• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Жұмыс Бүгін, 08:45

Жәрмеңкеде 248 жұмыс орны ұсынылды

40 рет
көрсетілді

«Ақтөбе қаласының мансап орталығы» филиалы, «Amanat» партиясы жанындағы «Жастар рухы» жастар қанаты және қалалық жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен Жастар күніне орай бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті. Оған қатысқан өңірдегі 37 мекеме мен кәсіпорын өкілі 248 жұмыс орнын ұсынды.

Өңірге экономист, заңгер, есеп­ші, психолог, көлік жүргізушісі, дефек­толог, қазақ, орыс, ағылшын тілде­рінің мұғалімдері, аспаз, нау­байшы, жүн сұрыптаушы, сауда менед­жері қажет. Жастарға ар­нал­ған жәрмеңке өткізілетіні туралы әлеуметтік желі мен мемле­кеттік мекемелер сайтына бірнеше күн бұрын хабарландыру берілді.

Тұңғыш Президент атындағы саябақта өткен іс-шараға жастардан өзге өзін-өзі жұмыспен қам­тып жүрген азаматтар, мүмкіндігі шектеулі жандар, борышкер­лер, пробация есебінде тұрған­дар да келді. Жұмыс беруші­лер қатарында «Қазхром» ТҰК» АҚ, «Ақтөбе мыс компаниясы», «Ақ­­төбе хром қосындылары зауыты», «Қазақстандық мұнай жаб­дықтарын шығаратын зауыт», «№3 әлеуметтік қызмет көрсету орталығы» КММ, «KazFelTec» ЖШС, «Атамекен» студенттік құрылыс отрядтары бір­лес­тігі, «Жасыл ел» жасағы, қаладағы №83, №59 орта мектеп өкілдері болды.

«Биыл Ақтөбе қаласында бос жұмыс орындары жәрмеңкесі осымен жетінші рет өткізілді. Соның нәтижесінде 427 тұрғын жұмысқа орналасса, оның 108-і – жастар. Іс-шараға жұмыс беруші мекемелер өкілдері мен жұмыссыз азаматтар көптеп қатысты. Мұндай екіжақты жүздесулер өте тиімді. Өйткені өндіріс орындары өкілдері нарық­тағы сұранысқа ие мамандықтар, кәсіби біліктілікті көтеру, қайта даяр­лықтан өту, әлеуметтік көмек түрлері туралы келушілерге жан-жақты ақпарат береді. Осы жолы жастар тәжірибесі, алғашқы жұ­мыс орны, аға ұрпақ тәжірибесі сияқ­ты шеберлік сабақтары да ұсынылып, Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаменті өкілдері мемлекеттік қызметші болуға ынталанған жастарға ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізді», дейді Ақтөбе қаласы Ман­сап орталығы филиалының директоры Айна Мырзатаева».

Айта кету керек, Жұмысшы мамандықтар жылы аясында Ақтөбе қаласында тұрақты жұ­мысқа 1473 жас орналас­ты. Соның ішінде, әлеуметтік жұ­мыс орындарына 37, жастар тәжі­рибесіне – 122, қоғамдық жұмысқа – 116, алғашқы жұмыс орнына – 16, тәлімгерлік бағытымен аға буынның жас маманды үйрету жобасына 4 адам қатысты. «Бастау-бизнес» жобасымен кәсіпкерлік негіздерін 420 адам оқыса, электронды еңбек биржасы арқылы онлайн оқуға 338 жас азамат тартылды. 46 жұмыссыз жас мемлекеттік қайтарымсыз грантқа қол жеткізіп, кәсіп бас­тады». 

Қазірде Ақтөбе қаласы бо­йынша электронды еңбек биржасы порталында 2041 бос жұ­мыс орны жарияланған.

 

Ақтөбе облысы