• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Руханият Бүгін, 08:25

Мықты қазақ

40 рет
көрсетілді

1998 жылы Астанадағы қалалық газетте («Астана ақшамы») қызмет атқарып, несібе айырып жүрген шағым. Комсомол көшесі (қазіргі Желтоқсан) бойында орналасқан орыс драма театрында өтетін «Құдалар» атты спектакльге барып мақала әзірлеу керек. Бардық. Қойылым авторы көкшетаулық қаламгер Баянғали Әлімжанов екен.

Баянғали ағаны алғаш осы дра­масы арқылы таныдым әрі таң­дандым. Себебі ол тұста за­ман­ның бедері қарабарқын еді. Тәуелсіздік бар, бірақ рухани ұстыны әлсіз-тін. Осы сипат қойылымда көрініс тапқаны елең еткізді. Драмада қазақ танымына «коммунист колонизаторлар» (С.Сәдуақасұлы) сіңірген шайтани дәстүр менмұндалайды. Туынды шерімді шайқап жіберді.

Сені күллі әлем әспеттесін, бар ғалам қадір тұтсын, бірақ ту­ған халқыңа иненің жасуындай пайдаң тимесе, бәрі бекер. Әсі­ресе қазақ сияқты ұзақ жыл отар­лық езгіде болған халықтың азат ұлдарының міндеті – әлемді ба­ғындыру емес, үш ғасыр қанды жасын ағызған халқының жасын құрғатып, көңілін көтеру. Ұлт кө­семі Ақаң (Байтұрсынұлы) айт­қан­дай: «Адамдықтың егінін шаштым ектім, Көңілін көтеруге құл халықтың». Халықтың санасына сіңіп, тұла бойына үрей болып еніп кеткен бодандықты жыланның терісіндей сыпырып тастайтын кім? Ол – азат ойлы ұлт қай­раткерлері. Өз басым Баян­ғали көкемді осы топтың маң­дайал­ды серкесі деп танимын.

*  *  *

Сәл шегініс. Баяштың туған жері – апайтөс Сарыарқа. Соның ішінде көк мұнарлы Көкшетау. Арқаны әнмен қырған Біржан, қазақтың қайнар суаты ислам үшін жар кешкен Шай­мерден Қосшығұлов, өлке ше­жіресінің майталман білгірі Қарта Қаңтарбаевтар туған топырақ­тың түлегі. Байырғы қазақ ұс­талары алмас қылыш соқ­қанда, оны көріктің көмір шо­ғы­мен балқытып, шыңыраудың таза суы­мен суаратыны сияқты, Баян­ғалиды жарықтық әкесі Тақан батыр­лар жырымен сусындатқан екен. Өзі айтады: «Әкем соғыстан жаралы болып оралған майдангер еді, күнді түнге жалғап жыр оқитын, ал анам Бәтима Қодасқызы Шәкәрім қажының «Қалқаман – Мамыр» дастанын жатқа соғатын. Марқұмдар жасы егделенген тұста «Бәкөш, жыр оқы», деп мені сарнатып қоятын».

Мәселе қайда жатыр? Сәл ке­ңейтіп айтсақ, сайын дала Са­ры­арқа – ресейлік, одан кейінгі кеңестік отарлаудың қанжары терең қадал­ған, сырнайзасы сұғына шан­шылған, ұңғысы үңірейіп көмейі­нен жалын шашқан отқарудың оғы ойрандаған өлке. Қайнары тар­тылған өңір тұрғындары не көр­меді. Өрісі тарылды, тұғы­ры тайды. Бірақ атам қазақ айт­қан­дай, «су сүзілмейді, ұрпақ үзіл­мейді» екен.

