• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Мәселе Бүгін, 08:38

«Күрішті көбейтеміз» деп Аралды құрғатып алмаймыз ба?

40 рет
көрсетілді

Жыл сайын су тапшылығын сезініп, әр көктемде Сырдарияның арнасын бағатын диқандар биыл тығырыққа тіреліп отыр. Әр маусымда күріш көлемін азайтып, егінге жаңа технология енгізіп амалдайтын егіншілер осы жылы еккенін кезекпен суарып, қашыртқы суды да қажетке жаратуға көшкен.

Қашыртқы судың да қадірі артты

Биыл күн райы күрт жылынып, күріш ерте себілді. Жерге түскен дәнді суға бас­тыратын сәтте жоғарыдан қажетті суды ала алмай, алдын ала дайындап қойған 357 сорғының 53-ін іске қосты. Өңір диқандары осы күні жиі айтылып жүрген егісті әртараптандыру ісінен де қалыс қалған емес. Өңірде 60 мың гектар күріш алқабы лазермен тегістеліп, су үнемдеу технологиясын қолдану көрсеткіші 8,1 мың гектарға дейін ұлғайды. Дария бойындағы қоймаларға жиналған және жоғарыдан келетін судың болжамына сәйкес, биыл облысқа 3 млрд 902 млн текше метр су лимиті белгіленген. Мемлекетаралық су шаруашылығын үйлестіру комиссиясының отырысында Шардара су қоймасына жоғарыдан қосымша 3 млрд 700 млн текше метр су түсуі көрсетілген болатын. Бірақ мамырда дарияның төменгі арнасына секундына 330 текше метр су түсуі жоспарланғанымен, соның 17,4%-ы ғана жетті. Мамырдың алғашқы онкүндігінде «Шардара» су қоймасы мен «Көксарай» су реттегішіндегі су көлемі 4 млрд 821 млн текше метр болып, былтырғыдан 700 млн текше метрге азайып кетті.

Жағдайды жіті бақылап отырған облыс әкімдігі тиісті министрліктерге вегетациялық кезеңді тұрақты өткізу үшін Сырдария өзенінің жоғары ағысында орналасқан мемлекеттермен келіссөз жүргізіп, «Шардара» су қоймасына келетін  су көлемін ұлғайтуға ықпал жасау жөнінде ұсыныс берді.

Биыл облыста егілген 189,6 мың гектарға егілген ауыл шаруашылығы дақылдарының 80,9 мың гектары – күріш алқабы. Су тапшылығына байланысты өңірдегі басты дақылдың көлемі былтырғыдан 4,7 мың гектарға қысқарды. Егін алқаптарын суаруға 3,9 млрд текше метр су лимиті белгіленген болса, бүгінге дейін соның 2,8 млрд текше метрі ғана жетті. Барлық каналдардан су алу кестесі бекітіліп, шаруашылықтар егінін кезекпен суаруға көшкен. Биылғы тапшылық қашыртқы суды да қадірлеуге үйретіп кетті. Суды қайта пайдалану үшін 324 сорғы жұмыс істеп тұр. Үкімет резервінен Қызылорда облысының қажеттіліктері үшін 53 жылжымалы дизельді сорғы стансасын сатып алуға 1 млрд теңге бөлінген.

Осы күні Үкімет ауыл шаруашылығы өндірушілерін тұрақты сумен қамтып, оны пайдаланудың заманауи технологияларына кезең-кезеңімен көшіруді басты назарда ұстап отыр. Осы бағытта былтыр Су және ирригация министрлігі Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірлесіп инвестициялық субсидиялау және суармалы су ережелеріне өзгерістер енгізді. Алда суды пайдалануға арналған келісімшарттарда тамшылатып және жаңбырлатып суару тәсілін енгізген шаруашылықтарға басымдық беріледі. Агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасында суды көп қажет ететін дақылдар алқабын қысқарту жоспарына сәйкес күріш пен мақта алқабы азайтылады. Ал шаруа­шылық өкілдері қашыртқы суды пайдалану үшін іске қосылған сорғыларға қажетті дизель қалтаны қағып бара жатқанын айтады. Осының бәрі ертеңгі күріш бағасына әсер ететіні айдан анық.

 

Іргелес өңір де күріш еге бастады

Еліміздегі күріштің 90 пайызы Сыр өңірінде егіледі. Бұл дақыл Алматы, Же­тісу облыстарында да ішінара кездеседі. Кейінгі жылдары іргелес өңір де күріш егетін өңірлер қатарына қо­сылды. Сырбойы­лық диқандардың ойын­ша биылғы тапшылықтың бір себебі осы.

«Биыл көктемде өңірдегі шаруашылық басшылары осы мәселені Су ресурстары және ирригация министрлігі алдын­да көтергенде Түркістанда 3 мың гектар­ға жуық алқапқа күріш егілетіні айтыл­ған еді. Бірақ жақында ғана көрші облыс диқандарының күріштік көлемін 13 258 гектарға жеткізгені анықталды. Бізді таңғалдыратыны – бір ауданның күріш егістігімен пара-пар осыншалық алқап­тың бұрын қалай байқалмағандығы. Қыс бойы министрлік судан тапшылық бол­май­тынын айтып келгенмен, нақты жағ­дай оған кереғар болып тұр. Біздің облыс­та да майда шаруашылықтар ауыс­палы егіс тәртібін сақтай бермейді. Тіпті ешқандай келісімшартсыз орта жолдан килігіп, біздің үлесімізге қол салатындар да бар. Осындайлардың зардабы бізге ти­еді», дейді Қармақшы ауданындағы «Жаңа­жол» ЖШС директоры Орынбасар Төлепов.

