• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
ЖОЛДАУ Бүгін, 08:40

Ауыл шаруашылығы саласының жүгі салмақты

20 рет
көрсетілді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Жолдауында ауыл шаруашылығы саласына зор міндет жүктеліп отыр.

«Мәселе – қаражаттың көлемінде емес, ең бас­тысы, оны тиімді пайдалану қажет. Озық агро­экономикаға көшу үшін Үкіметтің нақты жос­пары болуы керек. Қазір ауыл шаруа­шы­лығы өнімдерін терең өңдейтін бір­қатар ірі жоба жүзеге асырылып жатыр», деген Президент, қаражатты тиімді пайдалану туралы өте орынды мәселе көтерді. Ақмола өңір­інде агро­өнеркәсіп кешенін дамытуға бағы­ттал­ған қаражат мол. Мәселен, осы жылы 242,7 млрд теңге қарастырылып отыр. Оның 63,3 миллиарды – қайтарымсыз субсидиялар. Бұны таратып айтар болсақ, өсімдік шаруашы­лығын субсидиялауға – 26,6 млрд теңге, мал шаруашылығын субсидиялауға – 5,7 млрд теңге, инвестициялық субсидиялар мен па­йыз­дық мөлшерлемені субсидия­лауға – 30,4 млрд теңге, терең өңдеуді субси­диялауға 0,6 млрд теңге бөлініп отыр. 179,4 млрд теңгеден астамы жеңілдетілген несие­лендіруге бағытталған. Атап айтқанда, «Кең дала» бағдарламасы – 13,3 млрд теңге, «Кең дала-2» бағдарламасы – 104,7 млрд теңге, форвард­тық сатып алу – 4,1 млрд теңге, «Ауыл аманаты» бағдарламасы бо­йынша – 2,5 млрд теңге, инвестициялық жобаларды жеңіл­детілген несиелендіруге – 17 млрд теңге, өңдеу кәсіпорындарын жеңілдетілген несие­лендіруге 2,3 млрд теңге қарастырылған.

«Мемлекеттік қолдау шараларының ауқымы және уақтылы көрсетілуі ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілерге көп көмек болып, саланың қарқынды дамуына мейлінше оң серпін беріп отыр. Сөзіміз дәлелді болу үшін нақты мысалдар келтіре кетелік. Өңір­де биыл мемлекеттік қолдаудың арқа­сын­да көктемгі және жазғы дала жұмыс­тары іркіліссіз, сапалы жүргізілді. Диқан­дардың қажырлы еңбегінің арқасында бітік егін өсірілді. Ақмолалық диқандар биыл да рекордтық өнімнен дәмелі. Күзгі жиын-терім уақтылы, ысырапсыз жиналса, 7 млн тонна өнім жиналмақ. Тағы бір айта кетерлігі, майлы дақыл алқаптарынан алғаш рет 650 мың тонна­дан аса өнім жиналды», дейді облыс­тық Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Нұрбек Бадырақов.

Өңірдің ауыл шаруашылығы құры­лым­дарында нәтижелі еңбек жүзеге асырылып жатыр. Ет өндірісі 2024 жылмен салыстырғанда 6 пайызға асты. Сүт өндірісі де төрт пайызға көбейді. 166 млрд теңгенің азық-түлігі өндірілді. Өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 12,6 пайызға көп.

Инвестицияның тартылуы да оң сипатқа ие. Агроөнеркәсіп саласына 60,5 млрд теңге инвестиция тартылды. Осы жылдың жеті айы бойынша өткен жылмен салыстырғанда бұл көлем 1,5 есеге көбейді.

Дала жұмыстарының тиянақты жүр­гізілуі материалдық-техникалық база­ның мықтылығына байланысты екені бел­гілі. Өңірдің ауыл шаруашылығы құры­лымдары жыл басынан бері 1 430-дан аса ауыл шаруашылығы техникаларын ­сатып алып, қуатын арттырды. Бұл ба­ғыт­та 47 млрд теңге қаражат жұмсалды. Былтырғы деңгеймен салыстырғанда 33 пайызға көбейді. 2024 жылдың 8 айында 35,4 млрд теңгеге 1 053 техника алынған еді. Анықтама үшін айта кететін болсақ, жеңілдетілген лизингпен 1 023 техника алынды. Ең бастысы, ауыл шаруашылығы саласында жұмыс істейтін адамдардың жалақысы 26,4 пайызға өсіп, 310 мың теңгеге жетті.

«Басты міндет – ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы көлемін екі есеге арттыру. Ол үшін, әрине, саланы қарқынды дамыту қажет. Міндет биігіне жету үшін ауыл шаруашылығы дақылдарын әртараптандыру және агротехника деңгейін арттыру міндеті қойылып отыр. Оның ішінде майлы дақылдардың көлемін ұлғайту, өнімділігін арттыру және жаңа технологияларды батыл енгізу мәселелері бар. Енді ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу бағытында алдымен астықты өңдеу мәселесін дұрыс шешетін ауқымды, ірі жобаларды іске қосу керек. Салаға серпін беретін инвестициялық жобаларды жүзеге асырған ләзім. Облыстағы ірі агрофирмалардың толық өндірістік циклін құрып, тәжірибесін кеңейту қажет. Бұл арада ғылымның жетістігі де көп көмек болар еді. Алдымызда ауыл шаруашылығы өнімін экспортқа шығару көлемін көбейту және жаңа нарықтарға шығу міндеті тұр. Осы уақытқа дейін пайдаланылмай жатқан және бір кезде заңсыз алынған ауыл шаруашылығы жерлерін қайтару, оны кәдеге асыру мәселесі де бар», дейді Н.Бадырақов.

