтты болсын», деді Құмар Ақсақалов.

«Ұлы дала жорығы» марафон-бәйгесі барысында жүзге жуық тұлпар бес күннің ішінде 500 шақырым жерді басып өтеді: Торғайдан шығып, орта жолда Қызбел, Бидайыққа бұрылады. Одан кері қайтып, күре жолдың бойына түседі де, Арқалыққа жетіп тоқтайды.

 

Жұртын оятқан қаламгер

Мерейтой аясында Торғайдағы Нұрхан Ахметбеков атындағы мәдениет үйінде Міржақып Дулатұлының өмірі мен шығармашылығына арналған «Міржақып және ұлт руханияты» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Алқалы жиынды Парламент Мәжілісінің депутаты, тарих ғылымдарының докторы, профессор Еркін Әбіл ашып беріп, құттықтау сөз кезегін облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетовке берді. Әкім орынбасары аталған іс-шараның Алаш аяулысының мұрасын насихаттау, азаттық идеясын зерделеу, оны жас ұрпақтың санасына сіңіру, еліміздің рухани жаңаруына жол ашатын терең таным мен парасатты пікір қалыптастыру мақсатында ұйымдастырылғанын айтты.

«Міржақып Дулатұлы елінің ертеңі үшін жанын шүберекке түйген, туған халқының азаттығы жолында аянбай еңбек еткен қайраткер. Оның ұлт руханиятына, білім мен ғылымның дамуына қосқан үлесі орасан. «Оян, қазақ!» деп дүр сілкіндірген Міржақыптың үні бүгін де өзектілігін жоғалтпаған асыл мұра. «Қазақ» газетіндегі публицистикалық еңбектері білім беру, ана тілі, ұлттық сана туралы айтқан тұжырымдары бүгін де өзекті, болашаққа бағыт берер темірқазық. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев: «Ұлт зиялыларының асыл арманы Тәуелсіздік еді. Біз сол армандардың орындалған дәуірінде өмір сүріп жатырмыз. Енді олардың аманатына адал болу басты міндетіміз», деген еді. Бұл сөз біздің әрбір жұмысымыздың, әрбір бастамамыздың темірқазығы болуға тиіс. Міржақыптың рухани мұрасын насихаттау тек тарихты танып-білу емес, жаңа дәуірдің саналы азаматын қалыптастыруға бағытталған үлкен жұмыс», деді Бақытжан Нарымбетов.

Конференцияның алқа отырысында көрнекті қаламгер Төлен Әбдік, академиктер Мәмбет Қойгелдиев пен Сәбит Байзақов, міржақыптанушылар Марат Әбсеметов, ғалым Ербол Тілешов, Сәбира Иманбаева, Торғай музейлер кешенінің директоры Гүлбану Сәрсекей мінберден сөйлеп, көпшілікке Міржақып Дулатұлының өмірі мен артына қалдырған асыл мұрасының ұрпаққа берер игілігі турасында ой толғады.

Мәселен, академик Мәмбет Қойгел­диев өткен ғасырдың басында Торғай өңірінде болған өзгерістер туралы жан-жақты баян етті.

Сөз басын «Таңертең Міржақыптың кесенесіне барып, музейін көріп осы конференцияға арнайы келдік. Қызбел­дің, Бидайықтың табаныма, балағыма жұққан шаңын әдейі қақпай осында келдім» деп бастаған академик Сәбит Байзақов Торғай өңірінен шыққан Алаш қайраткерлерінің өмірі мен елге сіңірген еңбегін әлі де болса тереңдете зерттей түсу қажет екенін айтты.