Осы күні әртараптандыру туралы әңгіме көп. Күрішті азайтып, ылғалды аз қажет ететін дақылдарды егу туралы ұсы­ныс көкейге қонғанмен, ол қазір атқа­ры­ла қоятын шаруа емес. Облыстың егін шаруашылығы саласындағы құры­лым­дардың жерінен бастап техникасына дейін күрішке лайықталған. Басқа өнімге бейімделем дегенше техника­сын не­сиеге алған шаруашылықтардың қар­жы ұйымдары алдындағы қарызы еселе­ніп кететінін де ойлаған жөн. Сол себеп­ті, әр­тараптандыруды тым әріден бастау керек.

 

Ортақ үлеске қол сұғылмаса

Жақында Су ресурстары және ирригация министрлігі «Қазсушар» меке­ме­сінің Қызылорда және Түркістан облыстарындағы филиалдарына қатысты қатаң шара қабылдады. Оған себеп – Түркістан облысында күріштің жос­парда көрсетілген мөлшерден 5 есе артық егілгені. Қызылордада 126 шаруа қожа­лығының 5 мың гектарға жуық күріш алқабын суаруға кеткен 50 млн текше метрден астам суды заңсыз пайдаланғаны белгілі болды. Осыған байланысты филиал басшылары жауапқа тартылды. Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаевтың айтуынша, көрші мем­лекеттер тарапынан Шардараға су жібе­ру басталды. Ол шамалы күнде сусап отыр­ған Сыр өңіріне жетуі керек. Соған дейін амалдай тұрудан басқа жол жоқ.

Бұл мәселе тамыздың ортасында өткен Орталық Азия елдерінің Мемле­кетаралық үйлестіру су шаруашылығы комиссиясының 90-отырысында қаралды. Жиында Қ.Бозымбаев Қыр­ғыз­стан, Тәжікстан, Түрікменстан, Өзбек­станның салалық және сыртқы саясатқа жауапты сала­ларының өкілдерін климаттық сын-қатер жағдайында суды әділ бөлуге шақырды.

 

Ғылымға да зер салсақ

Инженер-гидротехник Әлібек Сабырбаев Шардара су қоймасы арқылы Өзбекстан жеріндегі Айдаркөлге кетіп жатқан мол су Кіші Аралдың үлесі екенін айтады. Су тапшылығына байланысты зерттеу жасаған ғалымдар дәл осындай жағдайда облыста ары кеткенде 60–65 мың гектар егілуі керек деген байлам жасаған.

«Ал бізде биыл бұрынғы көлемді шектегеннің өзінде 80 мың гектардан асып тұр. Ендеше, алқапты неге азайтпаймыз? Аралдың аңқасы кепкен тұста елдің сыртқа ауа көшкенін қалайша тез ұмыта қалдық? Күрішті экспортқа шығарамыз деп Кіші Аралды кептіріп алсақ, онымызды келер ұрпақ кешірмейді», дейді ардагер.

«Жақында Түркістан облысы Отырар ауданындағы 50 мың гектар тың аймаққа мақта егілетіні жөнінде ресми ақпарат тарады. «Оны тамшылатып суару жүйесімен егеміз, тіпті үнемделген су есебінен жасаймыз» дегенді де естіп жатырмыз. Кезінде Көксарайды саларда да осындай жақауратқан жауаптың талайын естігенбіз. «Көксарайдан кейін Қызылорда жазда да судан тапшылық көрмейді» деген уәдеге де имандай сенгенбіз. Қайда сол ұшан-теңіз су? Табиғаттың тепе-теңдігі бұзылғасын Көксарайды буған шыбын-шіркейді улап әбігерге түсіп жатқан жоқпыз ба? Қазірдің өзінде сусап отырған Түркістан шаруалары тыңнан ашылған 50 мың гектарды Аралдың үлесінен алатыны анық қой. Сырт елдермен мемлекеттік деңгейде мәміле жасала жатар, бірақ қазіргі қарекетіміз өзі отырған бұтаққа балта салған адамның тірлігіне ұқсайды», дейді қоғам белсендісі Болат Нұрғожаев.

Кезекпен суарып, қашыртқы суды қайта тартып амалдағанмен, қазіргі ахуал жақ­сармай тұр. Сағадағы мемлекеттердің жыл сайын егістік ауқымын ұлғайтып жат­­қанын Google картадан-ақ көруге болады.

Шаруалардың айтуынша, қазірдің өзінде өңірде 1700 гектар күріш қуаңшы­лыққа ұшыраған. Алда уәде етілген су жетсе, осы шығынға шүкіршілік айтып, нау­қанды өткеруге мүмкіндік бар. Мамандар берген мәліметтен келер жылы да дария арнасы тола қоймасы аңғарылады. Бұл биыл әбден тапшылық тартқан Сыр диқандарын алда тағы бір сын күтіп тұр деген сөз.

 

Қызылорда