Петропавл қаласында «Бірлік пен келісім жолындағы – 30 жыл» атты облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХІХ сессиясы болып, оған ҚХА төрағасының орынбасары Марат Әзілханов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов, «Ассамблея жастары РҚБ төрағасы Тимур Жұмырбаев, ішкі саясат басқармасы және этно-мәдени бірлестіктер басшылары, ҚХА мүшелері қатысты. Іс-шараға қатысушылар алдымен қаладағы Абай мен Пушкин ескерткіштеріне гүл шоқтарын қойды.
ҚХА сессиясының жұмысын облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов ашып, жүргізіп отырды. Ол Қазақстан халқы Ассамблеясының тарихы еліміздің егемендік жылнамасымен тығыз астасып жатқанын, осы уақыт ішінде Ассамблея еліміздегі бірлік пен теңдіктің, тұрақтылық пен тыныштықтың рәмізіне айналғанын тілге тиек етті. Одан әрі әкім ҚХА Солтүстік Қазақстан облысындағы филиалының біршама жұмыстарына тоқталды.
«Облыстық ассамблея мемлекеттік тілді насихаттауға белсенді қатысады. Осы ретте «Орыс, славян және казак ұйымдарының қауымдастығы» жанында қазақ тілін ауызекі тілде сөйлеу клубы құрылған. Оның ашылуына Юлия Родионова өз үлесін қосты. Ал «Барбанг» күрдтер қауымдастығының» облыстық филиалы Худайберген Афандиевтің жетекшілігімен өз кәсіпорнында қызметкерлер арасында қазақ тілін үйрену тәжірибесін табысты жүргізіп отыр», деді Ғ.Нұрмұхамбетов.
Қазақстан халқы Ассамблеясы Хатшылығының меңгерушісі Марат Әзілханов Мемлекет басшысының ҚХА-ның XXXIV сессиясында жүктеген тапсырмаларын іске асыру, этносаралық бірлікті нығайту, ақпараттық-түсіндіру жұмысының тиімділігін арттыру, азаматтық қоғам институттарын ҚХА жобаларын жүзеге асыруға тарту, сондай-ақ этномедиация институтын дамыту мәселелері бойынша өз ойын ортаға салды.
Сессия барысында облыстық ассамблея төрағасының қоғамдық негіздегі орынбасары қызметіне еврей этно-мәдени бірлестігінің төрағасы Рашбиль Евдаев тағайындалатыны жарияланды.
Сессия соңында ассамблея жұмысына белсенді қатысқан азаматтарға М.Әзілханов «Алғыс» төсбелгісін тапсырды. Атап айтқанда, «Тәжік этно-мәдени орталығы» филиалының төрағасы У.Раджабов, «Коперник» поляк мәдени орталығының төрағасы В.Корнева, «Қоғамдық келісім» КММ басшысының орынбасары Б.Базарбаев осы құрметке лайын деп танылды. Ал ізгіліктің, рухани келісімнің, достық пен этносаралық бірлікті нығайтудың гуманистік мұраттарына жоғары қызмет еткені үшін Қазақстан халқы Ассамблеясының Алғысхатымен «Барбанг» күрд қауымдастығы бірлестігінің мүшесі К.Бадыров, татар-башқұрт қоғамдық бірлестігінің белсендісі Р.Рамазанова марапатталды. Этносаралық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайтуға қосқан үлесі үшін Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің Алғысхаттары И.Сорокинге, В.Бедешовке, А.Джанунцке, М.Харсиевке, т.б. берілді.
Осы күні М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің базасында ЖОО-ның Студенттік ассамблеясы ашылды.
ПЕТРОПАВЛ