5 тамыз күні Ақтаудағы жекеменшік "Тұмар" балабақшасында (24-шағынаудан) жаға ұстатарлық оқиға болды. Кіші топта тәрбие алып жүрген бүлдіршінді басқа бір қыз бала тұншықтырып, соққы жасап, түрлі зорлық көрсеткен, деп хабарлайды Egemen.kz.
Бақылау камерасынан алынған видеода бүлдіршіннің айқайлап, өзін қорғауға тырысқаны, оны ұрып, тістеп, мойнынан ұстап төсекке басып жатқаны анық көрінеді. Бұл жағдай шамамен 15 минутқа созылған. Осы уақытта бөлмеде бірде-бір тәрбиеші немесе күтуші болмаған, ешкім араласпаған.
Ата-аналар оқиға туралы кешке, қыздарын алып кетуге келген кезде ғана білген. Бүлдіршіннің беті ісіп кеткен, денесінде тістеген іздер, көгерген жерлер мен жарақаттар болған.
Балабақша қызметкерлері дәрігер шақырмаған және ата-анасына ешқандай ескерту жасамаған. Оқиғаның видеосын талап еткен кезде балабақша басшылығы "мәселені полициясыз шешуді" ұсынған.
- Видеода қызымды ұрып, тұншықтырып жатқаны анық көрінеді. Бөлмеде бірде-бір ересек адам жоқ. Егер ол көз жұмғанда ғана қимылдайтын ба едіңіздер? - дейді зардап шеккен баланың анасы.
Аталған факті бойынша Қылмыстық кодекстің 140-бабы — "Кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеу жөнiндегi мiндеттердi орындамау" бойынша қылмыстық іс қозғалды.
- Тергеу барысы Маңғыстау облыстық полиция департаменті басшылығының бақылауында. Қазір тергеу амалдары жүргізіліп жатыр, - деп хабарлады полиция өкілдері.