Тоғызыншы айдың тоғызы күні дүниежүзінде «Тоғызқұмалақ күні» болып бекіген. 2020 жылы ЮНЕСКО әлемнің мәдени мұрасы деп таныған қазақтың ұлттық ойыны жаһан жүзінде қанат жайып келеді. Мәселен, өткен жылы Латын Америкасында тоғызқұмалақ федерациясы құрылса, биыл осындай ұйым Кореяда да жұмысын бастаған. Еуропа мен Азияның біршама елі ежелден тоғызқұмалақ ойнауды әдетке айналдырса, кейінгі жылдары мұндай үздік үрдіс Африка елдерінде де байқалып отыр. Демек, бүгін барлық құрлықта тоғызқұмалақ тартысы өтіп жатыр, деп жазады Egemen.kz.
Атаулы күнге орай Астана, Алматы қалалары мен өзге аймақтарда жаппай тоғызқұмалақ ойнау шарасы ұйымдастырылды. Елордадағы бәсекеге Дүниежүзілік Тоғызқұмалақ спорты федерациясының президенті Әлихан Байменов, Қазақстан Тоғызқұмалақ спорты федерациясының президенті Әкім Тұрсын, BINOM School мектептер желісін басқарушы компаниясының басшысы Шолпан Қадырова, облыстағы федерация басшылары және өзге де тоғызқұмалақ қайраткерлері қатысты. Салтанатты жиында Әлихан Байменов тоғызқұмалақты заманауи үрдіс үддесінде дамыту бағытында еңсеріліп жатқан еңбек турасында сөз қозғады.
«Замана көшінен тоғызқұмалақ та тыс қалған емес. 15 жыл бұрын отандық мамандар iOS және Android жүйелері негізінде қалтафонға жүктеме әзірлеген. Бұдан бөлек канадалық, польшалық және ұлыбританиялық танымал платформаларға тоғызқұмалақты енгіздік. Қазір бұл алаңдарда да тоғызқұмалақ кең қолданылатын ойынға айналған. Таяуда жас жеткіншектер ынта танытып, тоғызқұмалақтың жасанды интеллекттегі бағдарламасын іске қосты. Секундына миллиондаған есепті еңсеретін ЖИ - тоғызқұмалақ та да адамдардан алда. Біздің ойыншылар мен жаттықтырушылар оның артықшылықтарын, комбинациясын, стратегиялық ойлауын ойын өрнегінде ұтымды пайдаланып жүр», деді Дүниежүзілік Тоғызқұмалақ спорты федерациясының президенті Әлихан Байменов.
Қазақстанда қисынды ойлау, табандылыққа тәрбиелейтін ұлттық ойынмен 210 мыңнан астам адам тұрақты шұғылданады. Оларды 5 мыңға жуық жаттықтырушы баптайды. А.Байтұрсынұлының есімін иеленген мектепке мереке күні 100 тоғызқұмалақшы топтасты. Қатысушылар сағат тілі 9-дан 9 минутты көрсеткенде қазандықтарға қол салды. Олардың арасында аталған мектептің 2-сынып оқушысы, 9 жасқа дейінгі балалар арасындағы тоғызқұмалақтан Астана қаласының чемпионы Қасым Ернатұлы да бар.
«Маған бестемшені бірінші болып балабақшадағы ұстазым Гүлжайна Бигелдіқызы үйретті. Мектепке аяқ басқанда ұстазым ата-анама мені тоғызқұмалақ үйірмесіне беруді тапсырды. 6 жастан тоғызқұмалақ ойнауға айрықша ден қойдым. Бірнеше қалалық байқауда топ жарып, маусым айында Қостанай қаласында өткен республикалық тоғызқұмалақ сайысына барып келдім. Мықтылар бас қосқан байқау шеберлігімді шыңдады», деген Қасым Ернатұлы тоғызқұмалақты ғылыми тұрғыда да зерттеуге бел буып отырғанын атап өтті.
Бүгінде тоғызқұмалақтың теориясы мен әдістемесі испан, қытай, орыс және ағылшын тілдеріне тәржімаланған. Осылайша, ойнау тәртібі біріздендірілген ұлттық ойын даму жолында қарқынға – қарқын қоса түспек.