• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Құрылыс Бүгін, 11:43

Құрылыс саласының бүгінгі келбеті мен еңбек адамының үні

30 рет
көрсетілді

Соңғы жылдары елімізде тұрғын үй құрылысы мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының біріне айналды. Миллиондаған шаршы метр баспана салынып, мыңдаған отбасы қоныс тойын тойлап жатыр. Бірақ сол үйлердің іргесін қалаған қарапайым еңбек адамдары – құрылысшылардың еңбегі жиі көлеңкеде қалып жатады. Біз бұл жолы Egemen.kz тілшісі құрылыс саласында 16 жылдан бері еңбек етіп келе жатқан құрылысшы Бейсенбаев Дулат Төкенұлымен сөйлесіп, саланың ішкі сыры мен жұмысшының жан дүниесіне үңілдік.

Статистикаға сүйенсек, 2025 жылдың алғашқы жартыжылдығының өзінде Қазақстанда 7,9 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Оның ішінде 2,7 млн шаршы метр – жеке тұрғын үйлер болса, 5,2 млн шаршы метр – көп пәтерлі тұрғын үйлерге тиесілі. Бұл – құрылысшылардың тынымсыз еңбегінің нақты нәтижесі.

Соңғы алты жылда (2019–2024 жж.) пайдалануға берілген тұрғын үй көлемі 97,9 млн шаршы метрді құрады. Бұл көрсеткіштің 40%-ы жеке құрылыс, ал қалғаны көп қабатты тұрғын үйлер. Мемлекеттік бағдарламалардың да үлесі аз емес. Тек 2025 жылдың бірінші жартыжылдығында ғана 7 156 қазақстандық отбасы баспаналы болып, қоныс тойын атап өтті. Олардың қатарында көпбалалы отбасылар, мүгедек жандар, жетім балалар бар.

Біздің бүгінгі кейіпкеріміз Дулат Төленұлы құрылыс саласына студент кезінде келген.

«Құрылыс саласында 2009 жылдан бастап жұмыс істеймін. Студент болып жүрген кезде, жазғы демалыста қосымша ақша табайын деп құрылысқа келгенмін. Сол сәттен бастап құрылыста жүргеніме 16 жыл болыпты», деп бастады әңгімесін Бейсенбаев Дулат Төкенұлы.

Арматура саласын игерген Дулат Жоғары оқу орнында мүлдем басқа мамандық бойынша білім алған. Алайда, қазіргі таңда құрылыс саласындағы еңбегінің жемісін көріп отыр. Ол еліміздеге ең ірі нысандардың құрылысына, соның ішінде - әлемдік деңгейде бой көтерген «Алматы арена» нысанының құрылысына толық қатысқан. Ал, бүгінгі күні Алматы қаласындағы Қалқаман метро станциясының құрылысында еңбек етіп жүр.

Құрылыс – біздің отбасылық кәсібіміз

Ең қызығы, бұл салада жалғыз Дулат емес оның ағасы Дәулет Бейсенбаев та жұмыс істейді, яғни, бұны отбасылық кәсіп десек те артық етпес.

«Мен  темір-бетон құрылымдарының арматураларын пішінге келтіру және оларды тиісті жеріне орнатамын. Қарамағымызда 12-15 құрылысшы бар. Құрылыс біз үшін отбасылық еңбек көзі. Менің ағам - Бейсембаев Дәулет Төленұлы да осы құрылыс саласында жүр. Құрылыс – тек қара жұмыс емес. Біз жобамен жұмыс істейміз. Құжат қарап, нақты өлшеммен, сызбамен жұмыс жасау – үлкен жауапкершілікті талап етеді», дейді ол.

Оның айтуынша, бұл сала білім мен төзімділікті қажет етеді. Ең басты назарла – үйлердің сапалы құрылыс.

«Заман талабына сай құрал-саймандар да дамып келеді. Қазіргі сәт - технологияның бір орында тұрмай, дамып жатқан заманы ғой. Ал арматура мен монолит бетон өзгеріссіз жүреді, себебі, сейсмикалық жағынан жер сілкінісне төтеп береді», дейді Дулат Төленұлы.

Құрылысшылар – ел дамуының негізі

Құрылысшы – күннің аптап ыстығына да, қыстың қақаған аязына да қарамай еңбек ететін, қоғам тіршілігінің нағыз тірегіне айналған маман. Олардың жұмысы — сырт көзге қарапайым көрінгенімен, шын мәнінде, әрбір қабырғада, әрбір іргетаста солардың маңдай тері мен табан ақысы жатыр.

Бүгінгі таңда ел ішіндегі жаңа үйлер, мектептер, ауруханалар мен жолдар – бәрі де құрылысшылардың тынымсыз еңбегінің жемісі. Олар таңмен таласа тұрып, кеш батқанша бетон араластырып, темір байлап, қалып құрып жүреді. Қоғам дамуының негізі саналатын инфрақұрылым солардың қолымен бой көтереді.

Құрылысшының еңбегі – бұл жай ғана жұмыс емес, ұрпаққа мирас болатын тұрақтылықтың, қауіпсіздіктің, және жайлы өмірдің негізі. Сондықтан бұл мамандық иелеріне деген құрмет әрқашан жоғары болуға тиіс.