• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Мәселе 17 Қыркүйек, 2025

Балалар арасындағы қатыгездік

50 рет
көрсетілді

Жамбыл өңірінде бірнеше күннің бедерінде екі бірдей мектеп оқушысы көз жұмды. Жалпы алғанда жаңа оқу жылы басталғалы үш мектеп оқушысы бұзақылық салдары­нан бақилық болды. Өкініштісі сол, кейінгі екі оқушы қатар­ластарының қолынан қаза тапқан.

Оқыс оқиғаның бірі Тараз қаласындағы №47 мектепте болды. Үзіліс уақытында 9-сынып оқушылары өзге сыныптағы қатарласын соққыға жығыпты. Кеуде тұстан тиген соққының салдары ауыр болған. Өрімдей жасөспірім жедел жәрдем жеткенше жан тапсырды.

Өңірде бұрын болған оқыс оқиғаға ұқсас жағ­дай қай­та­лан­ға­ны қынжылтпай қой­май­­ды. Осы­дан 6 жыл бұрын ­мек­теп дәретха­насындағы тра­ге­дияға Мемлекет басшысы­ның өзі тікелей араласып, сол кездегі қала әкімі қызметі­нен айырылған еді. Ал енді өңір­де жасөпірімдер өлімі жиілеп кетті. Бұл жағдай кімді де бол­сын толғандырмай қоймайды.

Облыстық полиция депар­таменті бастығының орынбасары Байжан Байгелдінің айтуын­ша, соңғы оқиғаға қатысты жедел іздестіру іс-шаралары ке­зін­­де полиция қызметкер­лері кә­мелетке толмаған күдіктіні анық­тапты. Ол уақытша ұстау изо­ляторына қамалған. Қа­зірде қылмыстық істі толық­қанды объективті тергеу мақ­сатында барлық қажетті жұмыс жүргізіліп жатыр екен.

Иә, жоғарыда айтқанымыз­дай, бұл бірінші жағдай емес. Бірнеше күн бұрын Шу ауданына қарасты Көкқайнар ауылында да жасөспірім өмі­рімен қоштасты. Дерекке сенсек, мектеп оқушылары жасыл алаңда футбол ойнапты. Жоғары сынып оқушылары жасыл алаңда жеңілістің кермек дәмін татқан көрінеді. Поли­ция қызметкерлерінің мәліметін­ше, жеңілген тарап жасы кіші­лерді жазалауға бекінген. Осы­лайша, ойыннан кейінгі жағ­­дай ушығып, төбелеске ұлас­­қан кө­рінеді. Соққы салдарынан бір жасөспірім мерт болған. Ал бұған дейін жаңа оқу жылы­ның басында Тараздағы ша­ғын ауданның бірінде кәме­летке тол­маған жасөспірім пы­шақ жа­рақатынан көз жұмған еді.

Өңірде жасөспірімдер ара­сындағы қылмыстың жиілеп кетуіне байланысты облыс бас­шысы Ербол Қарашөкеев шұ­ғыл кеңес өткізіп, салаға жауап беретін шенеуніктерді сынға алды. Сондай-ақ ол бірнеше ше­неу­нікке тәртіптік шара қолдану ­туралы шешім қабылдады.

«Жаңа оқу жылы басталғалы бері өңірде кәмелетке тол­ма­ғандар арасында аса ауыр қыл­мыстың жиілеп кетуі жағдай­дың ушығып бара жатқанын көрсе­теді. Бұл мәселеге қатыс­ты шұғыл әрі нақты шаралар қабылдау қажет. Бала – біздің болашағы­мыз. Ертеңіміздің жарқын болуы үшін олардың қауіпсіздігі мен тәрбиесіне, алаңсыз білім алуына жағдай жасауға тиіспіз. Сіздерді тың­дасақ, барлық жұмыс жүріп жатыр, ауқымды іс-шаралар атқарылып жатыр дегенді алға тартасыздар. Алай­да нәтиже­сін өздеріңіз көріп отырсыздар. Кейінгі екі аптада үш қайғылы жағдай болды. Демек сіздердің жұмыс тәсілдеріңіз тиімсіз болып тұр. Оқушылардың тәр­бие­сі жөнін­де мектеп, ата-ана, қоғам үштігі­нің өзара бірлескен жұ­мы­сын басынан қарау керек. Қазір­гі бала­лар­дың күн са­йын ой-өрісі өзгеріс­ке ұшырап, көзқара­сы басқаша қалыптасып жатыр. Сондық­тан бұл бағытта­ғы жұмыс тәсілі­міз де жаңаша сипатта қарқын алуы керек деп есептеймін», деген Е.Қара­шөкеев нәтижесіз жұмыстарды сын тезіне алып, салаға жауап беретін бірнеше шенеунікке шүйлікті.

Сондай-ақ ол бұған дейін өзекті мәселе бойынша нақты тапсырмалар берілгенін, алайда жауапты тұлғалардың қабыл­даған шараларынан нақты нәти­же шықпағанын айтты.

Екі апта ішінде өңірдегі жағ­­­дайдың қатты ушыққанына алаң­­даған өңір басшысы Е.Қара­шөкеев орын алған оқыс оқи­ғаларға қатысты бір­неше ше­неунікке қатысты тәр­тіп­тік сипат­­­тағы шешім қабыл­дауға мәж­бүр болды. Өңір бас­шы­сы облыс әкімінің орынбаса­ры Серік Сәлемовке – сөгіс, Тараз қала­сының әкімі Бақытжан Орын­­бековке, Шу ауданының әкімі Бақытжан Жәнібековке, облыстық білім басқармасы­ның басшысы Нұрбек Оршы­бековке, Тараз қаласы әкімі­нің әлеумет­тік салаға жауапты орынбасары Ұлана Сламбековаға, Шу ауда­ны әкімінің орынбасары Най­ман Сұлтанбаевқа қатаң сөгіс жа­риялады.

Е.Қарашөкеев облыс­тық бі­лім басқармасының басшылы­ғы­нан Тараз қалалық және Шу аудандық білім бөлімдері­нің бас­шыларының, өзге де жауапты тұлғалардың атқарып отырған қызметіне сәйкесті­гін қарастыруды талап етті. Сондай-ақ жасөспірімдер ара­сындағы қылмыстың алдын алу үшін шұғыл зерделеу тобын құрып, тиісті жұмыс жүргізуді мін­деттеді. Атқарылған жұмыс бо­йынша Тараз қаласының және Шу ауданының әкімдері жекелей жауап береді.

Облыс басшысының айтуынша, әр ауылдық округтің жеке учаскелік полиция инспекторы болуы керек. Сондықтан бос тұрған штаттар шұғыл толық­тырылып, облыс аумағында тиіс­ті жұмыс жүргізілуі қажет.

Бала құқықтары жөнін­дегі өңірлік уәкіл Дәурен Бағжа­новтың айтуынша, осы айдың аяғында Бала құқығы жөнін­дегі уәкіл Динара Закиева бастаған мониторингтік топ өңірге келіп, өзекті мәселені жан-жақты зер­делейтін көрінеді.

Қалай десек те, өңірде болған қайғылы оқиғалар кімді де болса толғандырмай қоймайды. Үш бірдей жасөспірімнің айдың-күннің аманында көз жұ­муы – орны толмас трагедия. Бұл мәсе­ле назарымыздан тыс қалмақ емес.

 

Жамбыл облысы