Жақсы әсер алып жатырмын. Бауырлас мұсылман ретінде Қазақстанға деген мақтаныш сезімімді, құрметімді жеткізгім келеді. Өйткені қазір әлемге көз жүгіртсек, қайшылықтар, қақтығыстар, арандату, қоғамды жік-жікке бөлетін теріс пиғылды ұрандар көбейіп барады.
Осындай қиын-қыстау ахуал қысқан сәтте Қазақстан барша адамзаттың түрлі діни ұстанымдағы рухани көшбасшыларын Шығыс пен Батыстан, Солтүстік пен Оңтүстіктен, түрлі мәдени және діни ортадан жинап, бірнеше жылдан бері ортақ диалог орнатуға бастамашы болып келеді.
Осы съезге қатыса отырып, бейбітшіліктің мүмкін екеніне, бірліктің орнай алатынына көз жеткізесің. Әртүрлілікті жеке тұлғаның немесе халықтың болмысына төнетін қауіп емес, керісінше байлық екенін сезінесің. Сондықтан дәл қазіргідей әлемдік қақтығыстар өршіп тұрған кезеңде мұндай алаңдардың маңызы аса зор. Мен мұсылман ретінде Қазақстанның осындай игі бастаманы қолға алып, бітімгерлік бағытта үлкен рөл ойнап отырғанына ерекше ризамын. Қазақстан бұл съезді 20 жылдан аса уақыт бойы үзбей өткізіп келеді. Бұл – елдің беделі мен жауапкершілігінің айқын айғағы.
Астананың осындай сенімді диалог алаңына айналуының басты себебі шақырылған делегаттардың Қазақстанға деген сенімі деп ойлаймын. Мұнда келген адамдар өзін жайлы сезінеді. Әрине, біздің идеологиялық, саяси, діни айырмашылықтарымыз бар. Бірақ соған қарамастан Қазақстан қоғамы мен мемлекеті әрбір өкілге құрметпен қарайтынын біледі. Осылайша, пікір алшақтығына қарамай, ортақ міндеттемелер қабылдап, бірлескен қадамдар жасауға мүмкіндік береді. Бұл – әділеттірек әрі гуманистік дүниеге бастайтын ортақ жол.
Сондықтан мен сіздердің елді және қоғамды, ел билігін осындай бастамасы үшін шын жүректен құттықтаймын. Бұл – әлемге қозғау салар өте маңызды үлгі. Айтпақшы, биыл алғаш рет Аргентинадан өкіл қатысып отыр. Осы тұрғыдан да мен бұл шақыртуды өзім үшін үлкен мәртебе санаймын.
Маруан Саруар ГИЛ,
Аргентинадағы Ахмадийа мұсылман қауымдастығының имамы әрі президенті