• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Қоғам Кеше

Президенттік жастар кадрлық резервінің келесі кезеңіне өткен үміткерлер белгілі болды

40 рет
көрсетілді

Президенттік жастар кадр резервінің ресми сайтында тестілеудің келесі блогы – «Сандық ақпаратпен жұмыс істеу қабілетін бағалауға» жіберілген үміткерлер тізімі жарияланды, деп жазады Egemen.kz.

Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің мәліметінше, 2-3 тамызда өткен «Мәтіндік ақпаратпен жұмыс істеу қабілетін бағалау» тестілеуіне 4 876 үміткер қатысты. Келесі кезеңге өткен жастардың толық тізімімен pkrezerv.gov.kz ресми сайтынан танысуға болады.

Іріктеу тәртібіне сәйкес, келесі тестілеу – «Сандық ақпаратпен жұмыс істеу қабілетін бағалауға» қатысушылардың жалпы санының 50 пайызы жіберіледі. Бірнеше үміткердің нәтижесі бірдей болған жағдайда келесі тестілеу блогына көбірек қатысушылар саны жіберілуі мүмкін. Осылайша, тестілеудің екінші блогы «Сандық ақпаратпен жұмыс істеу қабілетін бағалауға» ең жақсы нәтиже көрсеткен 2 677 үміткер жіберілді.

Салалық бағыттар бойынша өту балы:

- «Агроөнеркәсіптік кешен және қоршаған ортаны қорғау» – 14 балл;

- «Сыртқы саясат және инвестициялар» – 17 балл;

- «Инфрақұрылымды, өнеркәсіпті дамыту және сауда саясаты» – 16 балл;

- «Әлеуметтік саясат және азаматтық қоғам» – 14 балл;

- «Цифрландыру» – 15 балл;

- «Экономикалық және қаржылық саясат» – 15 балл.

Тестілеудің екінші блогы осы жылдың 9 тамызында өтеді. Бұл кезеңде үміткер кестелер, графикалар және диаграммалар түріндегі сандық ақпаратпен жұмыс істеу қабілетін анықтауға бағытталған 25 тест тапсырмасынан тұратын тест тапсырады.

«Сандық ақпаратпен жұмыс істеу қабілетін бағалау» тестілеуіне жіберілген үміткерлер 8 тамыз сағат 23:59-ға дейінгі мерзімде (Астана уақыты бойынша) өзінің жеке кабинетінде тест тапсыру уақытын таңдауы қажет.

– Тестілеу рәсімінің ашықтығы мен адалдығын қамтамасыз ету мақсатында прокторинг жүйесі қолданылатынын еске саламыз. Белгіленген талаптарды сақтамау, оның ішінде бөгде адамдардың көмегін пайдалану, қашықтан қол жеткізуге арналған бағдарламаларды (AnyDesk, TeamViewer, DWService және т.б.) қолдану, камераны және/немесе микрофонды өшіру, смартфондарды, құлаққаптарды және өзге де электрондық ақпарат тасымалдаушы құрылғыларды пайдалану, сондай-ақ тест тапсырмаларын кез келген тәсілмен көшіру, тестілеу нәтижелерін жою үшін негіз саналады. Үміткерлер жеке кабинетте орналастырылған «Сандық ақпаратпен жұмыс істеу қабілетін бағалау» тестілеуіне арналған нұсқаулықтың талаптарымен толығырақ таныса алады, - деп атап өтеді агенттіктен.