Ақынның әдеби мұрасын толық зерттеу үшін оның шығармашылық зертханасымен таныс болған жөн. Яғни «қаламгер жазу үстеліне қандай көңіл күймен отырды?», «туындыны қаншалық уақытта жазып шықты?» деген сұрақтар мәтіннің мәніне терең бойлауға көмектеседі.
Ал хакім Абайдың шығармашылық зертханасы туралы баласы Турағұл былай деп жазады: «Таңертеңнен кешке дейін көбіне орыстың кітабын оқиды да, ара-тұра жастықты бауырына басып, алдында ақ қағазы, қолында қарындашы, күңіреніп отырып өлең жазып тастайды. Өңі қашыңқырап, азырақ ентіккен кісідей танауы кебіңкіреп, көзі жасаураңқырап, естір-естіместей күңірегеннің ішінде күбірлеңкіреп, көп жазып кеп кеткенде, көп тоқтала ойлана бермейді де, қайта сызып түзетпейді де, өлеңнің тығыны суырылып кеткенге ұқсайды», дейді хакімнің ұлы.