• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Отбасы Бүгін, 10:15

Ырыс ұялаған шаңырақ

100 рет
көрсетілді

Мемлекеттің тұрақтылығы мен қоғамның дамуы ең алдымен отбасының беріктігіне байланысты. Осы тұрғыда өнегелі әулеттердің өмір салты көпшілікке үлгі әрі тәрбиенің алтын қазығы саналады. Біз баяндағалы тұрған Игеновтер отбасының бұлжымас қағидасы да сол, маңайына ізгілік дәнін сеуіп, елдің алғысына бөлену.

Осыдан он алты жыл бұрын шаңырақтың уығы қадалған еді, қазір ордалы отбасына айналды. Отағасы Өмірхан Ақымашұлы үйіндегі он екі баланың оныншысы. Жары Гүлырысты Қамиқызы да он ба­лалы отбасында өсіп-өнген. Содан да шығар, бала кез­дерінен көпшіл, бауырмал болып өскен екеуінің үйлерінен кісі арылмайды. Келген мейманын төрге оздырып, төредей күту екеуінің де бала кезден сіңген дағдысы, өнеге еткен тәрбиелері.

Екеуі де еңбекке епті. Жас­тайынан көліктің, техниканың тілін жетік ұғынған Өмірхан бүгінде сүйікті ісін кәсіпке ай­нал­­дырып отыр. Көліктің кез келген­ ақауын анықтап, оны сар­тылдатып қалпына келтіру –­ күнделікті тірлігі. Алғашында көлік жөндеу орталығынан орын жалға алып, жұмыс істеп жүрген оған жеке нысан салып алу туралы ой келеді. Осыдан он жыл бұрын Қарағандыдағы «Күн­гей» шағын ауданынан жер алып, жары екеуі адал ең­бек­тің арқасында еңселі үй тұр­ғызды. Қазір балаларына алаң­дамайды, емін-еркін өз аула­ларында, көз алдарында асыр салып ойнап жүр. Жары Гүлырыс­ты да ауылда өс­кен­діктен шаруаға ширақ. Үй тұр­ғызарда жолдасына бір өзі қол­ғабыс етеді. Бастысы, қол­дарынан келеді. Сөйтіп, үйі­нің іргесінен жер алып, 250 шар­шы метр болатын нысан са­лады. Алты көлікке орын бар. Кө­ліктің май-суын ауыс­ты­рып, қозғалт­қышы, беріліс қорабы секілді кез келген бөл­шек­ті жөндеп шығарады. Қазір ба­лаларын да еңбекке баулып жүр. Алдағы күндері кәсіп нысанын өзге шеберлерге жалға беріп, табысын арттыруды көздейді.

Гүлырысты да жеке кәсібін ашып, отбасылық табысқа тәп-тәуір үлес қосып отыр. Нан себеттерін әзірлейді. Үйде­ оты­рып-ақ той-томалақ пен құ­далыққа тапсырыс ала­ды. Тіпті ет ыстайтын құрыл­ғы­сы­мен жылқының қазысын, жая­сын, үйректі де дәмді етіп жасайды.

Жақында мемлекет тарапынан қайтарымсыз грант алды. Ол қаражатқа қажетті құрал-жабдықтар алуды жоспарлап отыр.

«Күйеуім екеуміз балаларымызды барынша адал еңбекке тәрбиелеуді өмірлік мұратымызға айналдырдық. Бала кезінен бастап жұмсап, өзімізге қолқанат қылдық. Қазір соның қызығын көріп отырмыз. Әкесіне екі ұл, менің асүйдегі шаруама екі қызым көмектеседі. Қазы айналдыру, шұжық еттерін әзірлеуді, түрлі дәмдеуішін келтіріп, оны ыстап, кептіруді қыздарым да әжептәуір үйреніп алды. Соған қуанамын. Шаруа істеп жүріп, әкесі мен ұлдары, анасы мен қыздары болып сырласамыз. Бастысы сол, балаларымыз білімді, еңбекқор болып өссе деген әр қазақтың арманы бізде де бар», дейді шаңырақтың анасы.

Шаттыққа бөленген шағын мем­лекет ұлттық құндылық­тар­ды жоғары бағалайды. Әке­лері Өмірхан үйінің ауласына киіз үй тігіп қойыпты. Ала жаздай асты қазақы үйден ішеді. Киіз үйдің ішінде қамшы, қасқырдың терісі секілді көр­не­кіліктер әдемі үйлесім тапқан.

«Өзіміз бала кезде киіз үйде өстік қой. Сол себепті, қазақы қасиетті ұғынып өссе екен дейміз. Бойларына ұлттық тәрбие сіңірсе ұлтқа жаны ашитын болады», дейді Өмірхан.

Бұл шаңырақ үшін әр жұма – отбасы күні. Жұманың кешінде дәмді ас дайындап, дастарқан басында жиналып, бір-біріне сыйлық үлестіріп, аптаның қалай өткенін талқы­лап, демалысқа жоспар құру өмір салтына айналған. Барлық ағайын-туыс ауылды аңсаса, Өмірхан Игеновтің үйіне жиналады. Өйткені ол – ырыс ұялап, құт қонған шаңырақ.

 

Қарағанды облысы