Қазіргі заманда жасанды интеллект (ЖИ) тек техникалық салада ғана емес, саясатта да белсенді қолданылып келеді. Цифрлық дәуірде мемлекет пен қоғам арасындағы байланыс жаңа сипатқа ие болып, саяси коммуникация жүйесі түбегейлі өзгеріп жатыр. Дәл осы өзгерістерді кешенді зерттеген отандық ғалым, медиа және коммуникация маманы Айтолқын Әшімова докторлық диссертациясын сәтті қорғады.
Ғалымның еңбегі «Саяси коммуникация құралы ретіндегі жасанды интеллект: қолданылуы және ғаламдық болжау» деп аталады. Бұл жұмыс – елімізде ЖИ мен саяси коммуникацияның өзара байланысын жан-жақты талдаған алғашқы зерттеу. Ғалым ЖИ-дің қоғамдық пікір қалыптастырудағы рөлін, саяси үдерістегі ықпалын және болашақтағы даму бағыттарын айқындап, арнайы болжау моделін ұсынды.
Зерттеу барысында автор халықаралық мысалдармен қатар, еліміздегі жағдайды терең талдаған. ЖИ-дің саясаттағы қолданысына қатысты заңнамалық база, технологиялық мүмкіндіктер мен шынайы тәжірибе сараланған. Бұл бағытта ғалым сарапшылармен сұхбат жүргізіп, әлеуметтік желілер мен цифрлық платформаларды зерттеп, SWOT және PEST талдаулар жасады.
Диссертацияның қорытындылары саясаттанушыларға, медиа сарапшыларына, мемлекеттік қызметкерлерге және ІТ мамандарына пайдалы болмақ. Жұмыс нәтижелері цифрландыру саясатын жетілдіруге, ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге және жаңа оқу курстарын әзірлеуге негіз бола алады.
Мәдениет және ақпарат министрлігінің өкілдері мен ғылыми жетекшілер бұл еңбекті жоғары бағалап, автордың өзекті тақырыпты таңдауын атап өтті. Рецензияда ЖИ-дің қоғам мен саясатқа ықпалы терең ашылғаны, болашақ тәуекелдер мен мүмкіндіктер нақты көрсетілгені айтылған.
Айтолқын Әшімованың еңбегі еліміздің ғылыми қауымдастығын халықаралық деңгейдегі цифрлық саясат зерттеулеріне үлес қосып, отандық мектептің дамуына жол ашады. Бұл зерттеу саясат пен технология түйіскен жаңа ғылыми бағыттың іргетасы болмақ.