Баянғали туған тұста Арқа қа­зағының руханияты окопта бұ­ғып жатқан-тын. Окоп дегеніміз – отбасы. Баянғали ағам айтады: «Мен осы окопта қалған отба­сы­лық тәрбие түлегімін. Ескінің жолын білетін ата-аналарымыз, Абай атамыз айтқандай, бұқара ха­лық «саңырау қайғы» жамыл­ғанын білді. Бірақ олар отбасы-окоп­тың шебін берік ұстады. Мен осы кісілерді «момын батырлар» деймін. Шегінерге арты – жар, алды – құз. Окоптан басын қыл­титып қарап отырған жұртқа «неге батыр болмайсың?» деп еді­реңдемей, қолыңнан келсе, ағар­тушылық жасау керек».

Әлімжановтың бұл пайымына жүз пайыз қосыламын. Қазіргі қа­заққа ағартушылық керек. Дәл Алаш арыстары атқарған ағарту­шылық. Абай атамыз айтқандай: «Қа­руыңның барында қайрат қыл­май, Қаңғып өткен өмірдің бәрі де жел». Баяш аға толғайды: «Әдебиеттің мақсаты – ізгілік іздеу, ізгілікке бастау, ізгілікке шақыру. Сұлтанмахмұтша айтқанда, «Қа­райған қанымызды тазартуға қызмет ету». Менің шығармамды оқыған оқырманның кішкене болса да жан дүниесі нұрланып, одан ру­хани қуат алса, қаламгерлік мис­сиям орындалғаны деп ойлаймын».

Асырып айтты демеңіз, Әлім­жанов кезіндегі Алаш қайрат­кер­лері сияқты – сан қырлы тақы­рып­қа қалам тартқан һәм бір-біріне өзектес болса да, стилі басқа, жолы өзге өнерлердің барлығын дерлік тізгіндеген, тізгін­деп қана қоймай, айылын тартып, ер салған адам.

Мысалы, Баянғали Әлімжанов – жазба ақын, жазушы, драматург, айтыскер, жыршы, жырау,­ манас­шы, балалар ақыны, балалар жа­зушысы, әдебиет пен өнер зерт­теушісі, кинорежиссер, сцена­рий­ші, актер, сыншы, сатирик, тележүргізуші, аудармашы, т.б. Мен осы тізімге «айыркөмей шешен» деген тіркесті қосар едім.

Бірде көкемізден «Қаптаған қалың өнердің өзіңізге қайсысы жақын?» деп сұрадым. Әуелі «осындай да сұрақ бола ма» дегендей біз пақырға үңіліп бір қарады. Сұңғыла жан емес пе, сауалдың шынайылығын сезсе керек:  «Маған бұның бәрі жақын, – деді. – Өйткені бір тәңір тағдырыма сыйлаған сан-салалы өнердің кез кел­генін қолдың ұшымен іліп-шалып жасамаймын. Бұл дүние­лер – менің жанымның үзіліп түс­кен жапырақтары. Рухани, көркем әлемім».

Көкем айтады: «Балалық шақ, балғын күнімде екі арманым болды. Біріншісі – жазушылық, екін­шісі – атақты футболшы атану». Испан жазушысы Габриэль Маркестің «Ұлы жазушы болу үшін үлкен арман керек» дегенін оқып едім ертеде. Сол сияқты Абай атамыздың да Лермонтовтан аударған «Надандар былшылдайды, құп алмайды, Үлкен жан­ның ар­манын ұға алмайды» дей­тін тір­ке­сі бар. Демек Баянғали Та­қан­ұлын ең әуелі ұлт рухания­ты­ның айдын шалқарына әкеліп жүз­діріп қойған – оның бала күнгі арманы.

 

*  *  *

Басқаны қайдам, ағамыздың драматургиядағы шабысы туралы филология ғылымдарының докторы, профессор Шәкір Ибраев: «Драматургияда біз білетін үш жанр бар: трагедия, драма, комедия. Баянғали соның бәріне қалам тартты. Кейіпкерлері – қарапайым ауыл адамдары. Олардың әр алуан мінезі жүрегіңе үлкен із қал­дырып, өте тартымды көрініс береді. Шынайы өмірдің өзі екені, реализмге негізделгені көрініп тұрады», депті.