Егіс алқаптарын әртараптандыру аясында бір дақылды жүйені – бидай алқаптарын кезең-кезеңімен қысқар­тып, жоғары рентабельді майлы дақыл­дар көлемін көбейту жоспарланып отыр. 2028 жылға дейін майлы дақылдар көлемі 603 мың гектарға жеткізілмек. 2025 жылы бұл көлем 495,4 мың гектарды құрап еді. Агротехника деңгейін өсіру үшін минералды тыңайтқыш­тар­ды енгізу көлемін ғылыми негіздел­г­ен нормаға дейін жеткізгеніміз жөн. Ол 627 мың тоннаны құрайды. Гектар берекесі элиталық тұқымға да байланысты. 2025 жылы элиталық тұқым көлемі 13,5 па­йызды құраса, келесі жылы 15 пайызға жеткізіледі.

Мемлекет басшысының ІV Ұлттық құрылтай отырысында елімізді он жыл ішінде астықты терең өңдейтін әлемдік өндірушілер мен жеткізушілердің үздік ондығына енгізу үшін өңірде маңызды инвестициялық жобалар жүзеге асырылып жатыр. Соның бірі – Қытайдың «Далянь» компаниясымен бірлесіп қолға алған астықты терең өңдейтін ірі зауыт салу жобасы. Бірінші кезеңдегі инвестиция көлемі 650 млн долларды құрайды. Жалпы құны – шамамен 1,8 млрд доллар. Зауыт «Aqmola» инвестициялық аймағында үш кезеңмен салынады. Кәсіпорын толық қуатына енгенде жылына 3 млн тоннаға дейін астық өңдей алады. Зауытта сұранысқа ие глютен, крахмал және минералды тыңайтқыштар өндіріледі.

Салада алдағы үш жылда импорттық алмастыру және экспортты көбейтуге басымдық бере отырып, жалпы көле­мі 963 млрд теңгені құрайтын 86 инвес­тициялық жобадан тұратын пул қалып­тастырылады. Инвестициялық жобаларды іске асыру өңірдің экономика­лық өсімін жақсартары сөзсіз. Шикі сүт өндірісі 1,5 есеге, барлық түрдегі ет өндірісі 1,2 есеге, тауық жұмыртқасы өндірісі 13 пайызға өседі.

Суармалы жерлердің көлемі 2,7 есеге ұлғайтылмақ. Осы шаруалардың барлығы азық-түлік қауіпсіздігін ны­ғайтуға мүмкіндік береді. Елорданы азық-түлікпен қамту көлемі көбейеді. Сүт 30 пайыздан 50 пайызға, ет 30 пайыздан 40 пайызға, жұмыртқа 80 пайыздан 100 пайызға дейін өсер еді.

Өңірде ауыл шаруашылығы өнімін өсіруден бастап оны терең өңдеуге дейінгі толық өндірістік циклді қам­тамасыз етіп, табысты әрі тиімді жұмыс істеп жатқан ауыл шаруашылығы құ­ры­лымдары бар. Олардың қатарында Целиноград ауданындағы «Родина»  мен Жақсы ауданындағы «ТНК» агрофирмаларын атай кетуге болады. Олардың жұмыс нәтижесін бір гектар егістік жерге түсетін салықтық жүктемеден көруге болады. Мысалы, «Родина» агрофирмасында бұл көрсет­кіш 19,7 мың теңгені құраса, облыс бойын­ша орташа деңгей – 3 193 теңге.

2024–2025 жылдары жергілікті бюджеттен бөлінген 49 млн теңге есебінен инновациялық тәжірибені тарату және енгізу бағдарламасы жүзеге асырылып жатыр. Бағдарламаның мақсаты – өнімділікті 10–15 пайызға арттыруға бағытталған ғылыми-инновациялық технологияларды сынақтан өткізу және қолдану.

Ауыл шаруашылығы өнімінің экспортын ұлғайту және жаңа нарықтар­ға шығу мақсатында өңірде халықара­лық өзара тиімді ынтымақтастықты жол­ға қою жұмысы жүзеге асырылып жа­тыр. Эстонияның «Muga Grain Terminal» астық терминалымен жасалған екі­жақ­ты меморандум аясында Эстония мен Еуропа елдеріне шығарылатын бидай экспортының көлемі едәуір артты. Осы жылдың сегіз айында 155,6 мың тонна бидай экспортталды. Астық өнімдерін ішкі нарыққа жеткізудің көлемін арттыру үшін облыс орталығындағы әуежай базасында авиаагрохаб құру қажеттігі бар. Қатар еліне әуе арқылы қой етін экспорттаудың оң тәжірибесі қалыптасып отыр. Бұл шешім тасымалдау қатынастарын едәуір қысқартуға мүмкіндік береді.

2024 жылдың 1 қарашасындағы жағдай бойынша қордағы жердің жал­пы көлемі 1 млн 027,5 мың гектарды құрайды. Оның ішінде ауыл шаруашы­лығы мақсатындағы жерлер көлемі – 849,6 мың гектар. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес 2022 жылдан бас­тап пайдаланылмай жатқан және жер заңнамасын бұза отырып берген ауыл шаруашылығы жерлері қайтарылды. Қайтарылған жер көлемі 759 мың гектарға тең. Бұл жерлер қордағы жер құрамына енгізілді, болашақта ауыл шаруашылығы айналымына тартуға әлеуетті ресурс болып табылады. Қайтарылған ауыл шаруашылығы жер­лерінің ішінен қазір 393,1 мың гектар қайта бөлінді, қалған 155,1 мың гектар қайтарылған жер бо­йынша қайта бөлу жалғасып жатыр.

Мемлекет басшысы қойып отырған талап деңгейінен шығу үшін ел игілігін еселеу бағытында осындай ауқымды шараларды мүлтіксіз атқаруы­мыз қажет.

 

Ақмола облысы