• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Жәдігер Бүгін, 08:10

Мүсірәлі пірдің асасы

20 рет
көрсетілді

Қызылорда облыстық-өлкетану музейінің қызметкерлері аудандарды аралап, ел арасындағы мұраларды түгендеп, музейді құнды жәдігерлермен толықтырып жүр. Осындай еңбектің арқасында жуырда XVII-XVIII ғасырларда үш жүздің пірі болған белгілі діни қайраткер Мүсірәлі Жәдікұлына арналып соғылған асатаяқ залдан орын тепті.

Ел аузындағы әңгімелерге қарағанда абыздық пен әулиеліктің белгісі саналатын асатаяқ сопының баласы Қосымқожаға мұра болып қалса керек. Ерекше қасиетімен танылған сопының бұл баласы да жұртты талай кереметімен таң­ғалдырған, дұғасы қабыл болған жан атаныпты.

 Музейдің ғалым-хатшысы Асхат Сайлаудың айтуынша, ұрпақтарының қолындағы асаның көшірмесін белгілі ұста Бекзат Жақыпов жасапты.

«Ел арасында тарихи мәні зор талай мұра сақталып тұр. Қазіргі иелерінің көпшілігі оларды музейге өткізуге асыға қоймайды. Тіпті «осы затты берсем кие көшеді, ырыс ауысады» деп ұғатындар жәдігердің өзін көрсетуге құлықсыз. Құнды заттың көшірмесі көбейіп кетеді деп қорқатындар да жоқ емес. Осындай түсінік салдарынан қазір Жылқаман батырдың былғары қалтасы, Қайқы батырдың белдігі сынды мұра­ларды ала алмай отырмыз. Мысалы, Қожан қожа мазарында да біраз жәдігер жұрт көзінен жасырын жатыр. Ұрпақтарының қолындағы Әмит ишанның дүниелері мен Жанқожа батыр сауытының тамтығына да қолымыз жетпей отыр. Мысалы, ахундардан қалған кітаптар мен қолжазбаларды үй жағдайында сақтау қиын. Олардың орны музей болуға тиіс. Бірақ соны түсіндіре алмай қиналамыз», дейді Асхат Сайлау.

Пірдің асатаяғымен қатар музейдің жаңа жәдігерлері қатарында Марал ишан тұтынған дүниелер, ишанның оққағары Тәжі батырдың күміс ері, Бұқарбай батырдың қылышы мен туының шашағы, Бекберген, Нұрғали бақсылардың қобыздары тұр.

 

Қызылорда