Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов Президенттің 2025 жылғы Жолдауын іске асыру аясында шекарадағы өткізу пункттерінің инфрақұрылымын дамытуға ерекше көңіл бөлінетінін атап өтті. Бұл көлік-логистикалық кешенді жетілдірудің маңызды бөлігі болып саналады, деп хабарлайды Egemen.kz.
Премьер-министрдің айтуынша, жүргізілген шаралар нәтижесінде шекарадан өту уақыты 2 сағаттан 30 минутқа дейін қысқарған.
«Үкімет шекарадан өту рәсімдерін жетілдіруді жалғастырады. Өткізу пункттерінде жылдамдық пен жайлылық стандартқа айналуы керек. Қаржы министрлігі Көлік министрлігі, әкімдіктер және Шекара қызметімен бірлесіп жыл соңына дейін 8 өткізу пунктін жаңғыртуды аяқтауы тиіс», деді Олжас Бектенов.
Сонымен қатар кеден бекеттерінің айналасындағы инфрақұрылымды — қоймалар мен сервистік нысандарды дамыту қажеттігі айтылды. Қазірдің өзінде сақтау, сұрыптау, тасымалдау және цифрлық сервистерге инвестиция салуға дайын инвесторлар бар.
Премьер-министр Қаржы министрлігіне Көлік, Ауыл шаруашылығы, Цифрландыру министрліктерімен, Шекара қызметі және әкімдіктермен бірге осы инфрақұрылымды дамыту бойынша нақты шаралар қабылдауды тапсырды.