Қызылордаға Жамбыл облысындағы Меркі ауданының өкілдері келіп, өңірде атқарылып жатқан жұмыс барысымен танысты. Жамбылдықтармен жүздесуде облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев өңіраралық байланыстарды арттыруға әрдайым дайын екенін айтып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық көрсеткішіне тоқталды.
«Бір ай бұрын облысымызға Жамбыл облысы әкімінің орынбасарлары бастаған делегация келген болатын. Сол сапарда екіжақты байланыстың негізгі мәселелері талқыланған еді. Бүгін соның жалғасы ретінде Меркі ауданынан келген әріптестерімізбен кездесіп отырмыз. Екі өңір ауыл, мал шаруашылығы, кәсіпкерлік пен туризм салаларында әріптестік орната алады. Егіншілік, ет өнімдерін өндіру бағытында да бірлесіп жұмыс жасауға мүмкіндік мол. Қызылорда облысының бюджеті 2022 жылы 364 млрд теңге болса, қазір 823 млрд теңгеден асты. Бұл қаражат аймақтағы өзекті мәселелерді шешіп, тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға, ірі инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға бағытталып отыр. Биыл 96 жобаның құрылысына бюджеттен 166 млрд 800 млн теңге бөлініп, 2022 жылмен салыстырғанда 8 есе артты. Осының арқасында құрылыс жұмысы бойынша біздің өңір республикада үздіктер қатарында келеді», деді облыс әкімі. Сыр бойына сапармен келген делегация жетекшісі, Меркі ауданының әкімі Ербол Жиенқұлов өздеріне көрсетілген құрметке ризашылық білдіріп, бірлесіп жұмыс атқаруға дайын екенін жеткізді.
Сапар аясында меркіліктерге қала әкімі Нұржан Ахатов облыс орталығындағы бірқатар әлеуметтік, мәдени және спорттық нысандарды таныстырды. Биыл ғана бой көтерген «Сыр жұлдыздары» инновациялық-шығармашылық академиясы қонақтардың көңілінен шықты. Қаладағы кең көшенің бойынан орын тепкен академия тәулігіне 3 мың оқушыға дейін қабылдай алады. Мұнда бассейн, топтық жаттығу бөлмесі, көркем гимнастика және фитнес залы орналасқан. Сондай-ақ үстел ойындарына арналған кабинет, жекпе-жек, үстел теннисі залдары бар.
Көркемдік-эстетикалық бағытта кескіндеме, сурет салу, резин арт бөлмесі, балалар шығармашылығы шеберханасы, сәндік-қолданбалы өнер, FabLab, дыбыс жазу студиясы, роботтехника және жасанды интеллект, биотехнология, 3D модельдеу, КИП және автоматтандыру, киберспорт және математика кабинеттері жұмыс істейтін орталықты баланың жан-жақты дамуына жасалып жатқан қолдаудың айқын көрінісі деуге болады.
Жамбылдық қонақтарға Президент саябағындағы жаңғырту жұмыстары, «Отбасы орталығы», Достық үйі ғимараты, «Қызылорда Арена» спорт кешенінің құрылысы мен «Өнер орталығы» таныстырылды. Меймандар Сырдағы тарихи шаһардың қазіргі заман келбетімен үйлескен бейнесі мен инфрақұрылымдық жетістіктерді жоғары бағалады. Қайта жаңғыртудан өткен орталық алаңдағы жаңа сәулеттік шешімдер, жарықтандыру жүйесі және кеңейтілген демалыс аймақтары қонақтар көңілінен шықты.
Тәуелсіздікке 25 жыл даңғылын кеңейту жұмыстарына жақсы баға берген делегация мүшелеріне 11 мың орындық жаңа стадион құрылысындағы инфрақұрылымның ауқымдылығы мен сәулеттік үйлесімі ұнады. Меркіліктер «Қан орталығы» мен физика-математика бағытындағы лицей-интернатын өңірдің білім беру және денсаулық сақтау салаларын дамытудағы жаңа бетбұрыс ретінде бағалады. Облыстық тарихи-өлкетану музейіндегі өңірдің бай тарихы мен мәдени мұраларынан Сырдың бұрынғысы мен бүгінгісі туралы дерек алды.
Сырдария ауданына қарасты Бесарық ауылында жалғасқан сапарда аудан әкімі Берік Сәрменбаев делегация мүшелерін ауылдың әлеуметтік-экономикалық және мәдени нысандарымен таныстырып, жүзеге асқан жобалар туралы баяндады. Жамбылдықтар осы сапарда Нағи Ілиясов ауылында да қонақ болды.
Аудандағы Бесарық пен еліміздегі ең үздің туристік ауылдар қатарындағы Нағи Ілиясов ауылы – шағын өндірістік алаңдары бар елді мекендер. Алғашқысында «Абай-Дәулет» серіктестігінің бастамасымен фри зауыты, «Ауыл аманаты» жобасымен наубайхана, кондитерлік және жартылай дайын өнім цехтары, жұмыс қолғабы, шұлық, пластик ыдыстар, сабын, ағаш бұйымдары өндірістері өз жұмысын бастаған.
Ал 90-жылдары тозып, көп ауылмен бірге күйреудің аз-ақ алдында қалған Нағи Ілиясов елді мекенінің қайта еңсе тіктеуіне «Абзал и К» серіктестігі сеп болды. Қазақстанның Еңбек ері Абзал Ерәлиев басқаратын компания күріш шаруашылығын дамытып, тұрғындарды жұмыспен қамтып отыр. Меценат ауылдағы мәдени-әлеуметтік ғимараттарды жаңғыртып, кейбірін жаңадан салды.
Озық ауылдардың даму үлгісімен танысқан қонақтар тұрғындардың табысты бастамаларына ризашылық білдірді.
Қызылорда