Жазушының қаламынан бүгін­ге дейін 30-ға жуық драмалық туын­ды дүниеге келіпті. Десе де, жазу­шы­ның кейінгі жылдары Мағ­жан жаз­ған «Батыр Баян» поэ­масын сах­наға лайықтап жаңа тыны­сын ашқаны анық.

Келесі кезекте жазушының ба­сым қыры – жыршылығы. Соның ішін­де манасшылы­ғы бір төбе. Кезін­де жорық атындай жосы­ла шапқан Баянғ­али жы­­рауға риза болған Ғафе­кең (Қа­йыр­беков) жарықтық: «Ша­быт­­­тың шын перзенті, төл бала­сы, Ежел­гі жүйріктердің олжа­ла­сы...» деп бетінен сүйіпті. Сол сияқ­­ты өткен жылы сәуір айын­да Астана қаласында Манас ескерткішінің ашылуында сөз сөйлеген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Әлемде ұлты қырғыз емес жалғыз манасшы бар, ол – Баянғали Әлімжанов» десе, төрт жыл бұрын Баяш көкеге қырғыз халқы атынан «Достық» орденін тапсырған Қырғыз Президенті Садыр Жапаров: «Екі елді жалғап тұрған манасшылар көпірі», деген екен.

Қырғыздар Манасты «жанды эпос» деп, манасшыны қырғыз халқының ең қадірлі адамы дейді. Өйт­кені манасшы арқылы халық­қа жырдың рухы дариды. Осы­ны аңғарған жыршы бірнеше жыл­дың алдында эпостың негізгі сюжеттік желісін сақтай отырып, шым-шытырық оқиғалар мен сарындарды қиыстырып, бір-біріне іліктіріп, түйіндеп, қара сөзбен тәпсір жасап, төрттомдық жырдың қазақша сараланған нұсқасын кі­тап етіп оқырманға ұсынды. Яғни әрбірі төре табақтай төрт том жырды Баяш аға бір қауызға сыйдырды.

Кейінгі жылдары Баянғали Та­қанұлы орысша жазып жүр. Автор көп жыл бойы өзінің жаны мен бойына сіңген рухани байлығын, атап айтқанда, батырлар туралы хикаялар мен әрбірі атан түйеге татитын аңыз­дарды орыс ағайындар оқы­сын­шы, сөйтіп, дәмін татып, суын ішіп, ауасын жұтып жүрген жерінің тамырын білсінші деген ниет екен. Аса құптарлық дүние. Алғаш тәуелсіздік алған жылдары қайраткер-жазушы Мұхтар Мағауин Мәдениет және ақпарат министр­лігіне: «Қазақтың мұңы мен жырын, руха­ни құндылығын, арман-мақса­тын орыс тілінде жазатын газет шығару керек», деп ұсыныс айт­қан еді. Баяш аға дәл осы олқылықтың орнын тол­тыру үшін еңбектеніп келеді.

Сөзімізге дәлел – «Сказ столетнего степняка», «Судья и судьба», «Правда из Вантерио» атты романдары және «Разрешите жить!», «Аблай хан и батыры» повестері. Бұл қатарға «Доброжелательный Аскар», «Мальчик, победивший Джалмауз» атты ертегілер жина­ғын қосып қойыңыз. «Абылай хан и батыры» кітабы ағылшын, түрік, т.б. көптеген тілге аударыл­ды. Екі жылдың алдында атал­ған кітап­тың түрік тіліндегі нұсқа­сы­ның тұсау­ке­сері Анкарада өтті. Осы іс-шарада туындымен танысқан түрік жазушысы Иввуз Пынарбашы: «Бұл кітапты күллі түрік баласы оқуы керек» десе, «Сказ столетнего степняка» кітабының ағыл­шын тіліндегі аудар­ма­сы­мен та­нысқан лондондық қаламгер Джоана Добсон: «Бұл кітаптан да­ланың иілмейтін рухани күшін сезіндім», депті. Сол сияқты Ф.М.Достоевский атындағы Омбы мемлекеттік университетінің оқытушысы Валентина Ключарева: «Бұл кітап посткеңестік кезең­дегі тарихи үдерістердің антропо­логия­лық аспектілерін зерттеуге ар­налған дереккөз», деп баға­лап­ты. Ав­тордың ағылшын тіліндегі шы­ғармалары атақты «Амазон» жүйесі арқылы әлем оқырман­дарына жол тартып жатыр.

