Алматы қаласындағы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Түркі Академиясының ұйымдастыруымен түркі мемлекеттерінің ортақ академиялық тарихын жазу мәселелерін талқылауға арналған екінші ғылыми жиын өтті, деп жазады Egemen.kz.
Халықаралық басқосуға Түркі Академиясының президенті Шаһин Мұстафаев, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры Жансейіт Түймебаев, Түрік тарих қоғамының төрағасы Юксель Өзген, сондай-ақ Түркі мемлекеттері ұйымына мүше және бақылаушы елдердің тарих, археология институттарының жетекшілері, белгілі ғалымдар мен сарапшылар қатысты.
Іс-шараның ашылуында сөз сөйлеген Түркі Академиясының президенті, академик Ш. Мұстафаев ғалымдардың күш-жігерін біріктірудің маңыздылығын атап өтіп, бұл бастама түркі халықтарының бай тарихи мұрасын жүйелі әрі объективті түрде көрсетуге жол ашатынын алға тартты.
Алқалы кездесуге қатысушылар болашақ монографияға қатысты өз ұсыныстарын ортаға салып, оның мазмұндық құрылымын жан-жақты талқылады. Сондай-ақ ғылыми еңбектің екі томының жұмыс жоспары және орындалу мерзімі бекітілді.
Айта кетейік, түркі мемлекеттерінің ортақ тарихын жазу туралы бастама 2024 жылғы 6 қарашада Бішкекте өткен Түркі мемлекеттері ұйымының XI саммитінде көтеріліп, мемлекет басшыларының тапсырмасына сәйкес жобаны жүзеге асырушы ұйым ретінде Түрік Академиясы бекітілді. Аталған жоба бойынша алғашқы жұмыс кездесуі биылғы жылдың ақпан айында Анкара қаласында өтіп, нәтижесінде тараптар ынтымақтастық туралы хаттамаға қол қойған еді. Сондай-ақ, аталған жиын барысында еңбектің жалпы жоспары және тұжырымдамасы талқыланып, екі томдық басылым дайындау жөнінде шешім қабылданып, әрбір қатысушы елден ұлттық комиссиялар құрылған болатын.