Қазақ киносының алтын дәуірі дейсіз бе, қазақ өнерінің сөнбес жұлдыздарына балайсыз ба – өзіңіз білесіз. Бір ғажабы, қандай көтерме сөз айтсаңыз, соған жараса беретін секілді. Тіпті таныстырудың өзі ағат емес пе? Төмендегі тұлғаларды айтамын да, фото баяғы әрі бүгінгі сияқты. Нағыз өнерде бұрынғы жоқ, демек.
«Жоғарғы қатарда сол жақтан: Тілектес Мейрамов, Әнуар Боранбаев, Уайс Сұлтанғазин, Төменгі қатарда: Құман Тастанбеков, Асанәлі Әшімов, Құдайберген Сұлтанбаев. 1975 жыл» делініпті астында.
«Маңдайы жарқырап туған» деген тіркес бар қазақта. Ниеті тарылған кісісіне көңілі толмағанда, «маңдайың неткен тар еді» деп жатады ғой. Адам тегінде жақсылықты басының алдыңғы бөлігімен немесе маңдай тұсымен ойлай ма екен әлде. Кім біліпті?
Қаз-қатар тұрған қазақ театры мен кино өнерінің жұлдыздарының әрқайсысы Халық әртісі әлде Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі. Ресми атағы болмаған жағдайда да солай атауға әбден лайықты. Төменгі қатарда солдан бірінші Құман Тастанбеков пен Асанәлі Әшімов – қазақтың мәңгі жас Төлегені мен Бекежан батыры. Ұлттық кино тарихынан «Қыз Жібекті» алып тастаса не қалар еді деген ой келеді кейде. Әрбір деталі ұлттың жанындай сезіледі. Біз Бекежанды ұлттық батыр ретінде қабылдауымыз керек, кинода да солай, ел шетіне келген жауды жеңіп келеді.
Асанәлі ағаның сол жағындағы «Тамашаның» тарланы Құдайберген Сұлтанбаевты кім білмейді? ХХ ғасырдың кейінгі ширегінен «Тамашаны» алып тастасаңыз, тағы да түк қалмайды. Ойын-сауық отауын ел асыға күтетін.
Бұл үш бірдей тарланның соңында тағы сондай үш мықты. Тілектес Мейрамов пен Әнуар Боранбаевтың еңбегі қазақ театры мен киносына әбден сіңген. Уайс Сұлтанғазин қолтаңбасы театр мен «Тамашада» бірдей қалған қайталанбас өнер иесі. Қысқасы, қарыс маңдай бұлар бір-бірінен асып түсіп жатпаса, кемітері жоқ. Халық рухы мен сана-сезімін көтеруге өлшеусіз тер төккен біртуар саңлақтардың осылай тоқайласып фотоға түсуінің өзі кездейсоқ емес.