 

*  *  *

Ал прозаик ретінде Баянғали Тақанұлы қазаққа баяғыда таныл­ған. Шығармасының арқауы – ауыл өмірі. «Қиқыматтың хикаялары», «Қарасай батыр тұқымының тол­ғауы» қатарлы кітаптар мен көп­теген әңгіменің авторы. «Баянғали айтысқа түскенінде аузынан жыр қалай құйылып кететін болса, прозалық шығар­ма­ларындағы сөз тіркестері дәл солай құйылып тұрады», дейді әде­биет­ші ғалым Серік Негимов.

Әлімжановтың сегіз қырының бірі – ақындығы. Оған дәлел – «Таксидегі тағдырлар» поэмасы. Сон­дай-ақ әр кезде жазған жыр­лары «Қазақтың 100 поэмасы» және «Жыр маржаны» антология­сына енген. Өзі айтады: «Жасым елуге иек артқан шамада поэ­зия­ға бет бұрдым. «Жақсы ақын – иман­ның қарлығашы» деген қағидат ұстандым».

Бірақ қарапайым қауым Баяш көкені айтыскер ақын ретінде жақсы таниды. Айтысты 30 жасында бастапты. Бүгінге дейін әртүрлі деңгейдегі айтысқа 216 дүркін қатысып, 22 рет бас жүлде алған екен. Өзі айтады: «1984 жылы Кенен Әзірбаевтың 100 жылдығына орай республикалық айтыс өтетін болды. Осы дүбірге Алматы қаласы атынан қатысып, халық ақыны Әселхан апаммен (Қалыбекова) бір сағаттай сөз сайыс­тырдым. Сөйтіп, айтыс деген әлемнің босағасын аттадым. Ол замандағы айтыстың ерекшелігі – жат­тандылық жоқ, табиғилық басым еді. Сондығымен де жұртқа ұнады».

Кезінде марқұм ғалым Аманкелді Айта­лы: «Тәуелсіз Қазақ­стан­дағы ең бір ақсап тұрған дүние – балалар әдебиеті. Осының әлсіз­дігінен біздің балаларды америка­лық режиссерлер тәрбиелеп жатыр», деп еді. Бұл олқылықтың орны әлі толған жоқ. Тіпті күн са­йын жанры (мультимедиа, бейнеойын, т.б.) түрленіп бізге жеткізер емес. Б.Әлімжанов жетпіске аяқ басқанда балалар әдебиетінің жалы­нан ұстады. Қаламгердің «400 тәтті тақпақ», «Әліппе-өлең», «Мейірімді Асқар» шығармалары қазақ балаларының сүйікті кіта­бына айналды. Тұңғыш данасы 2023 жылы жарық көрген «400 тәтті тақпақ» кітабы жыл са­йын көп данамен жарық көреді. Кі­тапты еліміздің барлық өңірінде қазақ балаларымен бірге өзге ұлт өкілдері де тақылдатып жат­қа айтып, бейнероликтерін ғалам­торда таратып жатыр. Осылай жас­өс­пірімдерге қуаныш сыйла­ған ағамыз 2021 жылы «Табиғат пен балалар» атты көркем фильм де түсірді. Бұл да – қуанарлық оқиға.

 

*  *  *

Қысқасы, Баянғали Әлімжанов – мықты қазақ. Ерекше қасиеті – ешқашан еңбегін бұлдамайды. Өзі айтады: «Менің тағдырым – халқыма, қазағыма қызмет ету үшін жаралған және оны еш­қашан басқаға айырбастаған емес­пін. Халыққа қызмет еткен адам­ның басы далада қалмайды». Бұл пайымға біз де толық қосыламыз.