Қызылордадағы Ә.Тәжібаев атындағы облыстық кітапханада халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, Мәдениет қайраткері марқұм Жақсылық Рахматулланың туғанына 80 жыл толуына орай ғылыми-танымдық конференция өтті. Ұзақ жыл баспасөз саласында қызмет еткен қаламгердің «Алыстай берген аяулым», «Өмір самалы», «Болашаққа сенім», «Ғұмырдария», «Жібек жолындағы жұлдыздар», «Сағым жылдар», «Кие», «Хикаяттар», «Дала толғауы» «Меңсұлу», «Қызғалдақ қалың шыққан жыл» шығармалары – оқырманнан өз бағасын алған туындылар.
Еңбек жолын аудандық басылымнан бастаған Жақсылық Шайманұлы облыстық «Сыр бойы» газетінің бас редакторы болған тұста дәстүрлі баспасөзді заман талабына бейімдеп, жаңа бағытқа жол ашты. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының өңірдегі филиалын басқарып, қаламы қуатты талай жанға қолдау танытты.
Конференцияда «Сыр бойы» газетінің бас редакторы, Журналистер одағы облыстық филиалының төрағасы Қуат Шарабидинов қаламгер рухына құрмет көрсету мақсатында ұйымдастырылып жатқан іс-шаралар жайлы айтып өтті. Ал облыстық қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Артур Қамбаров баяндамасын Жақсылық Шайманұлының өз дәуірінің шежіресін шынайы жазғандығынан бастады. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Қаршыға Есімсейітова жазушы шығармашылығына тоқталды. Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің аға оқытушысы Аягөз Әбдіразақова өңір журналистикасында қолтаңбасы қалған көрнекті қаламгердің шығармашылығына толымды талдау жасады.
Қаламдас інісі Дүйсенбек Аяшұлы облыстық газетті басқарған жылдары Жақсылық Рахматулланың газет жанынан нарық сұранысына сай бірнеше қосымша шығарып, өзін-өзі қаржыландыру әдісін сәтті бастағанын айтты.
Конференцияда қаламгердің қатарластары да естеліктер айтып, «Сыр бойы» газеті редакциясының ұйымдастыруымен Жақсылық Рахматулланың 80 жылдығына орай жас журналистер арасында өткізілген «Қызылорда – құндылықтар қаласы» атты шығармашылық байқау жеңімпаздары марапатталды.
ҚЫЗЫЛОРДА