Сенат Төрағасының орынбасары Ольга Перепечина «Орталық Азиядағы мүгедектігі бар әйелдердің мүддесін ескере отырып, ОДМ-ға қол жеткізу» халықаралық конференциясына қатысты, деп хабарлайды Egemen.kz.
Қатысушылар ұйымдардың жұмысы туралы хабардар етті, өңірлердегі тәжірибемен алмасты және халықтың осал топтарының мүддесін ескере отырып, орнықты даму мақсаттарына қол жеткізу бойынша ұсынымдар дайындады.
Ольга Перепечина өз сөзінде аймақтық деңгейдегі жүйелі шешімдер мен халықтың осал топтарының мүддесін ескермей ОДМ-ға қол жеткізу мүмкін еместігін атап өтті.
«Орнықты даму мақсаттары – болашаққа бағытталған әмбебап күн тәртібі. Алайда оны халықтың осал топтарының мүддесін ескермей жүзеге асыру мүмкін емес. Мүгедектігі бар әйелдер мен қыздар – бұл бүкіл әлем бойынша миллиондаған азаматтар болып табылады. Олар білімге, медицинаға, жұмыспен қамтуға және қоғамдық өмірге бәрімен бірдей қол жеткізе алады. Сондықтан ешкімнің назардан тыс қалуына жол бермеу – біздің ортақ міндетіміз», деп атап өтті Ольга Перепечина.
Сенатор қолжетімді және сапалы білім беруді қамтамасыз ету, жұмысқа орналасу және кәсіпкерлік үшін мүмкіндік жасау, әсіресе ауылдық жерлерде медициналық және әлеуметтік қызметтерді кеңейту, мүгедек әйелдерді шешім қабылдау үдерісіне тарту және қоғамда құрмет пен тең көзқарас мәдениетін дамытуға көңіл бөлу өңір елдері үшін маңызды екенін атап өтті.
Конференция Орталық Азия елдерінің орнықты даму мақсаттары жөніндегі халықаралық міндеттемелерін, БҰҰ-ның Мүгедек адамдардың құқықтары туралы конвенциясын және әйелдерге қатысты кемсітушіліктің барлық нысандарын жою туралы конвенциясын іске асыруға маңызды үлес болды. Шараны ЕҚЫҰ тарапынан қолдау халықаралық күн тәртібінде адам құқықтары, гендерлік теңдік және инклюзия тақырыбының маңыздылығын көрсетеді.
Конференцияға қатысушылар шараның қорытындысы бойынша әрбір адамның тең құқықтары, мүмкіндіктері мен келешегі бар шынайы инклюзивті қоғам құруға бағытталған іс жүзіндегі шешімдер әзірлеу мен бұдан былайғы ынтымақтастыққа дайын екендіктерін білдірді.