«Қалың қазақ елінің мақтанышына айналған арыстарымыздың біразы осы топырақта дүниеге келген. Соның ішінде халқымыздың самарқау тіршілігіне жаңа серпін беріп, оны жалпыұлттық ұранмен қаруландырып, азаттық жо­лына нұсқаудың басында тұрған Ахмет пен Міржақыптың орны бөлек. Тор­ғайлықтар бұл тойды көптен күтті. Оған бүкіл халық болып дайындық жасады. Облыс 140 жылдыққа 140 іс-шара арнап, Міржақыптың мерейтойын лайықты өткізіп жатыр. Өзім Міржақып туған топырақта дүниеге келдім. Жасымнан алашшылдар туралы әңгімені көп естідім. Қазір елден ұзап кетсем де, үлкейсем де сол алашшылдардың тағдыры, ел мен жерге қатысты келелі мәселелер мазамды ала береді. Бірінші айтпағым, біз адами парызымызға жеңіл-желпі қарайтын болып алдық. Жақсы-жайсаңдарымыз туралы айтсақ, үш адамнан асырмаймыз. Басқасын, көбіне, ескермейміз. Әсіресе Алашты қолдаған, талай жылдық тозақтан өткен, азаптан өлген жүздеген кісілердің обалына қаламыз. Бұл бағытта Президентіміздің тапсырмасы бо­йынша біраз жұмыс істелді. Бірақ ол жеткіліксіз. Мысалға, өзім туып-өскен Қызбелді тұтас алаш ауылы десе де болады. Міржақыптан басқа бұл ауылда туып-өскен және сол жылдарда жазаланған он бес адамды анық атай аламын. Олардың қатарында Міржақыптың ағасы Асқар Дулатұлы, Байеке Жұмабайұлы, Сейдәзім Қадырбайұлы, Әлмағанбет Қасымұлы, Мырзағазы, Мырзахмет Есболұлдары бар. Өкінішке қарай, осы аты аталған, аталмаған он алты адамның көбі бүгінге дейін дұрыс зерттелген жоқ. Біздің алдымызда осы олқылықтың орнын толтырып, олардың еңбектері мен есімдерін ардақтау, келешек ұрпақтың санасына сіңіру тәрізді үлкен міндет тұр», деді Сәбит Байзақов.

«Алаш арыстарының шұғыласы – Гүлнар Дулатова хақында» атты  ғылыми баяндама жасаған ғалым Сәбира Иманбаева жаңа салынып жат­қан Арқалық әуежайына Міржақып Дулатұлының есімін беру жөнінде ұсыныс айтты.

Конференция академик Мәмбет Қойгелдиевтің «Әбдіғаппар хан Жан­босын­ұлы және оның әулеті: азаттық үшін күресте өткен өмір. 1916–1936 жылдар» кітабының, журналист, жазушы Қайсар Әлімнің «Міржақып Дулатұлы: ғұмырнама» кітабы мен «Атылуын күт­кен алты күн» романының, Астана қаласы Абай Құнан­байұлы атындағы №87 мектеп-гимна­зиясының мұғалімі, жас тарихшы Данияр Ихсанның «Міржақып Дулатұлы. Қазақтың тарихы. Таңдамалы шығармалар жинағы» еңбегінің тұ­саукесер рәсімі өтті.

Мерейтой аясында «Топжарған» стадионында «Ұлт руханиятының шамшы­рағы» атты республикалық айтыс өтті. Айтулы сөз додасына Бекарыс Шойбеков (Түркістан), Мұхтар Ниязов (Қызылорда), Мейірбек Сұлтанхан (Астана), Әсем Ережеқызы (Семей), Аспанбек Шұғатаев (Павлодар), Қанат Мырзахан (Алматы), Батырлан Сағынтаев, Тоба Өтепбаев сынды жүйріктер қатысты.

Өнер бәйгесін ашып берген Мәжіліс төрағасы Міржақыптың 140 жылдығы аясында өтіп жатқан мерекелік іс-шаралар мемлекеттің, халықтың Алаш арысына берген бағасы, көрсеткен құрметі екенін атап өтті.

«Біз қазір де тарихи, тағдырлы шақта өмір сүріп жатырмыз. Алаш арыс­тары аңсаған тәуелсіздікке қолымыз жетті. Еңселі ел болдық. Соңғы жылдары Президенттің жүйелі, кешенді реформалары халқымыздың жан-жақты қол­дауын тауып отыр. Елдегі оң өзгеріс­тер қоғамның болашаққа деген сенімін ны­ғайтып келеді. Біздің бүгінгі мақсатымыз – әділетті, қуатты, таза және қауіпсіз Қазақстан құру. Айналып келгенде, кешегі Алаш арыстарының да, бүгінгі біздің де арман-аңсарымыз осы», деді Ерлан Қошанов.

Айтыс қорытындысында қазылар алқасының шешімімен Мұхтар Ниязов бас жүлдеге лайық деп танылды. Бірінші орын Бекарыс Шойбековке бұйырды. Аталған ақындардың екеуі де Қостанайда шыққан су жаңа автокөлік мінді.

 

Қостанай облысы