• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Пікір Бүгін, 08:52

Рухани үндестік – келісімнің берік негізі

10 рет
көрсетілді

Астанадағы Әлемдік және дәстүрлі дін көшбас­шыларының съезі – рухани үндестік пен өркениеттер­дің өзара құрметі негізін­де өрбитін жаһандық диалог алаңы.

Қазақстан тарихи Жібек жолының торабында орналасқан ел ғана емес, сонымен қатар әртүрлі мәдениеттер мен руханияттардың түйісетін тұғырлы кеңістігіне айналды. Мұнда «домбыра мен гитара, арфа» қатар үндесіп, әлемдік мәдениеттер симфониясына айналып отыр. Бұл – Қазақстанның мәдени ашықтығы мен рухани байлығының көрінісі.

«Бір белдеу – бір жол» бастамасы аясында жүзеге асқан халықаралық іс-шаралар Қазақстанның мәдени және рухани платформа ретіндегі рөлін нығайта түсті. Мұндай жобалар өркениет­тер арасындағы өзара байланысты жаңа деңгейге көтеріп, өзара құрмет пен ашықтық рухын қалыптастыру­ға бағытталған. Бұл – осы съездің басты тақырыбымен толық үндесетін құндылықтар.

Буддизм әлемдегі бар­лық нәрсе бір-бірімен тығыз байланысты деп үйрет­еді. Христиан дінінде адам­ға жақсылық жасап, жа­қыныңды өзіңдей сүю керек дейді. Исламда сабыр сақтау пен мейірімділік бас­ты қасиеттердің бірі. Ал даосизм болса, табиғатпен үйлесімде өмір сүруді насихаттайды. Осы діндердің бәрі, әрине, әрқайсысы өз жолымен, адамдарды ізгілікке, түсіністікке және бейбіт өмірге шақырады. Сондықтан бұл рухани ілімдер дінаралық диалог үшін берік негіз қалыптастырады. Діни дәстүрлер адамзаттың ортақ рухани тәжірибесі ретінде біріге отырып, бейбіт өмір мен келісімді қамтамасыз ете алады.

Бүгінде бізді алаңдататын жаһан­дық проблемалар климаттың өзге­руі, ашаршылық, қақтығыстар – бар­­­­шамызға ортақ сын-қатерлер. Бұл мә­се­лелерді тек саяси немесе технологиялық тәсілдермен емес, рухани және моральдық көзқараспен де қарастыруымыз қажет. Сондықтан дін көшбасшылары жастар тәрбиесіне, отбасылық және адамгершілік құн­дылықтарды нығайтуға, мәдени жобалар аясындағы ынтымақтастыққа ерекше назар аударуға тиіс.

Дін өкілдері насихатпен ғана емес, нақты әрекеттермен де үлгі көрсетулері қажет. Біз игі идеяларды нақты іске айналдыруымыз керек. Бос сөз емес, шынайы рухани энергия адамзатқа үміт сәулесін сыйлайды. Сол арқылы бейбіт өмірге жол ашылады.

Бұл ретте Қытай буддашылар қауым­дастығы әлемдік діндермен бірлесе әрекет етуге дайын екенін жеткізг­ім келеді. Біз келіспеушілікті келі­сім кемесіне салып, сенімді желкен етіп, нақты әрекетті ескекке айнал­дырсақ қана, ортақ бейбіт және бақытты болашаққа жете аламыз.

 

Цзин БО,

Қытай буддашылар қауымдастығы төрағасының орынбасары