2026 жылғы наурыз айындағы ҰБТ-ға қатысуға өтініш қабылдау 15 ақпанда басталып, 25 ақпанға дейін жалғасады, деп хабарлайды Egemen.kz Ғылым және жоғары білім министрлігіне сілтеме жасап.
ҰБТ-ға тіркелу Ұлттық тестілеу орталығының app.testcenter.kz сайтында немесе UTO қосымшасы арқылы жүргізіледі. Тестілеудің өзі 1 наурыз бен 6 сәуір аралығында өтеді.
Наурыздағы ҰБТ-ға шартты түрде ақылы негізде күндізгі оқу нысаны бойынша жоғары оқу орындарына қабылданғандар, өткен жылғы мектеп түлектері, колледж түлектері, ҚР азаматы болып табылмайтын ұлты қазақ тұлғалар, шетелде білім алған ҚР азаматтары, сондай-ақ мектеп бітіретін түлектер жоғары оқу орындарына ақылы негізде түсу үшін қатысады.
Өтініш беру барысында қатысушылар тестілеу өткізілетін орынды, күнді және уақытты өздері таңдайды.
2026 жылы Ұлттық бірыңғай тестілеудің форматы өзгеріссіз сақталады. ҰБТ құрылымы бұрынғы қалпында қалады.
«Талапкерлер үш міндетті пәнді және таңдауы бойынша екі бейіндік пәнді тапсырады. ҰБТ тапсырмаларының жалпы саны – 120. Оның ішінде «Қазақстан тарихы» пәні бойынша 20 тапсырма, «Оқу сауаттылығы» мен «Математикалық сауаттылық» пәндерінен 10 тапсырмадан, сондай-ақ екі бейіндік пәннің әрқайсысынан 40 тапсырмадан беріледі. ҰБТ бойынша ең жоғары балл да өзгермейді және 140 балды құрайды», делінген хабарламада.
Айта кету керек, биыл Ұлттық тестілеу орталығы талапкерлерге лайықты мамандық таңдауға көмектесетін EDUNAVIGATOR.KZ кәсіби бағдар беру платформасын іске қосты. Платформа болашақ мамандықты саналы түрде таңдауға мүмкіндік беріп, жоғары оқу орындарына түсу кезінде сенімділікті арттырады.
ҰБТ-ға дайындық сапасын арттыру мақсатында байқау сынақтары іске қосылды. Оқу жылының басында Ұлттық тестілеу орталығының ресми сайтында талапкерлерге арналған көмекші материалдар жарияланды. Атап айтқанда, ұсынылатын әдебиеттер тізімі, «Қазақстан тарихы» және «Дүниежүзі тарихы» пәндері бойынша 100 негізгі тарихи датаның тізімі, «Информатика» пәні бойынша терминдер тізімі, сондай-ақ «Қазақ әдебиеті» мен «Орыс әдебиеті» пәндері бойынша міндетті әдеби шығармалардың тізбесі ұсынылды.
Сонымен қатар, тестілеу бағдарламасында барлық талапкерлер үшін калькулятор, химиялық элементтердің периодтық кестесі және тұздардың ерігіштік кестесі қолжетімді болады..
Тестілеу уақыты – 4 сағат (240 минут). Бұл ретте ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар үшін ұсынылатын қосымша 40 минут уақыт сақталатынын айта кету керек.
Естеріне сала кетсек, 2026 жылғы қаңтар ҰБТ-сын 184 мыңға жуық адам өтті. Талапкерлердің 75%-ы тестілеуді қазақ тілінде, 25%-ы орыс тілінде және 113 адам ағылшын тілінде тапсырды. Талапкерлердің 68%-ы шекті балл жинады. Бес пән бойынша орташа балл 64 балды құрады. Ең жоғары нәтиже – 138 балл.