Қаржылық мониторинг агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаменті «ENVIDA AI» атауымен жұмыс істеген қаржы пирамидасын құру және оған жетекшілік ету дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіп жатыр, деп хабарлайды Egemen.kz.
Тергеу мәліметіне сәйкес, жоба ұйымдастырушылары WhatsApp мессенджерінде «Envida ai ежедневный пассивный доход» және «Envida ai супер новый проект ежедневный пассивный доход» атауымен топтар ашып, азаматтарды жоғары әрі тұрақты табысқа уәде беру арқылы тартқан.
Жобаның маркетингтік жүйесі көпдеңгейлі схемаға құрылған. Негізгі табыс жаңа қатысушылардың салымы есебінен қалыптасып отырған.
Ұйым өзін нақты активтерге инвестиция салатын халықаралық экожүйе ретінде таныстырған.
900-ден астам салымшы алданған: Шымкентте жасырын қаржы пирамидасы әшкереленді
Тергеу барысында қаржы пирамидасына 370-тен астам салымшы тартылғаны анықталды. Олардың қатарында Ақтөбе, Атырау, Қызылорда, Павлодар, Түркістан облыстары мен Алматы қаласының тұрғындары бар.
«Қазіргі уақытта тергеу амалдары жалғасып жатыр. Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етілмейді», делінген хабарламада.
Сонымен қатар Қаржылық мониторинг агенттігі азаматтарға қаржы пирамидаларының белгілерін анықтауға мүмкіндік беретін «Baiqa, piramida!» Telegram-боты жұмыс істейтінін еске салады.
Бұған дейін Кооператив атын жамылған қаржы пирамидасы туралы жазылған.