20 қыркүйекте әлем бойынша өткен «World CleanUp Day» экологиялық акциясы аясында Қазақстанда кең ауқымды сенбілік ұйымдастырылды. Бастама қоршаған ортаны тазартуға және халық арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталды.
Республика аумағында өткен шараға 422 мыңнан астам адам қатысты. Олардың қатарында 135 мыңнан астам мемлекеттік орган өкілдері және 52 мыңнан астам ерікті болды. Әсіресе жастар белсенділік танытып, студенттер мен мектеп оқушылары, жастар ұйымдары мен волонтерлер қозғалысының мүшелері экологиялық жауапкершілікті өз мойындарына алуға дайын екендіктерін көрсетті.
Науқан барысында қалалық көшелерден бастап су айдындарының жағалаулары, саябақтар, орман алқаптары мен елді мекендердің шет аймақтарына дейін тазалау жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде 9 мың гектар жер қоқыстан тазартылып, 12 мың тоннадан астам тұрмыстық қалдық жиналды.
Сонымен қатар көгалдандыру жұмыстарына ерекше көңіл бөлінді. Акция аясында 18 мыңнан астам ағаш пен бұта отырғызылды.
Жасалған жұмыстардың қорытындысы еліміз тарихындағы ең ауқымды экологиялық шаралардың бірі ретінде танылып, КИнЭС рекордтар кітабына тіркеуге ұсынылды.
Экологиялық акция «Таза Қазақстан» ұлттық бастамасының аясында өтті. Бұл жоба аумақтарды тұрмыстық қалдықтан тазарту арқылы азаматтардың жауапкершілігін арттыруға және экологиялық мәдениетті нығайтуға бағытталған.
Ұйымдастырушылар әрбір қатысушыға белсенді азаматтық ұстанымы үшін алғыс білдірді. Олардың айтуынша, табиғатты қорғауға деген сүйіспеншілікпен жасалған қарапайым әрекеттердің өзі үлкен өзгерістердің бастамасына айнала алады.