• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Сатира Бүгін, 07:55

Майтабан маман

20 рет
көрсетілді

Бізге мамандық таң­дауда әкеміз оңбай қа­телесіпті. Оны өзі де мойындап: «Қайдан білейін, мына аласапыран заманда өремнің жеткені – қуырдақтың көкесі – эко­номисте, табыстың кілті – сот­тың сығымында, келешектің берекесі – кеден керуенінде деп, балам­ның бірін сот, бірін эконо­мист, кенжемді кеденнің оқуына ор­ғытып, кеуде керіп кей­киіп жүр­сем...

Қайдан білейін, бүйтіп біл­гішсінген бір мен емес екенімді... Енді міне, таяқ лақтыр – соттың, кеденнің, экономистің бақыр басына тақ ете қалады. Е, бүйтіп жұмыссыз қалатынын кім білген!..» деген болатын.

Амал қанша, әке арманда­ған майшелпектердің шеті бұйыр­май­­тынына көзім жеткен соң, неде бол­са ғылым-білімге тұмсық сұ­­ғайын деп енді міне, универ­си­теттің кадр бөлімінің бастығының алдында отырмын.

– Бала, бізде маман жетіп артылады, – деп ол керексіздігімді кесіп айтты.

– Қызыл дипломмен бітіріп едім, ең кіші қызметкер болсам да жарар, – деп міңгірлеген боламын.

– Әттең, айтыскер ақын болсаң ғой, бірден қызметке қонжитып, кандидаттық дис­сер­тацияңның тақырыбын да бекітіп берер едік, – деп турасынан тартты.

– Тақырыбым бар, тарау-тараулары да дайын, тек түйер түйіні ғана қалып еді, – деген болдым.

– Е, казір оқу орнының атын ай­тыскер ақын шығаратын болды ғой. Бетке ұстар Бекіре баламыз жалғызсырап жүр. Жақында ғана жалпақ жұрт қатысқан дүйім дүрмектен жүлделі орын алып, уни­верситет беделі бір көтеріліп қалды. Еңбегін бағалап, кел­геніне жыл толмаса да жатақ­ханадан бөлек бөлме бер­дік. Келесі жолы бас ­жүлде алып, университет атын аспан­датып жіберсе, ректордың өзі оған доценттік қызметті бірден бе­реміз деп отыр.

– Оқу орындарының қазір­гі жағдайын айтып, бірнеше мақала жазып, оным орынды бағасын да алып еді, – деп қалдым.

– Болар баланы дөп басу қиын-ау! Шір­кін, егер одан спорттан ал­да­ғы уақытта әлем чемпио­ны шы­ға­тынын алдын ала біле­тін бол­сақ, «жөргөгінен-ақ» уни­вер­­ситеттің түлегі етіп, чемпион болған күні қызмет түгіл, канди­дат­тық құ­жатын қолына ұстатар едік.

– Ғылыми кеңес алдыда өтетін конференцияда та­қырыбымды күн тәртібіне ен­гізіпті...

– Еліміздің беделді уни­версите­ті болған соң, біздерде екі күннің бірінде әртүрлі жиын өтіп тұрады. Соның шырайын шырқ үйіріп, жымдастыра білетін, ең ақыры дастарқан мәзірін мәз етер асаба қат бізде... – деп бұған қалайсың дегендей сынай қарады да, менің сөзімнен мезі болған болуы керек:

– Е, бала, академик аға­мыздан келіп отырсың, амал жоқ, жарты штатқа өзіме қызметке алайын. Айна­лы­са­тын жұмысың – жоға­рыда айтқандай, бізге қат майтабан мамандарды табу. Солардың бірін тауып, абыройымызды аспандатқан күні мамандығың бойынша қызметке кірісесің, – деді.

...Амал жоқ, майтабан мамандар табуға бел шешіп кірісіп кеп кеттім.

 

Берік САДЫР