• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Парламент Бүгін, 16:05

Мәжіліс депутаты балаларға арналған оңалту орталығының құрылысын тексерді

10 рет
көрсетілді

Түркістан облысының Сауран ауданына қарасты Ораңғай ауылында психоневрологиялық аурулары бар балаларға арналған 50 орындық оңалту орталығының құрылысы аяқталуға жақын. Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Ерлан Әбдиев Партияның сайлауалды бағдарламасы аясында бой көтеріп жатқан нысанның құрылыс жұмысымен танысты. Бұл туралы Мәжілістің баспасөз қызметі хабарлады, деп жазады Egemen.kz.

Жалпы аумағы 9 мың шаршы метрді құрайтын және құны 3,2 млрд теңге болатын жаңа орталықта тұрғын бөлмелер, жеке және топтық оңалту сабақтарына арналған кабинеттер, емдік дене шынықтыру залы, психолог, психиатр, невролог, логопед кабинеттері, физиотерапия блогы және асхана қарастырылған. Сонымен қатар мұнда 3 пен 18 жас аралығындағы тірек-қимыл аппараты бұзылған 50 балаға қызмет көрсетіліп, жартылай стационарда күндізгі бөлімге осы аумаққа жақын аудандардан 30 бала қабылданатын болады.

Ерлан Әбдиев ғимарат ішін аралап көріп, әлеуметтік-тұрмыстық ортаға бейімдеу, сурет салу, сенсорлық жабдықтар, компьютерлік сынып, кітапхана, емдік-дене шынықтыру, аквабөлме, Монтессори бөлмелері мен акт және спорт залдары, асхананың жабдықталу жағдайымен танысты. Мұнда иппотерапия әдісімен емдеуде Оңтүстік Кореядан механикалық ат жабдығы алынған. Электронды жабдық әр екі минут сайын түрлі жаттығу формаларына енеді. Жалпы иппотерапияның 10 түрлі әдісі қолданылады.

Оңалту орталығы Қазақстан Республикасы Конституциясының 30 жылдығы мерекесі қарсаңында ашылады.

«Біз «кедергісіз орта» туралы айтқанда, бұл абстрактілі ұғым емес, адамдардың өмірін дәл қазір өзгертетін нақты шешімдер екенін түсінуіміз қажет. Ораңғайдағы оңалту орталықтары – «AMANAT» партиясының сайлауалды уәделерінің іс жүзінде орындалып жатқанының айқын дәлелі. Ерекше күтімді қажет ететін балалардың ата-аналары үшін бұл – перзентінің кәсіби көмек алып, толыққанды өмірге қадам басуына деген сенім. Ересектер үшін – қоғамнан шет қалмай, белсенді өмір сүруіне мүмкіндік беретін қолдау. Алдағы уақытта да мүмкіндігі шектеулі азаматтардың құқықтарын қорғауды жалғастырып, қабылданатын әрбір заң мен бағдарламада олардың мүддесі мен қажеттілігінің ескерілуін қамтамасыз етеміз», деді Ерлан Әбдиев.

Бұл бағыттағы жұмыс жүйелі түрде жүргізіліп жатыр. Бүгінде «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыру бойынша елімізде ерекше білім беруді қажет ететін 16,9 мың баланы қамтитын 1,8 мың инклюзия кабинеті, сондай-ақ 5,5 мың баланы қамтитын 688 бейімделген спорт секциясы жұмыс істейді. Партия сондай-ақ жұмыс орындарына квоталардың орындалуын және инфрақұрылымның қолжетімділігін арттыруды талап етеді.

Айта кетейік, өткен жылы Мәжілісте мүмкіндігі шектеулі адамдардың құқықтары мен мүдделерін қорғау бағытында елеулі жұмыс атқарылған. Жиырмаға жуық депутатты біріктіретін «Инклюзивті Парламент» тобы барлық заң жобасын осы санаттағы азаматтардың құқықтары мен мүдделерін ескере отырып қарастырады. Депутаттардың бастамасымен тұрғын үй заңнамасына I және II топтағы мүгедектігі бар азаматтарға, сондай-ақ мүгедек балалары бар отбасыларға баспананы бірінші кезекте алу құқығын бекітетін нормалар енгізілді. Халық қалаулыларының қолдауымен жоғары оқу орындарына мүмкіндігі шектеулі азаматтарды қабылдау квотасы 1 пайыздан 2 пайызға дейін ұлғайтылған.