• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
ЖОЛДАУ Бүгін, 09:10

Инфрақұрылымдық жобалардың игілігі

20 рет
көрсетілді

Еуразияның кіндік тұсында орналасқан еліміздің көлік-логистика әлеуеті ауқымды. Сол әлеуетті тиімді пайдалану, инфрақұрылымдық жобаларды көршілес елдермен арадағы интеграция аясында іске асыру тұрғысынан бірқатар бастама көтерілді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев былтырғы Жолдауында «Көлік-логистика секторын дамыту – стратегиялық мәні айрықша басымдық» екенін айтты. «Еліміз Еуразия құрлығының дәл ортасында орналасқан. Бұл – бізге әлемдік бәсекеде зор мүмкіндік беретін артықшылық. Сондықтан көлік инфрақұрылымына салынып жатқан әрбір инвестиция өзін-өзі ақтайтыны сөзсіз», деді Президент.

Мемлекет басшысының айтуынша, кейінгі ұрпаққа жоғары сапалы авто және теміржолдарды қалдыру керек. Сондай-ақ тиімді жұмыс істейтін әуе хабтарын, теміржол бекеттері мен теңіз порттарын салу да – маңызды міндет. Президенттің осынау іргелі тапсырмасын орындау мақсатында көптеген жоба қарқынды жүргізіліп жатыр. Қазіргі уақытта теміржол сала­­сында жалпы ұзындығы 1 300 ша­қырымнан асатын 4 ірі жоба қолға алынған. Олардың қата­рын­да Достық – Мойынты, Алматы қаласының айналма темір­жолы, Дарбаза – Мақтаарал және Бақты – Аягөз бар. Биыл Алматы қаласының айналма темір­жолы мен Достық – Мойынты учаскесінің екінші жолының құрылысы аяқталады. Бұл жүк тасымалы көлемін 5 есе арттыруға мүмкіндік бермек.

Ал Трансқазақстандық те­мір­жол дәлізі жобасы шең­берін­­де 5 жыл­да 16 мың шақырым темір­жол салынып, жөнделуге тиіс. 125 теміржол вокзалы ауқымды жаңғыртудан өтіп жатыр. Бұл – абсолютті рекордтық көрсет­кіш. Жолаушылар вагондары пар­кін жаңарту да жалғасын тапты: биыл парк 175 жаңа вагонмен толығады, оның ішінде 51 бірлігі – «Штадлер» компаниясының өнімі.

Даму бағытының айқындалуы соңғы геосаяси дағдарыспен тұспа-тұс келген Транскаспий халықаралық көлік дәлізінің болашағын да аса жоғары деп бағалайды мамандар. Мульт­­­модальды бағыт ретінде си­пат­­талатын бұл көлік марш­руты­ның әлеуетін арттыру мақсатында қазір Ақтау және Құрық порттарының жүктеме әлеуеті арттырылып жатыр. Жаңғыртудан кейін аталған екі порттың жүк қабылдау, жүк жеткізу мүмкіндіктері еселеп көбеймек. Бұл – тараптар үшін қолайлы мүмкіндік. Жуырда Қытай тарапымен бірлесіп Ақтау портында контейнерлік терминал іске қосылды. Сиань қаласында біздің құрғақ порт табысты жұмыс істеп жатыр. Селятино, Свислочь және Будапешт ма­ңында да жаңа терминалдар бой көтермек. Мау­сым айында Гру­зияның Поти портында еліміздің алғашқы мультимодальды терминалы ашылды.

Алматы, Қызылорда, Шымкент қалаларында жаңа жо­лау­­шылар терминалдары ашы­­лып, Президент назар аудар­­ғаннан кейін Арқалық әуе­жайы­ның жұмысы қалпына кел­тірі­луде. Катонқарағай, Зайсан, Кендірлі тұрғындарының да жаңа әуежай қызметін пайдаланатын күні алыс емес.

Жүк тасымалын арттыру және авиациялық хабтарды дамыту үшін 6 әуежай анықталды. Оларды дамытуға жеке инвестиция тарту жоспарланған. Биыл 36 жаңа халықаралық әуе бағыты ашылып, 8 шетелдік әуе компаниясы қазақстандық нарыққа кірді. Ішкі бағыттарда 61 маршрут бойынша аптасына 850 рейс орындалады.

Президент Жолдауда автокөлік жолдарының да жай-күйіне тоқталып: «Биыл елімізде 12 мың шақырымға жуық жол салынып, жөнделіп жатыр. Қазақстанда мұндай ауқымды жұмыс бұрын-соңды болмаған. Астана – Алматы, Ақтөбе – Атырау – Астрахань, Талдықорған – Өскемен бағытындағы күре жол­­дар­ды қайта жаңғырту жұмыс­­тары аяқталып қалды. 2,5 мың ша­қырымға созылатын облыс­­аралық және ауданара­лық жолдар­ды орта деңгейде жөндеуге арнал­ған бағдарламаның мән-маңы­зы зор. Дәл осы жолдармен жұрт өте жиі жүреді. Сондықтан бағдар­ламаның ауқымын кеңейтіп, оған кемінде 10 мың шақырым жолды қамтуды тапсырамын», деп нақты міндет жүктеді.

Биыл жол құрылысы мен жөндеу жұмысымен 13 мың ша­қырым жол қамтылыпты. Орта­лық – Батыс дәлізі құры­лысы бас­талып, Ақтөбе – Ұлғай­сын, Қара­ғанды – Жезқаз­ған учаске­лерінде және Сарыағаш, Рудный, Шымкент қалалары­ның айналма жолдарында құры­лыс қыза түсті. Қалбатау – Майқап­шағай жолы да аяқталуға жақын. Жүк көлік­терінің шамадан тыс жүктемесін бақылау үшін 2025 жылға дейін 220 автомат­тандырылған өлшеу стансасын орнату жоспарланған.