«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы «ЦОН» мобильді қосымшасына «Көлік тарихы» жаңа сервисін енгізді, деп жазады Egemen.kz.
Жаңа сервисте Қазақстанда тіркелген көліктердің тарихы топтастырылған. Ол жерден автокөліктің тіркелуі, тыйым салулар мен кепілдіктердің болуы, әкімшілік айыппұлдар, кедендік рәсімдер, утилизациялық алымның төленуі, ерекше белгілер мен берілген техпаспорттар жөніндегі мәліметтерді білуге болады.
Бұл мүмкіндік көлікті сатып алу кезінде жасырын мәселелерді алдын ала анықтап, тәуекелдерді азайтуға және автокөліктің заңдық тұрғыда қиындықтары бар-жоғын анықтауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, сервис мәмілелердің ашықтығын арттырып, автонарықтағы алаяқтықтың алдын алуға ықпал етеді.
Ақпарат алу үшін азаматқа көліктің VIN-кодын енгізу жеткілікті. Осылайша, есеп мемлекеттік деректер қорынан алынатын мәліметтердің негізінде нақты уақыт режимінде жасалады.
Бұл сервис «ЦОН» мобильді қосымшасында (App Store/Google Play) ЖСН мен телефон нөмірі арқылы тіркелгеннен кейін қолжетімді болады.
Айта кетейік, қызмет - ақылы. Бір тексеру құны - 500 теңге болса, 10 тексеріс – 4500 теңге, 20 тексеріс – 8000 теңге деп белгіленген.