• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Форум Бүгін, 08:35

Этномедиация: татулық пен үйлесім

40 рет
көрсетілді

Қазақстан халқы Ассамблеясы Ақтау қаласында «ҚХА-ға 30 жыл: бірлік пен келісім» атты республикалық этномедиаторлар форумында ұлттар татулығын сақтау, ел ішінде іріткі туғызбау, оның алдын алу тұрғысындағы атқарған жұмыстарын ортаға салып, алдағы жоспарларын талқылады.

Форум Қазақстан халқы Ассам­блея­­сының «Елдесу және татула­су» жобасы аясында 28 шілде мен 8 тамыз аралығында өтіп жатқан этно­медиацияға арналған ақпараттық-ағарту­шылық марафонның басты басқосуы саналады. Марафон бағдарламасына сай көшпелі тренингтер, дөңгелек үстелдер, подкасттар мен этномедиацияға арналған авторлық арнайы курстың таныстырылымдары өткізіледі.

Форумға Маңғыстау облысының әкімі Н.Қилыбай, Президент әкімшілігі ҚХА хатшылығының меңгерушісі М.Әзілханов, сондай-ақ республикалық, өңірлік этномедиация орталықтарының жетекшілері, еліміздің әр өңірінен келген делегаттар, этномедиаторлар, ақсақалдар мен аналар кеңесінің мүшелері, үкіметтік емес ұйым өкілдері мен мәслихат депутаттары, жер­гілікті мемлекеттік орган өкілдері қатысты.

Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІV сессиясында Президент Қ.Тоқаев: «Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат, Ішкі істер, Әділет министрліктері мүдделі мемлекеттік органдармен, Астана, Алматы, Шымкент қалаларының, облыстардың әкім­­дерімен бірлесіп, Қазақстан халқы Ассамблея­сының этномедиация саласын­дағы жұмысына жан-жақты қолдау көрсетсін, «Елдесу және татуласу» жобасының ауқымын кеңейтсін», деп тапсырма берген болатын. Сондай-ақ Мемлекет басшысы: «Этносара­лық түсініспеушіліктердің алдын алуда ма­ңызды рөл атқаратын ҚХА-ның этномедиация институтына тоқ­талғым келеді. Кейінгі уақытта Ассамблея қызметіндегі сарапшы­лық құрамның сапасы жаңа деңгейге көтеріл­ді», деп атап өтті.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерришпен кездесуінде Бас хатшы Қазақ­стандағы этносаралық татулық пен қоғамдық ауызбіршілікке жоғары баға берді. Біз бір-бірімізге қолдау көрсетіп, ортақ мақсатқа жұ­мылсақ қана өңіріміздің, еліміздің әлеуетін арттыра аламыз. Ауызбіршілік пен өзара түсіністік бар жерде ғана нәтиже де, даму да болады. Сондықтан ынтымағымызды бекемдеп, оны барынша дамытуымыз керек», деді Маңғыстау облысының әкімі Н.Қилыбай.

Президент әкімшілігі ҚХА хатшылы­ғы­ның меңгерушісі М.Әзілханов ұлтаралық тату­лықты сақтау, қазіргі қоғамдағы кезде­сетін кейбір мәселелер мен олардың алдын алу, атқарылған жұмыстар мен алдағы жос­парлар туралы кеңінен баяндады. Маң­ғыстау облыстық мәслихатының хатшысы, Қазақстан халқы Ассамблеясының өңірлік этномедиация кеңесінің төрағасы, форум модераторы Ж.Матаев мемлекет дамуындағы этномедиацияның маңызына, жергілікті деңгейде атқарылған бірқатар жұмыстарға тоқталды.

Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының вице-ректоры Ә.Масалимованың «ҚХА этномедиация ­инс­титутын дамытудағы мемлекеттік бас­қару академиясы» тақырыбындағы, Мәде­ниет және ақпарат министрлігі Азаматтық қоғам істері комитеті төрағасының орынбасары Ж.Әлжанованың «Медиацияны да­мытудың негізгі тәсілдері» тақырыбындағы, өзге де қатысушылардың маңызды баяндама­лары тыңдалып, өңірлердегі этномедиация институтының даму тәжірибесі, этнос­ара­лық қатынастарды реттеудегі тиімді әдіс­тер мен практикалық кейстер, этно­медиа­торлардың кәсіби даярлығы мен оқыту бағдар­лама­ла­рының рөлі сөз болды. Қатысушылар эт­но­с­­аралық жанжалдардың алдын алу ал­горитм­дері, қоғаммен сындарлы өзара іс-қимыл жасау жолдары, халықаралық тә­жі­ри­бе­лер, елімізде медиацияны дамытуға ар­нал­ған негізгі тәсілдер туралы пікір алмасты.

Еліміздің әр өңірінде форум өткізуді дәстүрге айналдырған ассамблеялықтардың бұл Маңғыстауда екінші рет басқосуы. Сол тұрғыда бұл бағытта Маңғыстау облысында атқарылған жұмыстар барысы таныстырылды. Тоқталар болсақ, өңірде этномедиация бағытында жүзеге асып жатқан жобаның бірі – «Ассамблея. Парламент. Мәслихат» жобасы.

– Жоба шеңберінде Маңғыстау облыстық мәслихаты Қазақстан халқы Ассамблеясымен тығыз байланыста жұмыс жүргізіп жатыр. Аталған жоба аясында облыс, аудан, қала депутаттарынан ҚХА-ның депутат­тық тобы құрылып, аталған топтың жұмыс жос­­парына сәйкес этномедиаторлар­мен бір­лескен қабылдау жүргізі­ліп келеді. Биыл Ақтау қаласының түркі әлемінің мәдени астанасы болуына орай, Маңғыс­тау облысының этномедиациясын дамыту, шетелдегі әріптестермен тәжірибе алма­су жұмыстары жоспарланды. Алматы қа­ла-­­ сында Ұлттық қауіпсіздік комитеті Ака­­­­­­де­миясы базасында аз уақыт аралығын­­да 6 эт­но­медиатор өз біліктіліктерін шың­да­­ды. Сондай-ақ этномедиаторлардың білікті­­лі­гін арттыру мақсатында 30 этномедиатор ­жал­пы және арнайы курстардан өтіп, «Пара­сат» медиация және құқық орталығының сер­тификатын алды, – деді Маңғыстау облыс­тық мәслихатының хатшысы, Қазақстан хал­қы Ассамблеясының өңірлік этномедиация кеңесінің төрағасы Ж.Матаев.

«Елдесу және татуласу» жобасы аясында жергілікті құқық қорғау органдарымен тығыз байланыста жұмыс жүргізу де дұрыс жолға қойылған. Форум барысында этномедиацияны бейбіт диалогтің тиімді құралы ретінде дамыту, медиаторларды даяр­лау, құқықтық ағарту, ведомствоара­лық ынтымақтастықты жетілдіру мәселе­лері қарастырылып, «Жалпы медиация курсы» бойынша сертификатталған оқыту нәтижелері мен «Этносаралық саладағы қақтығыстардың алдын алу және оларды реттеу жөніндегі медиация» (этномедиа­ция) тақырыбындағы арнайы курстың тұсау­кесері, өңірлік тәжірибелер мен сарап­шылардың баяндамалары қамтылатын панельдік сессия ұйымдастырылды.

Форумда этносаралық татулық пен қоғам­дық келісімді нығайтуға қосқан үлесі үшін бірқатар азамат Қазақстан халқы Ассамблеясының арнайы марапаттарына ие болды.

Ассамблеяның жұмысы, этномедиатор­лардың деңгейі жиналыстар мен марапат­тар көлемінен емес, ел арасындағы алауыз­дық­ты ауыздықтауынан, ұлттық ар-намысқа тіл тигізушілерді тәртіпке салуынан, керек десе заңға сай тиісті жазасын беруден көрі­неді. Сондықтан аталған ұйымның белсен­ділігі мен беделі әрдайым сын сатысында тұрады.

 

Маңғыстау облысы